референдумды
бақылау

REPORT

Президент мұндай істе асығуға болмайтынын баса айтты. Сол себепті бастаманы талқылап, тиісті ұсыныстар әзірлеуге бір жыл уақыт беріліп, ал парламенттік реформаға қатысты референдумды 2027 жылы өткізу жоспарланды.

«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылған республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтті.
Дауысқа салынған Конституция жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Бұл — ел тарихындағы бесінші, ал Ата заңды өзгертуге арналған үшінші республикалық референдум.

Референдум өткізуге бірқатар саяси-құқықтық оқиға түрткі болды. Бәрі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте Парламенттің жалпы отырысында сөйлеген сөзінен басталды. Онда мемлекет басшысы Парламент құрылымын өзгертуді ұсынған еді. Бұл ұсыныс парламенттік билік тармағын реформалауды көздеді. Яғни қос палаталы жүйеден бас тартып, пропорционал негізде (партиялық тізіммен) сайланатын бір палаталы парламент құру көзделді.

Осы бастаманы іске асыру мақсатында 2025 жылғы 8 қазанда парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының отырыстары барысында бұл реформа Конституцияның 40 бабын қамтитыны, 10 конституциялық заң мен 50-ден астам кодекс пен заңға өзгеріс енгізуді талап ететіні белгілі болды. Осы жаңарулар аясында мемлекеттік басқару құрылымын өзгертуге қатысты ұсыныстар жасалды. Оның ішінде вице-президент лауазымын енгізу, «Халық кеңесі» атты жаңа орган құру, Мемлекеттік кеңесші қызметін, Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясын тарату мәселелері бар.

Нәтижесінде 2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды.

2026 жылғы 31 қаңтарда комиссия жаңа Конституцияның алғашқы жобасын жариялады. Алайда комиссия мүшелері оны толықтыруды одан әрі жалғастырды. 11 ақпанда президент Тоқаев Конституциялық комиссия басшылығымен кездесіп, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Ақыры 12 ақпанда Конституцияның жаңа жобасы көпшілікке ұсынылды. Референдумды ұйымдастыру және өткізу сайлау мен референдум туралы Конституциялық заңдарға сай жүзеге асты.
«Еркіндік Қанаты» ҚҚ — сайлау процестеріне мониторинг жүргізуге, азаматтардың сайлау құқығын қорғауға, сайлау мен референдум өткізу кезінде демократия стандарттарының сақталуына ықпал етуге бағытталған құқық қорғау ұйымы. Осыған орай Қор республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу барысына ұзақ мерзімді бақылау миссиясын ұйымдастырды.

Бақылау миссиясы аясында Қор қолданыстағы заңнамаға құқықтық талдау жасады, дәстүрлі және әлеуметтік медиада референдум мәселесінің қалай жарияланып жатқанына мониторинг жүргізді. Бұған қоса, дауыс беру күні Астана қаласында бақылаушылардың мобильді тобы жұмыс істеді. Олардың міндеті — дауыс беру барысында заң талаптары мен процедуралық стандарттардың сақталуын бағалап, ықтимал заңбұзушылықтарды анықтау. Қор әр мобильді топқа үш бақылаушыдан тартты.

«Сайлау туралы» заң талаптарын сақтау мақсатында Қор BES.media қоғамдық-саяси іскерлік басылымының журналистері мен «Азаматтық сараптама» қоғамдық қорының куәлігі бар бақылаушыларын қатыстырды.

Дауыс беру күні Астанада жалпы саны төрт мобильді топ жұмыс істеп, күні бойы 43 сайлау учаскесін аралап шықты. Бұл есепте референдум науқанының барысы, дауыс беру күніндегі бақылау жұмысы туралы ақпарат, тұжырымдар мен ұсынымдар қамтылған.

Құқықтық шолу

Референдум туралы заңнама

Республикалық референдум өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Конституциясы, арнайы «Сайлау туралы» және «Жалпыхалықтық референдум туралы» заңдары реттейді.

Референдум туралы заңға сәйкес, республикалық референдум дегеніміз — Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру.

Бұл заңнамада референдумның тек республикалық деңгейде болатыны және Қазақстанның бүкіл аумағында өткізілетіні ашық көрсетілген. Республикалық референдумды тиісті Жарлық шығару арқылы тағайындау құзыреті Президентке тиесілі.

Республикалық референдум өткізу туралы бастаманы мына тараптар көтере алады:

  • Қазақстан Республикасының Президенті;
  • Қазақстан Республикасының Президентіне референдум тағайындау туралы бастамамен жүгінетін Қазақстан Республикасының Парламенті;
  • Қазақстан Республикасының Президентіне референдум тағайындау туралы бастамамен жүгінетін Қазақстан Республикасының Үкіметі;
  • Қазақстан Республикасының Президентіне референдум тағайындау туралы бастамамен жүгінетін, республикалық референдумға қатысу құқығы бар, барлық облыс, астана және республикалық маңызы бар қалалардың атынан тең мөлшерде өкілдік ететін Қазақстан Республикасының кемінде екі жүз мың азаматы.
Референдумға президент Тоқаев бастамашы болып, 2026 жылғы 11 ақпанда тиісті Жарлық шығарды.

Референдум туралы заңға сәйкес, референдум оны өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан ерте емес және үш айдан кеш емес мерзiмде өткiзiледi. 2022 жылғы республикалық референдумдағыдай, Президент референдум өткізу туралы жарлық жарияланған сәттен дауыс беру күніне дейін шамамен бір ай (32 күн) уақыт белгіледі.

Осылайша, қазақстандықтардың алдында өте қысқа мерзім ішінде жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты негізді әрі жауапты шешім қабылдау міндеті тұрды.

Бұл ретте республикалық референдумның ең маңызды элементі — дауыс беру құқығы бар азаматтардың қатысу белсендігі. Референдум туралы заң бойынша, дауыс беруге референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан астамы келсе ғана ол өтті деп есептеледі.

Егер дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, референдумға шығарылған мәселе бойынша шешім қабылданды деп саналады.
Референдумда дауыс беру — мемлекет ісін басқаруға қатысудың ажырамас құқығы екенін айта кеткен жөн. Бұл құқық Конституцияның 33-бабында және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (АСҚТХП) 25-бабында бекітілген. АСҚТХП-ның 25-бабына қатысты Жалпы сипаттағы ескертулерде азаматтардың мемлекет ісіне, оның ішінде референдумға қатысуының негізгі қағидаттары айқындалған:

  • Сайлаушыларға өз пікірін дербес қалыптастыруға мүмкіндік берілуі қажет.
  • Азаматтар мемлекет ісін басқаруға жалпыхалықтық пікірталастар, өз өкілдерімен диалог орнату немесе ұйым құру құқығын іске асыру арқылы қатысады. Бұған адамның өз ойын еркін білдіру, бейбіт жиналыстар өткізу және бірлестіктер құру бостандығы септігін тигізеді.

Демек, мемлекет азаматтарға референдумның өтетін күні мен уақыты жайлы ғана емес, дауысқа салынатын мәселенің мән-жайы туралы да шынайы әрі толық ақпарат беруге тиіс. Халыққа негізгі ақпаратты берумен қатар, мемлекет жай ғана жағдай жасап қоймай, бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да ақпарат көздері (оның ішінде онлайн-платформалар) арқылы түсіндіру жұмыстарын өзі тікелей ұйымдастыруға міндетті.

Құқықтық және ұйымдастыру процесіне сыни талдау

Президент Тоқаев парламенттік реформаны талқылауға кемі бір жыл қажеттігін, ал Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша референдумды 2027 жылы өткізген жөн болатынын мәлімдеген еді. Алайда осы мәлімдемеден бастап 2026 жылғы 11 ақпанда референдум тағайындау туралы Жарлық шыққанға дейін жарты жылға жетер-жетпес уақыт қана өтті.

Реформаны асықпай, жан-жақты талқылау керек екені айтылғанымен, кейінгі шешімдердің тым жылдам қабылдануы заңгерлер мен құқық қорғаушылар қауымдастығының сынына негізгі себеп болды.

2026 жылғы 21 қаңтарда президент Тоқаев конституциялық реформа жөніндегі Конституциялық комиссия құру туралы жарлыққа қол қойса, арада он күн өтер-өтпестен, 31 қаңтарда жаңа Конституцияның алғашқы мәтіні жарияланды.
Яғни, комиссия құрылған сәттен бастап заң жобасын дайындауға тура он күн ғана кетті. Айта кетерлігі, 30 қаңтарда өткен комиссияның қорытынды (бесінші) отырысында оның мүшелері қолданыстағы Конституцияға жай ғана түзету енгізбей, Негізгі заңның мүлдем жаңа мәтінін жазып шығу керектігін айтты. Ал ертеңіне сол құжат көпшілікке ұсынылды.

Одан кейінгі шешімдердің қабылдану хронологиясына да назар аудару қажет. 2026 жылғы 11 ақпанда Президент референдумды 15 наурызда өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Алайда жаңа Конституцияның жаңартылған жобасы тек 12 ақпанда жарияланды. Осылайша, референдумға шығарылған жобаның жаңартылған мәтіні жарияланбастан бұрын дауыс беру күні белгіленіп қойған еді.

Бұл жағдай қоғамның, сарапшылар мен медиа өкілдерінің, саяси партиялар мен азаматтық сектордың жобаның соңғы нұсқасын танып-білу, оны ашық талқылау және дауыс бермес бұрын нақты ұстаным қалыптастыру мүмкіндігін айтарлықтай шектеді.
Құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль атап өткендей, бастапқыда жұртшылықты парламенттік реформаның қажеттігіне сендірмек болған. Алайда, кейін тым қысқа мерзімде жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі төтесінен қойылды.

Оның пікірінше, шешімдердің мұндай асығыс қабылдануы қоғамның салмақты пікір білдіруін былай қойғанда, болып жатқан жағдайды байыппен сараптап үлгеруіне де мұрша бермеді.

Құқық қорғаушы, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының негізін қалаушы Евгений Жовтис те осыншама көп өзгерістің алдын ала дайындалып қойғаны байқалатынын, тек көпшілік талқысына шығаратын қолайлы сәтті ғана күткенін айтты.
Жоба жарияланған күні, яғни 31 қаңтарда бір топ қазақстандық заңгер, құқық қорғаушы мен қоғам қайраткері президентке ашық хат жолдап, Негізгі заңды қабылдауға асықпауға шақырды.

Үндеу авторлары ұсынылып отырған өзгерістер ауқымы айқын қоғамдық мандатты, реформа мақсатын ашық көрсетуді, азаматтық қоғамның толыққанды қатысуын талап ететінін ескертті. Олар бұл шарттар орындалмаса, Конституция тұрақты қоғамдық келісімшарт емес, жедел саяси шешім қабылдау құралы ретінде қабылдануы қаупі бар екенін мәлімдеді. Әсіресе референдум өткізу бастамасының құқықтық негізі, Конституцияның 91-бабын қолдану, Конституциялық Соттың қорытындысын алу талабы, Конституция жобасын әзірлеу мен талқылау тәртібінің конституция қағидаттарына сай келуі күмән туғызады.
Бұл үндеу жауапсыз қалды.

Басты мәселе уақыттың тығыздығында ғана емес, реформаның бүкіл сипатының өзгеруінде жатыр: қоғамға парламент реформасы ретінде таныстырылған бастама аз уақытта жаңа Конституция қабылдау мәселесіне айналып шыға келді.

Оған қоса, референдум өтетін күн жобаның жаңартылған мәтіні ресми жарияланбастан бұрын белгіленіп қойды. Бұл азаматтардың, сарапшылар қауымының, БАҚ пен азаматтық қоғамның құжаттың соңғы нұсқасын зерттеп-білу, ашық талқылау, саналы ұстаным қалыптастыру мүмкіндігін айтарлықтай шектеді.

ҮГІТ-НАСИХАТ НАУҚАНЫ

«Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 7-бабы азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге референдумға шығарылған мәселе бойынша жиналыстарда, митингілерде, халық жиындарында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пікірін еркін білдіру құқығына кепілдік береді.

Референдум заңнамасының бір ерекшелігі — дауысқа салынған мәселеге қатысты пікір білдіруге молынан еркіндік берілуі. Бұл жария коммуникацияның барлық қатысушысын, оның ішінде дәстүрлі БАҚ, интернет-басылымдар, онлайн-платформалар мен әлеуметтік желідегі жеке қолданушыларды қамтиды. Басқаша айтқанда, сайлау заңнамасына қарағанда, референдум заңнамасы бұл тараптардан міндетті түрде бейтарап ұстанымда болуды талап етпейді. Олар референдумға шығарылған мәселені ашық қолдай алады немесе оған сыни көзқарас таныта алады.
Авторлық фото ЖИ арқылы өңделді
Дегенмен, әркімнің өз ойын еркін білдіру құқығына ресми түрде кепілдік берілгенімен, ақпарат кеңістігінде көбіне мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік орган өкілдері мен Конституциялық комиссия мүшелері таратқан ақпарат басым болды. Мұның өзі тек бір ұстанымды, яғни референдумға қатысып, жаңа Конституцияны қабылдауды ғана ілгерілетіп жатқандай әсер қалдырды. Бұл жағдай ақпарат ортасының бейтараптығына күмән келтіріп, шынайы демократиялық таңдау жасау үшін ашықтықты, пікір алуандығын және балама ақпарат көздерінің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет екенін айқындай түседі.
Есеп авторлары Қазақстан билігінің жаңа Конституцияны қабылдау қажеттігін насихаттаудағы ұстанымы өте айқын болғанын алға тартады. Осы мақсатта билік халықты референдумға қатысуға үндеп, жаңа Ата заңды қолдауға бағытталған қоғамдық пікір қалыптастыру үшін барынша ықпалды әрі пәрменді тәсілдерді іске қосқан.

Бұрынғы референдумдардағыдай, саясат, мәдениет және спорт саласындағы танымал тұлғаларды тарта отырып, халықты дауыс беруге және жаңа Конституцияны қолдауға үгіттеудің көптеген дерегі тіркелді. Үгіт материалдарын көшедегі билбордтарға, аялдама кешендеріне, қоғамдық көліктерге, сауда және қоғамдық тамақтану орындарына орналастыру фактілері көптеп кездесті.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына қарағанда, «Референдум туралы» заңда үгіт материалдарын тек арнайы белгіленген орындарда немесе тиісті нысан иесінің келісімімен ғана орналастыру туралы арнайы талап жоқ. Референдум туралы заңның 7-бабында үгіт материалдарын ілу тәртібін реттейтін сайлау заңнамасының талаптарына тікелей сілтеме берілмеген.
Фото: Акимат г. Астаны
Үгіт материалдарын (сайлау жарнамасын) ілуден бөлек, Астана қаласында халықты референдумға қатысуға және жаңа Конституция жобасын қабылдауға шақырған бірқатар жария іс-шара өтті:

  • Алғашқы ірі шаралардың бірі — 2026 жылғы 15 ақпанда өткен жастардың Live-концерті. Белгілі мәліметтерге сай, 10 мыңнан астам адамның басын қосқан бұл концерт «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының алғашқы ірі жария алаңдарының біріне айналды. Концерттік бағдарламаға Raim, Дастан Оразбеков және басқа да әртістер қатысты. Ойын-сауық бөлімімен қатар, іс-шара барысында коалиция өкілдері конституциялық реформаның негізгі бағыттарын түсіндіріп, референдумға қатысу идеясын ілгерілетті.
Фото: пресс-служба акимата г. Астаны
  • «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығындағы концерт (2026 жылғы 1 наурыз): қазақстандық эстрада жұлдыздарының (Маржан Арапбаева, Мирас Жүгінісов, «Бәйтерек» тобы және басқалар) өнерін тамашалауға 5 мыңға жуық көрермен жиналды. Бұл іс-шараның басты мақсаты — қала тұрғындарына ашық диалог форматында референдум туралы ақпарат беру.
Фото: пресс-служба акимата г. Астаны
  • Open Air концерті мен дрон-шоу (2026 жылғы 8 наурыз): Әлішер Кәрімов пен басқа да өнерпаздардың қатысуымен ашық аспан астында өткен концерт. Кеш соңы ауқымды шоуға ұласып, дрондар түнгі аспанда еліміздің картасын, «Референдум» сөзін және дауыс беру күні — «15 наурызды» бейнелеп көрсетті.
Фото: referendum2026.kz
  • «Бақыт деген» музыка флешмобы (2026 жылғы 8 наурыз): «MEGA Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығында өтті. Шағын өнер бірте-бірте Негізгі заң жобасын қолдауға арналған ауқымды хорға ұласты.
Фото: gov.kz
  • «NCITY» сауда орталығындағы мерекелік акция (2026 жылғы наурыздың басы): Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған тақырыптық іс-шара. Бұл жиында тұрғындарға референдум туралы ақпарат материалдары таратылды.
  • Мемлекеттік рәміздер алаңындағы патриоттық акция (2026 жылғы 4 наурыз): 1000-нан астам студент, жас кәсіпкер мен белсенді қатысқан флешмоб. Қатысушылар конституция реформаларының бағытын қолдайтынын білдірді.
Мұндай іс-шаралардың өтуі үгіт-насихат науқаны тек билборд, БАҚ-тағы мақала немесе ресми түсіндірме материалдары секілді саяси коммуникацияның дәстүрлі форматтарымен ғана шектелмегенін көрсетеді. Референдумды ілгерілету үшін қалың бұқараға арналған жаппай мәдени және жастар іс-шаралары да қатар жүрді.

Мұндай формат көптеген азаматты, әсіресе жастарды қамтуға мүмкіндік берді. Бірақ бұл жаңа Конституцияны қолдаушылар мен оған сыни немесе балама көзқарастағы топтар арасындағы теңсіздікті одан сайын ушықтыра түсті деп қорқамыз. Өйткені қарсы тараптың жария алаңдар мен ресурстарға дәл солай еркін қол жеткізу мүмкіндігі болмады.
Қор осындай жария іс-шаралардың бірі — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы алаңында өткен флешмобқа қатысты Астана қаласының әкімдігіне сауал жолдады. Хатта бұл акцияның бейбіт жиналыс ретінде қарастырылған-қарастырылмағанын және оны өткізуге қалай рұқсат берілгенін түсіндіру сұралды.

Астана қаласы әкімдігінің Ішкі саясат мәселелері жөніндегі басқармасының жауабында: «Бұл шара бейбіт жиналыс сипатына жатпайды, себебі ол азаматтарды ақпараттандыруға және қоғамдық-саяси процестерге тартуға бағытталған саяси ұйым қызметі аясында ұйымдастырылған іс-шара саналады», — деп көрсетілген.
"2025 жылы құқық қорғау ұйымдары бейбіт жиын өткізуге көбіне мүлдем қисынсыз себептер бойынша рұқсат бермеу деректерін тіркеді.

Мысалы, әкімдік құқық қорғаушы А.Р. Алхастовқа бейбіт жиын өткізуге рұқсат берген жоқ. Оған жиын өткізу туралы хабарламамен бірге жиынға қатысуы мүмкін (!) адамдардың тізімін ұсынбағаны себеп болған. Бұл жағдайда Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатына рұқсат бергенде, шараға қатысушылардың жеке деректерін алдын ала талап етуге келгенде онша қатаңдық танытпағанын көріп отырмыз. Оған қоса, басқарма азаматтарды ақпараттандырып, қоғамдық-саяси процестерге тартуға бағытталған акцияны мүлде бейбіт жиын деп санамайды.

Осылайша, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының «бейбіт жиын сипатына жатпайтын» іс-шараларды өткізуге рұқсат беруі — құқық қолдану тәжірибесін қалыптастырудағы екіұшты түсіндірменің тамаша мысалы".
Роман Реймер
Қор заңгері
Астана қаласының Ішкі саясат департаментінің ресми жауабы
Бұл ұстаным мемлекеттік органдардың көпшілік алдында өтетін акцияларды бағалауда бірыңғай тәсіл қолдануына қатысты күмән туғызады.

Тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық-саяси ұстаным білдіретін іс-шаралар көбіне бейбіт жиын қатарына жатқызылады. Сондықтан оны өткізу үшін бейбіт жиналыс туралы заңнамаға сай алдын ала хабарлау немесе құзырлы органмен келісу талап етіледі.

Алайда бұл жағдайда акцияны саяси ұйым қызметі аясында ұйымдастырылған іс-шара деп бағалаған. Бұл шешім аталған жиынды бейбіт жиналысқа қойылатын талаптардан іс жүзінде босатып отыр. Мұндай тәсіл бейбіт жиналыс заңнамасын қолдануда таңдамалы тәжірибе бар екенін көрсетеді.

Ресми күн тәртібін қолдайтын іс-шараларға барынша икемді құқықтық баға беріледі, ал қоғамдық-саяси сипаттағы өзге де жария акциялар қатаң әкімшілік талаптар мен шектеулерге ұшырауы мүмкін.
ulysmedia.kz сайтынан алынған скриншоттар
Үгіт-насихат науқаны барысында жобаны сынаған белсенділерге әкімшілік қысым көрсету, айыппұл салу және ұстау деректері көптеп тіркелді. Мұндай жағдайлар Қазақстанның түрлі қаласында болды.

Мәселен, әлеуметтік желіде түрлі дереккөзге сүйенсек, желі қолданушылары жаңа Конституция жобасына қарсы жазба жариялағаннан кейін полиция мен әкімдіктен телефон соғып, жазбаны өшіруді талап еткенін айтты. Кей жағдайларда құқық қорғау орган қызметкерлері үйлеріне іздеп барыпты. Дереккөздерді төменде көрсеттік.

Мысалы, астаналық блогер Қантемір Алмышев үйіне полиция қызметкерлері келгенін хабарлады. Оның айтуынша, тәртіп сақшылары Конституция жобасына қарсы үгіт-насихат жүргізуді тоқтатуды сұраған, бірақ ол бұл талаппен келіспеген. Сөйлескеннен кейін полицейлер кетіп қалған, алайда кейіннен блогер 15 тәулікке қамауға алынды.
Блогер Аян Елемес те полиция тарапынан қысым болғанын жеткізді. Жаңа Конституция туралы жазбасынан кейін оған құқық қорғау орган қызметкерлері хабарласып, жарияланымды өшіруді талап еткен. Кейін ол полицияда 15 наурызға дейін қолданушылардың әлеуметтік желідегі жазбаларын бақылайтын арнайы бөлімше жұмыс істеп жатқанын айтты.

Гүлжан Шұлақова да дәл осындай жағдайға тап болғанын айтады. Бірақ бұл жолы оған полициядан емес, әкімдіктен (нақты қай әкімдік екені көрсетілмеген) қоңырау шалған.

Алматыда қоғам қайраткері Оразалы Ержанов ұсталды. Ержанов «Elge Qaitaru» қоғамдық қорын басқарады. Оның жаңа Конституция жобасын сынап жүргені белгілі еді. Кейіннен О. Ержанов 10 тәулікке қамалып, үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Полицияның уәжінше, «әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан, референдумға бойкот жариялауға шақырған және жұртты адастыратын өзге де мәліметтер жазылған жазбалар анықталған. Бұл ретте шетелдік байланыс нөмірлері қолданылған. Оған қатысты сайлау құқықтарын іске асыруға кедергі жасау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды».
Қоғамдық пікір сауалнамаларының деректерін жариялауға байланысты да азаматтарды ұстау және айыппұл салу жағдайлары көп тіркелді.

Референдум туралы заңның 7-1-бабында сайлау процесіне қатысты қоғамдық пікір сауалнамаларының деректерін жариялау бойынша Сайлау туралы заңның талаптарына сілтеме жасалған. Сайлау туралы заңның 28-бабының 9-тармағына сәйкес, сайлауға байланысты қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін жариялаған кезде БАҚ пен онлайн-платформалар сауалнама жүргізген заңды тұлғаны, оған тапсырыс беріп, ақысын төлеген тұлғаларды, өткізілген уақытын, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, қатысқан адамдар санын және нәтиженің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті:.

Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасына сай тіркелген, осы салада кемінде бес жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана құқылы. Ол үшін Орталық сайлау комиссиясына тиісті құжаттардың көшірмесін тіркей отырып, алдын ала жазбаша хабарлама жіберу қажет.

Орталық сайлау комиссиясына жолданатын хабарламада сауалнама жүргізуге қатысатын әрі осы салада тәжірибесі бар мамандар, сауалнама қамтитын өңірлер және қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі. Дауыс беру күнінде және оған бес күн қалғанда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындыларына қатысты болжамдарды, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдап дауыс беру барысын бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда жариялауға тыйым салынады.
«Сайлау туралы» заңның 28-бабы 9-тармағының мәтінінен БАҚ пен онлайн-платформаларда сауалнамаларды жариялау қатаң реттелетіні байқалады, алайда нені қоғамдық пікір сауалнамасы деп санау керек екені туралы нақты анықтама жоқ. Соның салдарынан әлеуметтік медиадағы пікір жинау белгілері бар жазбалар қоғамдық пікір сауалнамаларына теңестіріліп, мұндай жазба жариялаған блогерлерге айыппұл салынды.

Мәселен, Алматы соты «Азаттық радиосының» журналисі Мақпал Мұқанқызын Х әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі алдағы референдум туралы сауалнама жүргізгені үшін әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салды. Журналиске заңнама талаптарын сақтамай қоғамдық пікір сауалнамасын жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 120-бабы бойынша 15 АЕК (64 875 теңге) көлемінде айыппұл салынды, кейіннен айыппұл сомасы 30%-ға төмендетілді.

«Уральская неделя» басылымының бас редакторы Тамара Еслямова Telegram-арнасында Конституция бойынша референдумға қатысты сұрақ жариялағаны үшін Батыс Қазақстан облысының прокуратурасына шақырылды. Кейіннен сот «Уральская неделя» басылымын ӘҚБтК-нің 120-бабы 3-бөлігі бойынша жауапқа тартып, 30 АЕК (129 750 теңге) көлемінде айыппұл кесті.
Прокуратура БҚО-дағы «Жария» тәуелсіз бақылаушылар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бекнұр Сражановқа Facebook парақшасындағы оқырмандарынан референдумға тәуелсіз бақылаушы ретінде барар-бармасын сұрағаны үшін айыппұл салды.

Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуратурасы Жолдасбек Темірғалиевке Threads әлеуметтік желісінде жаңа Конституция жобасына қатысты сауалнама жариялағаны үшін 15 АЕК (64 875 теңге) айыппұл салды.

Сот Қостанайдың «Наша газета» басылымының баспагеріне жаңа Конституция жобасы туралы оқырмандар сауалнамасының нәтижесін жариялағаны үшін 30 АЕК (129 750 теңге) айыппұл салды.

Бұған қоса, ОРК (ОСК) «MediaNet» қоғамдық қорына қоғамдық пікір сауалнамасын жүргізуге рұқсат берген жоқ. Қордың «шетелден қаржы алуы» бас тартуға негіз болған. «MediaNet» ОРК заңнама ережелерін бұрыс түсіндірді деп санайды, өйткені сауалнаманы шетелден қаржыландыру мен сауалнаманың өзі референдумға байланысты іс-шараларды қамтамасыз етумен теңестірілмеуге тиіс.
Жеке блогерлер мен белсенділерге, БАҚ пен өзге де заңды тұлғаларға көптеп айыппұл салынып, қысым көрсетілгендіктен, Қор Бас прокуратураға сауал жолдады. Хатта референдум науқаны аясында жалған ақпарат тарату мен сауалнама жүргізуге байланысты қозғалған әкімшілік және қылмыстық істердің жалпы санын көрсету сұралды. Бас прокуратура қайтарған жауапта ешқандай нақты дерек жоқ.
"Бас прокуратура нақты қойылған сауалға жалпылама, ешқандай нақтылығы жоқ ресми жауап қайтарды. Бас прокуратура тақырыптық мәселелер бойынша жеке статистика жүргізбейтінін алға тарта отырып, мұндай ақпарат іздеген адамдарға ресми мемлекеттік сервистер мен ашық дереккөздер арқылы өз бетінше зерттеу жүргізуді немесе «Референдум 2026» онлайн-марафонын көруді ұсынады. Бір қызығы, Бас прокуратура онлайн-марафон барысында сауалдың мәніне қатысты деректерді жария ете алады да, қоғамдық ұйымның хатына толыққанды жауап бере алмайды. Бас прокуратураның бұл жауабы, шын мәнінде, ақпарат ашықтығы қағидатына қайшы келеді".
Роман Реймер
Қор заңгері
Айыппұл салу мен ұстаудан бөлек, қызмет бабын пайдаланып үгіттеу жағдайлары да тіркелді. Мәселен, блогер Аида Әлжанова өз жазбасында Threads әлеуметтік желісінде мұғалімдерді «Мен Жаңа Конституцияны қолдаймын!» деген ұранмен суретке түсіп, желіге жүктеуге мәжбүрлеп жатқаны туралы ақпарат тарағанын мәлімдеді. Мұндай бірнеше хабарлама байқалды, бірақ белгісіз себептермен авторлар кейін бұл материалдарды өз парақшаларынан өшіріп тастаған.

Әлеуметтік желіден материалдарды өшіру мәселесі өте маңызды. Бұл ретте құқық қорғау орган өкілдері немесе басшылар тарапынан қысым көріп, өз-өзін цензуралау жағдайларымен қатар, онлайн-платформалардың тікелей цензура жасау деректері де кездеседі. Онлайн-платформа контентті өшіруі немесе шектеуі үшін бот шабуылдары қолданылады: блогердің парақшасына бот-аккаунттардан көптеп шағым түседі де, алгоритм контентке кіруді автоматты түрде бұғаттайды. Онлайн-платформалардың бұлай цензура жасауын цифрлық құқық мамандары мен құқық қорғаушылар бірнеше рет сынады. Алайда Meta және Alphabet сияқты ірі онлайн-платформалар алгоритмдерді жетілдіруге, мысалы, шағым түскен аккаунттың шынайылығын тексеретін (liveness-test) амалдарды енгізуге еш әрекет жасамай отыр. Осындай шабуылдардың салдарынан көптеген азаматтық белсендінің парақшасы бұғатталады.
Мысалы, «Jurttyn Balasy» YouTube-арнасының авторы, «Transparency International - Kazakhstan» халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қорының атқарушы директоры Мұрат Данияр Instagram парақшасына жаппай шағым түскенін хабарлады. Ол ҚР жаңа Конституциясының жобасы бойынша референдум туралы бірнеше жазба жариялаған еді. Нәтижесінде оның парақшасынан 10-нан астам сыни жазба өшіп кетті.

Meta компаниясы да «Respublika.kz.media» басылымының әлеуметтік желідегі ондаған жазбасын өшірді — БАҚ-тың Facebook-тегі парақшасынан Конституция тақырыбына арналған 57 жазба жойылды. Бұған қоса, басылымның Instagram парақшасынан осы тақырыптағы барлық жазба жоғалып кетті.

Дауыс беру күнінің қарсаңында «AMANAT» партиясының бақылаушылары мен мемлекет қолдайтын түрлі ҮЕҰ (ГОНГО) өкілдерінің әлеуметтік желіде жаппай жазба жариялағаны байқалды. Олар қай учаскеге бақылауға баратынын көрсетіп, жұртты өздерінен үлгі алуға шақырған. Бұл жазбаларда тікелей үгіт-насихат болмағанымен, мұндай әрекеттер референдумды заңды етіп көрсетіп, халықтың дауыс беруге қатысу көрсеткішін арттыруды көздегені байқалады.

Телеарналарға
жүргізілген
мониторинг

Бақылау миссиясы аясында қор ұжымы Қазақстандағы ең көп қаралатын «Qazaqstan», «Бірінші арна “Еуразия”» және «Хабар» арналарына медиа-мониторинг жүргізді. Медиа-мониторингтің негізгі мақсаты — жаңа Конституция мәселесіне қатысты пікір алуандығының деңгейін бағалау. Сайлау алдындағы науқан кезеңінде телеарналардың қоғамдық пікірге ықпал ету дәрежесін ескере отырып, Қазақстан азаматтарының референдум тақырыбынан қаншалықты хабардар екенін анықтау, жаңа конституцияға қатысты әртүрлі көзқарастарды білдіру үшін медиа алаңға тең қолжетімдіктің қамтамасыз етілуін бағалау басты міндет болды.

Осы мақсатқа сай мынадай міндеттер белгіленді:
  • Кешкі жаңалықтар бағдарламаларында жаңа Конституция тақырыбына арналған эфир уақытының орташа көлемін анықтау;
  • Телеарналардың бағдарламаларында барлық пікірдің (көзқарастың) тең деңгейде берілуін талдау;
  • Ақпарат беретін спикерлердің сапасын (мәртебесін/ролін) анықтау, сонымен қатар олардың арасындағы гендерлік теңгерімді өлшеу.

Уақыты

Бақылаушылар 2026 жылғы 24 қаңтар мен 14 наурыз аралығында телеарналардың кешкі жаңалықтар бағдарламаларына күнделікті мониторинг жүргізді. Мониторингті бастау үшін 24 қаңтардың таңдалу себебі — бұл күні конституциялық реформа жөніндегі комиссия өз жұмысына кірісті. Бұл конституциялық түзетулерді әзірлеу бойынша ашық жұмыстың басталғанын білдірді, ал ол кейін жаңа Конституцияны жазуға ұласты.

Айта кету керек, осы күнге дейін түрлі спикерлер түзетулер бойынша жұмыстың жарты жылға жуық уақыт жүріп жатқанын айтқан еді. Алайда ашық дереккөзде жұмыс тобының мүшелері, дайындалып жатқан түзетулердің мазмұны мен мәтіні туралы ешқандай ақпарат болған жоқ. Тек Ақорда жанынан бір палаталы парламент құру мәселесі бойынша конституциялық түзетулер әзірлейтін жұмыс тобы істеп жатқаны туралы жалпылама ақпарат қана жарияланды.

Мониторинг нысаны

Осы уақытта мына телеарналардағы қазақ және орыс тілдеріндегі кешкі жаңалықтар бағдарламаларына талдау жасалды:
  • «Qazaqstan» телеарнасы: «Ақпарат», «Апта» бағдарламалары.
  • «Хабар» телеарнасы: «Жаңалықтар», «7 күн», «Новости» бағдарламалары.
  • «Бірінші арна “Еуразия”» телеарнасы: «Басты жаңалықтар», «Асау жаңалықтар», «Главные новости», «Аналитика» бағдарламалары.

Дерек жинау әдіснамасы

Алға қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында бақылаушылар мынадай параметрлер бойынша деректерді тіркеп, жинады:

  1. Спикер туралы мәлімет: аты-жөні, мамандығы, қызметі;
  2. Мазмұны: спикердің негізгі ойы (мессежі);
  3. Сипаты: жеткізілген ойдың сипаты (жағымды, бейтарап, жағымсыз);
  4. Хронометраж: жаңа конституция туралы ақпараттың жаңалықтар бағдарламасында көрсетілу уақыты.

Жаңа Конституция тақырыбына арналған эфир уақытының орташа көлемін талдау

Медиа-мониторинг барысында кешкі жаңалықтар бағдарламаларының құрылымында жаңа Конституция тақырыбына қанша эфир уақыты бөлінгеніне баға берілді. Есепті кезеңде бұл тақырып бақылаудағы барлық телеарнадан күн сайын көрсетілді. Ақпарат таратудың өзіндік техникалық ерекшелігі ретінде әр арнаның конституциялық реформа туралы материалдар блогына ауысқан кезде арнайы визуалды безендіруді (графикалық жақтауды) қолданғанын айтуға болады.

«Qazaqstan» телеарнасында жаңа Конституция тақырыбы күн сайын қозғалды. Бұл тақырыптағы материалдардың орташа үлесі жаңалықтар шығарылымы жалпы ұзақтығының 29,7%-ын құрады. Аталған телеарнаның тек қазақ тілінде хабар тарататынын атап өту маңызды. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл арна қарастырылып отырған тақырыпқа ең көп эфир уақытын бөлді.

«Хабар» телеарнасында эфир уақытының көлемі бойынша екінші көрсеткіш тіркелді. Бұл ретте қазақ тіліндегі хабар тарату хронометражының басымдығы анықталды: қазақ тіліндегі эфирдің 26%-ы, ал орыс тіліндегі эфирдің 20,2%-ы осы тақырыпқа арналды.
«Бірінші арна “Еуразия”» телеарнасында ең төменгі хронометраж көрсеткіштері байқалады. «Хабар» телеарнасына қарағанда, мұнда тілдік тұрғыдан кері байланыс тіркелді: орыс тіліндегі эфирде бұл тақырыпқа көбірек уақыт бөлінсе (16,6%), қазақ тіліндегі үлесі азырақ (11,6%) болды.

Зерттеу барысында біз экрандарда конституциялық реформа тақырыбына деген қызығушылық шыңына жетіп, кешкі жаңалықтар бағдарламаларының құрылымында оған ең көп үлес бөлінген «ең жоғарғы көрсеткіш күндерін» анықтадық. Белсендіктің бұлай артуы әр арнада әртүрлі уақытқа тұс келді және бұл нақты қоғамдық-саяси оқиғалармен байланысты болуы мүмкін.

Мысалы, ақпарат тарату қарқындылығы бойынша абсолютті рекорд 2026 жылғы 24 қаңтарда «Qazaqstan» телеарнасында тіркелді. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның ең алғашқы отырысы өткен бұл күні реформа тақырыбына жаңалықтар шығарылымының бірден 67% уақыты арналды.

«Хабар» телеарнасында жағдай сәл өзгеше болды: мұндағы ең жоғарғы көрсеткіш 2026 жылғы 13 ақпанға сәйкес келіп, жалпы эфир уақытының 62%-ын құрады. Бұл тақырыпқа назардың күрт аударылуы Президенттің республикалық референдумды тағайындау туралы жарлыққа қол қойғанынан кейін екі күннен соң сюжеттердің эфирге шығуымен байланысты болуы мүмкін.

Ал «Бірінші арна “Еуразия”» телеарнасына келетін болсақ, мұндағы ең жоғары белсенділік көрсеткіштері екі күнге — 2026 жылғы 31 қаңтар мен 1 ақпанға бөлінді. Бұл кезеңде жаңа конституцияны талқылау бағдарламалардың жалпы хронометражының 40%-на дейінгі уақытын алды. Бұл — аталған телеарна үшін бүкіл есепті кезеңдегі ең жоғары нәтиже.

Отандық телеарналар бағдарламаларында барлық пікірдің (көзқарастың) тең берілу деңгейін талдау

Зерттеу аясында телеарна бағдарламаларында түрлі көзқарастардың қаншалықты тең және толық берілгенін талдау ерекше қызығушылық тудырады. Тақырыптың қаншалықты жан-жақты қамтылғанын түсіну үшін біздің бақылаушылар спикерлер сөзінің сипатын тіркеп отырды. Біз олардың жаңа Конституцияны қабылдауды «қолдайтын» немесе оған «қарсы» ұстанымын білдіргенін, не болмаса бейтарап риторика ұстанғанын бақыладық.

Бақылауға алынған телеарналар эфиріндегі ұстанымдардың жалпы репрезентативтілігін талдау айқын теңсіздікті көрсетеді. Жалпы хабар тарату көлемінде жағымды сипаттағы материалдардың үлесі 83,8%-ды құраса, бейтарап контенттің үлесі 16,2% болды. Ақпарат кеңістігінде конституциялық реформаға сыни немесе жағымсыз баға берілген сюжеттер мүлдем болған жоқ. Төменде әр телеарна бөлінісінде тоналдықтың таралуы бойынша егжей-тегжейлі талдау берілген.
«Qazaqstan» арнасы

Бұл телеарнада жұмыс күндері «Ақпарат 20:00» бағдарламасында кешкі жаңалықтар берілсе, демалыс күндері «Апта» қорытынды бағдарламасы шығады. Бақылаушылар эфирдің басым бөлігін (85,4%) жағымды сипаттағы пікірлер алғанын тіркеді. Қалған 14,6% бейтарап пікірлерге тиесілі.

Жағымды мессеждердің мазмұны конституциялық түзетулер, ал кейіннен жаңа Конституцияның өзі тек оң нәтиже әкеледі дегенге саяды. Сюжеттер реформа қазіргідей алмағайып заманда қоғам дамуының басты кепілі екенін және даусыз прогресті білдіретінін насихаттады.

Бұл ретте қызық ерекшелік анықталды: Конституцияда бекітіліп қойған нормалар жаңалықтарда мүлдем жаңа дүние ретінде жиі ұсынылды. Яғни, ұсынылып отырған өзгерістер қолданыстағы ережелерді күшейтуге немесе қосымша бекітуге мүмкіндік береді деп айтылды. Атап айтқанда, эфирде бірнеше негізгі бағытқа баса назар аударылды. Спикерлер қоршаған ортаны қорғау туралы көп айтып, жаңа Конституция экология үшін сенімді қалқан болады деп сендірді. Негізгі заңда енді ұлттық құндылықтар бекітілгені, ал құжатты қабылдау ел тәуелсіздігін қорғау үшін өте маңызды екені баса айтылды. Бұдан бөлек, сюжет авторлары жаңа Конституция меншіктің барлық түрін қорғауды қамтамасыз ететінін, жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа кепілдік беретінін, бизнеске ауқымды қолдау көрсетіп, оның мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.

Арнада үнемі айтылған тағы бір маңызды сипат — жаңа Конституция қоғамның тікелей сұранысынан туындады деген тезис. Эфирлерде азаматтардан түрлі ұсыныстармен көптеген өтініш түсіп жатқаны бірнеше рет айтылды. Журналистер конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысы толығымен ашық жүргізіліп жатқанын, оның құрамында 100-ден астам адам бар екенін, ал түпкілікті шешім референдумда қабылданатынын (өйткені қазіргі жоба тек ұсыныстарды қамтитынын) үнемі еске салып отырды. Осылайша, « халық толығымен қолдайтын Ата заң» жайлы тұрақты мессеж қалыптасты.

Бұл әсерді күшейту үшін қарсы қою әдісі қолданылды: жаңа жоба қолданыстағы Конституцияға қарсы қойылып, сюжет авторлары ескі заңның кемшіліктерін үнемі көрсетіп отырды. Мысалы, негізгі тезис мынадай болды: Конституцияның қолданыстағы редакциясында қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерде айырмашылық бар. Бұл тұрғыда мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өз сөздерінде қолданыстағы Конституцияны жабық жағдайда небәрі 12 адам жазғанын, ал жаңа редакциямен ашық онлайн режимде жүзден астам сарапшы жұмыс істеп жатқанын бірнеше рет атап өтті.

Кешкі жаңалықтар репортаждарында тек отандық емес, шетелдік сарапшылардың да пікірлері берілді. Оған қоса, жаңа Конституцияға арналған кейбір сюжеттер Қазақстаннан тыс жерлерде — Бельгия мен Өзбекстанда түсірілді.

Қамту ауқымы мен географиясына қарамастан, бұл телеарна мониторингінің негізгі түйіні өзгеріссіз қалды: жаңа Конституцияға қатысты қандай да бір балама немесе сыни пікірдің бар екені туралы материалдар мүлдем жоқ.
«Хабар» арнасы

«Жаңалықтар», «Новости» және «7 күн» бағдарламалары мониторингке ілінген «Хабар» телеарнасында бірнеше маңызды заңдылықты байқауға болады. Ең алдымен, қазақтілді және орыстілді эфирлер арасында жағымды және бейтарап материалдардың үлестірілуінде айтарлықтай айырмашылық бар екені сезіледі. Мәселен, қазақ тіліндегі шығарылымдарда жағымды материалдардың үлесі 89,5%-ды құраса, бейтарап сюжеттерге 10,5% тиесілі болды. Ал орыс тіліндегі эфирде бұл теңгерім сәл өзгерді: жағымды контент 78,7%-ды, ал бейтарап контент 21,3%-ды алды. Бұл ретте, басқа медиалардағыдай, бұл телеарнада да конституциялық реформаға қатысты сыни немесе жағымсыз баға берілген материалдар тіркелген жоқ.

Мағыналық мазмұнына келсек, мұнда жағымды мессеждердің бағыты бұрынғысынша қалды: жаңа Конституция баламасыз түрде прогресстің басты кепілі ретінде көрсетілді. Алайда біздің бақылаушылар бір өзіндік ерекшелікті анықтады: эфирлерге кәсіби спикерлер белсенді түрде тартылғанымен, ақпаратты жеткізу сипаты көбіне үстірт болды. Материалдарды ұсыну «адам құқықтары», «волонтерлік», «отбасы және отбасылық құндылықтар», «заң мен тәртіп», «патриотизм», «ғылым мен инновация» сияқты түсінікті, бірақ мейлінше абстрактілі құндылықтар төңірегінде өрбіді.

Мәселе мынада: сарапшылар бұл негіздердің жаңа Конституцияда бекітілетінін айтқанымен, оның нақты құқықтық механизмдерін түсіндірген жоқ. Эфирде қолданыстағы Конституция нормаларымен салыстырмалы талдау жасалған жоқ, спикерлер тек бұл өзгерістердің пайда әкелетінін айтумен шектелді. Аналитиканың жоқтығынан көрерменде бұл Қазақстанның құқықтық жүйесі үшін мүлдем жаңа дүниелер сияқты әсер қалыптасуы мүмкін еді, дегенмен бұл ережелердің көбі заңнамада белгілі бір деңгейде бұрыннан бар. Ақпаратты бұлай ұсыну ерекшелігі бұған дейін «Qazaqstan» телеарнасына мониторинг жүргізу кезінде де байқалған.

Үгіт-насихат науқаны барысында басымдықтарды белгілеуге қатысты тағы бір назар аударарлық жайт бар. Сюжеттерде Парламенттің құрылымдық өзгерістері мен оның функцияларына назар аудару іс жүзінде жойылып кетті. Ал бастапқыда дәл осы өкілетті қайта бөлу конституциялық реформаның басты мақсаттарының бірі ретінде жарияланған еді. Егер референдум жарияланғанға дейін, жұмыс комиссияларының отырыстары кезеңінде бір палаталы парламент тақырыбы әлі де қозғалып келсе, белсенді үгіт-насихат басталған сәттен бастап оны жаңа Конституцияның трансформациясы мен заманауилығы туралы жалпылама сөздер ығыстырып шығарды.

Сонымен қатар «Хабар» телеарнасы қабылданып жатқан түзетулердің «халықтың Ата заңы» жайлы бұрыннан таныс мессежді белсенді түрде қолдап отырды. Репортаждарда жобаның тек қоғам сұранысы бойынша жасалып жатқаны және қарапайым азаматтардың мүддесін егжей-тегжейлі ескеретіні туралы тезис үнемі айтылды. Мұны растау үшін сюжет авторлары халықтан түскен 10 мыңнан астам өтініш туралы статистиканы жиі алға тартты.
«Бірінші арна "Еуразия"» арнасы

«Бірінші арна “Еуразия”» хабарын талдау кезінде мониторингпен «Басты жаңалықтар», «Асау жаңалықтар», «Главные новости» және «Аналитика» сынды кешкі жаңалықтар мен аналитикалық бағдарламалар қамтылды.

Бұл телеарнада материалдардың сипатын бөлуде оны басқалардан ерекшелейтін өзіндік динамика байқалды: орыстілді эфирде жағымды контенттің үлесі қазақтілді эфирге қарағанда жоғары болды. Мәселен, орыс тіліндегі шығарылымдарда жағымды сюжеттер уақыттың 84,9%-ын, ал бейтарап сюжеттер 15,1%-ын алды. Қазақтілді хабар таратуда жағымды материалдардың үлесі 79%-ды құраса, бейтарап контент 20% болды.

Мазмұны тұрғысынан, «Бірінші арна “Еуразияның”» негізгі жағымды мессеждері көп жағдайда «Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарының күн тәртібін қайталады. Эфирден берілген тезистер конституциялық реформа азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған деген идеяның төңірегінде өрбіді. Спикерлер әлемдегі саяси жағдайға байланысты жаңа Конституцияны қабылдау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Өзекті тақырыптар ретінде ғылым, білім, мәдениет және инновация құндылықтары, дербес деректер қауіпсіздігі мәселелері белсенді түрде ілгерілетілді.

Басқа телеарналардағыдай, Конституцияның бұрынғы редакциясында да болғанына қарамастан, кейбір нормалар түбегейлі жаңалық ретінде ұсынылды. Мысалы, реформаның басты жетістіктерінің бірі ретінде тиісті сот шешімінсіз азаматтарды тұрғын үйінен шығаруға тыйым салу көрсетілді. Бұдан бөлек, эфирлерде жаңа Конституцияда адвокатураның құқықтық институт ретіндегі мәртебесі, теңгенің ұлттық валюта ретіндегі мәртебесі ресми түрде бекітілетініне бірнеше рет назар аударылды. Бізге мұндай позиция мүлдем жаңа құқықтық механизмдерді тарату сияқты көрінді. Алайда бұл бағыттар бойынша базалық кепілдіктер, соның ішінде тұрғын үйді алып қоюдың соттық тәртібі мен ұлттық валюта мәртебесі сол кезде қолданыста болған заңнама аясында институционалды түрде қамтамасыз етілген болатын.

Бұл ретте конституциялық реформаның мейлінше пікірталас тудыратын мәселелері жеткілікті түрде жария етілмеді. Атап айтқанда, жобаның тым егжей-тегжейлі жазылуына байланысты құқықтардың тарылуы немесе шектелуі мүмкін деген контексте сарапшылар қауымдастығында сұрақтар мен қауіп тудырған нормалар (мысалы, сөз еркіндігі, ұлттық құқықтың халықаралық құқықтан басымдығы бойынша өзгерістер) терең талдаудан тыс қалды.

Басқа телеарналардағы сияқты, саяси процестердің ашықтығын көрсету үшін жаңалықтар сюжеттерінде конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырыстарын онлайн режимде бақылау мүмкіндігі елдегі қоғамдық диалогтың жоғары деңгейінің тікелей дәлелі екені жиі айтылғанын атап өткен жөн.
Спикерлердің сапалық құрамы мен сарапшылар пулын талдау
Ұлттық телеарналар эфирінде жаңа Конституция төңірегіндегі ақпаратты нақты кімдер қалыптастырғанын түсіну үшін біз қазақ және орыс тіліндегі жаңалықтар шығарылымдарындағы барлық спикерді зерттедік: олардың ресми мәртебесіне, кәсібі мен институционалдық рөліне талдау жасап, конституциялық реформаны талқылауға қатысқан тұлғалар арасындағы гендерлік теңгерімді өлшедік.

Спикерлер арасындағы гендерлік теңгерімді талдау

Медианауқан барысында гендерлік теңгерімнің сақталуы — қоғамды ақпараттандыру мен инклюзивтіліктің маңызды индикаторы. Үш телеарнадағы спикерлердің құрамына жүргізілген мониторинг ерлер мен әйелдердің қатысуында тұрақты теңсіздік бар екенін көрсетті.

Телеарналар бойынша деректер мынадай түрде бөлінді:

  • «Хабар» телеарнасында гендерлік алшақтық өте айқын көрініс тапты. Мұнда ер спикерлердің үлесі ең жоғары шегіне — 73%-ға жетті, ал әйелдерге эфир уақытының небәрі 27%-ы ғана тиесілі болды.
  • «Qazaqstan» телеарнасының көрсеткіштері де пікірталаста ерлердің басым екенін көрсетті: ер спикерлер — 68,9%, ал әйел спикерлер — 31,1%.
  • «Бірінші арна “Еуразия”» телеарнасы жалпы тренд аясында шартты түрде барынша теңгерімді арақатынасымен ерекшеленді. Дегенмен, алшақтық бәрібір екі еседен астам болды: ерлер — 67,1%, әйелдер — 32,9%.

Алынған сандық деректер негізінде мынадай қорытынды жасауға болады: бақылауға алынған телеарналардың барлығында негізгі спикер ретінде ерлердің тұрақты басымдығы (орташа есеппен 67%-дан 73%-ға дейін) байқалады. Бұл нәтиже бұған дейін анықталған спикерлер құрылымымен тікелей байланысты: жаңалықтар сюжеттеріндегі тұлғалардың негізгі легін Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметшілер және конституциялық комиссия мүшелері құрағандықтан, медиадағы теңсіздік — елдегі саяси және құқықтық шешімдер қабылдайтын жоғары эшелондардағы нақты гендерлік теңсіздіктің айнадағы көрінісіне айналды.
Медиа-мониторинг бөлімі бойынша қорытынды
Күн сайын кешкі жаңалықтар контентін тұтынатын қатардағы телекөрерменнің қабылдауын қайта елестететін болсақ, оның санасында мынадай негізгі аспектілерге сүйенген, қоғамдық-саяси процестер туралы біржақты әрі баламасыз көрініс сөзсіз қалыптасар еді:

1. Ұлттық телеарналардың дискурсы жаңа Конституцияны қабылдауды сыртқы факторлармен, атап айтқанда, әлемдегі тұрақсыз геосаяси жағдаймен жүйелі түрде байланыстырып отырды. Конституциялық реформа ішкі тұрақтылықтың жалғыз сенімді құралы әрі қоғам мен мемлекетке тек оң нәтиже әкелетін прогресс кепілі ретінде насихатталды.

2. Бұл тақырыптың ақпараттық кеңістікте болуы тұрақты әрі үздіксіз болды, ол бақылаудағы барлық арнаның эфиріне күн сайын енгізілді. Бұл ретте телеарна редакциялары көрермен назарын аудару үшін ұқсас тәсілдерді: сюжеттер басталар алдында арнайы графикалық бейнелер мен жақтауларды қолданды.

3. Ресми дискурс үстемдігі жағдайындағы «халық сұранысы» иллюзиясы. Бұқаралық қолдауды көрсету үшін азаматтар қатысқан сюжеттер белсенді пайдаланылғанына қарамастан, науқанның нақты аналитикалық негізі монополиялық сипатта қалды. Негізгі мағыналық спикерлер ретінде мемлекеттік орган өкілдері, Парламент депутаттары және жоғары лауазымды тұлғалар сөз сөйледі.
Медиа-мониторинг бөлімі бойынша қорытынды
Ақпараттық науқанның тағы бір маңызды көрсеткіші — терең гендерлік теңгерімнің болмауы. Жаңа конституцияны талқылауды негізінен ер адамдар жүргізді, бұл мемлекеттік сектор мен сарапшылар қауымдастығындағы рөлдерді бөлудің жалпы құрылымын айқын көрсетеді.

Мониторинг деректерін қорытындылай келе, зерттелген телеарналар қоғамдық диалог немесе сараптамалық пікірталас алаңы ретінде емес, шоғырландырылған мемлекеттік үгіт-насихаттың тиімді құралы ретінде жұмыс істеді деп тұжырымдауға болады. Ақпараттық кеңістік балама пікірлерден немесе жаңашылдықтарды сыни тұрғыдан талдаудан толықтай ада болды, бұл тек қолдау білдіретін және жағымды сипаттағы контенттің таралуын қамтамасыз етті.

ДАУЫС БЕРУ ПРОЦЕСІН БАҚЫЛАУ

Астана қаласында референдумды бақылауды Қор мобильді топтардың жұмысы арқылы жүзеге асырды. Олардың негізгі міндеті — сайлау процесінің заңнама нормалары мен стандарттарына сәйкестігін бағалау және ықтимал заң бұзушылықтарды анықтау. Бақылауға төрт мобильді топ қатысты, олар күні бойы Астанадағы 43 референдум учаскесіне барды. Мобильді топтардың құрамына сайлауды бақылауға, соның ішінде сайлау учаскелерінде стационарлық бақылаушы ретінде қатысу тәжірибесі бар азаматтар кірді. Учаскелерге шығар алдында мобильді топтардың барлық қатысушысы үшін референдум туралы заңнама, дауыс беру процедуралары, бақылаушылардың құқықтары және ықтимал заң бұзушылықтарды тіркеу алгоритмі бойынша инструктаж өткізілді.

Бақылаудың мобильді топтары бақылау бағытын айқындайтын бірнеше сұрақты алға қойды: учаскелік комиссиялардың жұмысы қаншалықты ашық әрі қолжетімді; әртүрлі учаскелерде процедуралардың бірыңғай стандарттары сақтала ма; азаматтардың референдумға қатысу құқығы қамтамасыз етіле ме; бақылаушылар мен БАҚ өкілдерінің жұмысы үшін қажетті жағдайлар жасала ма. Сайлау және референдум туралы заңнаманың ықтимал бұзылуына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, сайлаушыларға қысым көрсету, бақылаушылар мен БАҚ қызметін шектеу әрекеттері, сондай-ақ белгіленген дауыс беру процедураларынан ауытқу туралы хабарламалар тіркелді. Орта есеппен әрбір мобильді топ бір учаскеде шамамен 30 минут болды, бұл процестің жалпы ұйымдастырылуын бағалауға және негізгі процедуралық аспектілерді тіркеуге мүмкіндік берді.
Мобильді топтардың учаскелерде алған ақпараты Қордың бақылау штабына беріліп, оны бақылау тобы жүйелеп, талдады. Жалпыланған деректер мен дауыс беру барысы туралы жедел ақпарат Қордың әлеуметтік медиадағы парақшаларында жарияланды.

Дауыс беру күні Қор бақылау штабында интернет жұмысындағы іркілістерді тіркеді. Тұрақсыз байланыс таңғы сағат 6:30-дан 7:15-ке дейінгі аралықта, яғни мобильді топтар жұмысының басталуы және учаскелерден ақпарат жинау процесінің іске қосылуы кезінде байқалды. Айта кету керек, Қор кеңсесіндегі интернетке қосылу проблемалары АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдумды бақылау жөніндегі алдыңғы науқан барысында да тіркелген болатын. Ол кезде Қор кеңсесінде және одан 50 метр қашықтықта мобильді интернет қосылған ұялы байланыс та, «Қазақтелеком» АҚ провайдерінің Wi-Fi желісі де жұмыс істеген жоқ. Мұндай техникалық ақаулар бақылау штабының жұмысы үшін қосымша операциялық тәуекелдер тудырады, өйткені мобильді топтар мен үйлестіру тобы арасындағы жедел ақпарат алмасуды қиындатады.

Бақылау барысында учаскелік комиссиялардың құрамына қатысты белгілі бір тенденциялар анықталды. 43 учаскеден алынған мәліметтерге сүйенсек, комиссия мүшелерінің жалпы санының шамамен 72%-ын әйелдер құрады. Бұл ретте бақылаумен қамтылған учаскелердегі комиссия мүшелерінің арасында мүгедектігі бар адамдар тіркелген жоқ. Бақылау деректері учаскелік комиссиялардың құрамында гендерлік теңсіздіктің сақталып отырғанын көрсетеді: әйелдер негізінен процедуралық функцияларды орындау деңгейінде ұсынылған. Сонымен қатар, бақылаудағы учаскелердегі комиссиялардың құрамында мүгедектігі бар адамдардың қатысуы байқалмады.
Жалпы алғанда, учаскелердің қолжетімдігін біршама жоғары деп бағалауға болады. 43 учаскенің тек үшеуінде ғана ғимарат ішіндегі бағыттаушы көрсеткіштердің ақпараттық мазмұны жеткіліксіз болса да, бұл сайлаушылар үшін айтарлықтай кедергі тудырған жоқ. Сонымен қатар мүгедектігі бар сайлаушылар үшін учаскелердің физикалық қолжетімдігі де мінсіз емес. Барып көрілген 43 учаскенің небәрі 14-і (32,5%) ғана толығымен қолжетімді деп танылды. Осылайша, қолжетімді ортаның жеке элементтері болғанына қарамастан, учаскелердің басым бөлігі мүгедектігі бар адамдардың толыққанды әрі өз бетінше кіріп-шығуын қамтамасыз ете алмады.
Көтергіштердегі істемейтін дабыл түймелері, тар немесе жабылып тасталған өткелдер, тым тік пандустар ең көп кездесетін кедергілер болды. Бұл проблемалар қолжетімдік инфрақұрылымы элементтерінің формалды түрде болуы олардың іс жүзінде қолдануға жарамды екенін білдіре бермейтінін көрсетеді. Нәтижесінде мүгедектігі бар сайлаушылар бөгде адамның көмегіне жүгінуге мәжбүр болуы мүмкін, бұл олардың дербестігін шектейді және дауыс беруге қатысу құқығын іске асыру сапасын төмендетуі ықтимал.
Дауыс берер алдында сайлаушылардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеру барлық жерде жүзеге асырылды. Сайлаушыларға бірден артық бюллетень беру жағдайлары тіркелген жоқ, алайда комиссия мүшелерінің бюллетеньдерге алдын ала қол қойып қоюы сияқты бірен-саран жағдайлар байқалды.

Қор бақылаушылары барған дерлік барлық учаскеде байқалған кең таралған тәжірибе — келу көрсеткішін фото арқылы бақылау. Көптеген сайлаушы учаскеде жүргенін және дауыс бергенін фотоға немесе видеоға түсіріп алды. Бұл қолданыстағы сайлау заңнамасын бұзу болып саналмайды және дауыс беру құпиялығына нұқсан келтірмейді, алайда сайлаушылардың жұмыс беруші басшылығы немесе басқа да құрылымдар тарапынан азаматтардың өз еркін білдіруін бақылау тәжірибесінің бар екенін көрсетеді.
Дауыс беру күні барысында анықталған негізгі заң бұзушылықтарды шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа сайлаушылар тізіміне қатысты заң бұзушылықтар, атап айтқанда, есептен шығару куәлігін көрсетпеген адамдарды тізімге енгізу жағдайлары жатады. Мұндай тәжірибе сайлаушыларды тізімге енгізудің белгіленген тәртібінің сақталуы тұрғысынан сұрақтар туындатады және дауыс беруге қатысушыларды есепке алудың шынайылығына қауіп төндіруі мүмкін.
Сайлаушыларды есептен шығару куәлігінсіз қосымша тізімге енгізуге қатысты заң бұзушылықтың айқын мысалы ретінде Қор бақылаушыларының №349 учаскеде тіркеген жағдайын атап өтуге болады. Мониторинг тобы бақылаушысының ақпараты бойынша, бұл учаскеде сайлаушыларды белгіленген процедураны сақтамастан қосымша тізімге енгізу жағдайы орын алған. Комиссия төрағасы мен мүшелері бұл заң бұзушылықты тіркеуге кедергі келтіріп, бақылаушы жасаған заң бұзушылық туралы актіге қол қоюдан бас тартты. Сонымен қатар сайлаушылардың бірінің сөзіне, киім элементтеріне сүйене отырып, бақылаушылар сайлаушылардың бір бөлігі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерлері болуы мүмкін деп топшылады. Бұл жағдай қосымша тексеруді қажет етті, өйткені ол жеке сайлаушылар топтарының дауыс беруге ұйымдасқан түрде қатысу сипатын көрсетуі мүмкін еді.

Учаскедегі мәселені анықтау барысында бақылаушыға қатысты оны учаскеден шығару туралы акт толтырылды. Кейіннен бұл акт сот тәртібімен шағымдалды, алайда сот шешімімен ол өзгеріссіз қалдырылды. №349 учаскедегі бұл жағдай алғашқы оқиғадан кейін үш сағат өткен соң Қордың басқа мобильді тобының дәл сол комиссияға қайта баруын қажет етті. Қайта барған кезде бақылаушылар дауыс беруге арналған бюллетеньдерге алдын ала қол қойып қою фактісін қосымша тіркеді.
Осыған ұқсас жағдай №15 учаскеде де тіркелді. Студенттердің дауыс беруі барысында олардың бірі ешқандай заңды негізсіз қосымша тізімге енгізілген. Осы факті бойынша Қор бақылаушысы заң бұзушылық туралы акт толтырды. №349 учаскедегідей, комиссия бақылаушы ұсынған актіні қабылдаудан бас тартып, кейіннен бақылаушының өзін де, Қордың бүкіл мобильді тобын да учаскеден шығару туралы шешім қабылдады.

Бұл жағдай сайлаушыларды қосымша тізімге енгізу рәсімдерін қолданудағы олқылықтарды көрсетеді. Сонымен қатар, бақылаушылардың ықтимал заң бұзушылықтарды тіркеуіне және дауыс беру процесіне тәуелсіз қоғамдық бақылау жүргізуіне кедергі келтірілгенін аңғартады.
Екінші топқа референдум комиссиясы мүшелерінің «Сайлау туралы» заңның 20-1-бабының талаптарын өз бетінше тәпсірлеуінен туындаған бақылаушылардың құқықтарын бұзу жағдайлары жатады. Атап айтқанда, кей учаскелерде бақылаушылар заңнаманың тікелей талаптарына емес, комиссия мүшелерінің бақылаушылардың жұмыс тәртібін субъективті түсінуіне негізделген шектеулерге тап болды.

Бақылаушылар заң бұзушылықтың бұл санатымен айтарлықтай жиі кездесті. Айта кету керек, «Сайлау туралы» заңның 20-1-бабын өз бетінше түсіндіру Қазақстандағы сайлау науқандары барысында тіркелетін ең көп таралған заң бұзушылықтардың бірі болып отыр. Бақылаушылар комиссия мүшелері тарапынан дауыс беру барысын фотоға, видеоға түсіруге, учаске ішінде жүріп-тұруға тыйым салынғаны, бюллетень беру және дауыс беру процедураларын көру мүмкіндігінің нашар болғаны туралы бірнеше рет хабарлады.
№ 249, 341, 76, 79, 166 учаскелерде учаске ішінде жүріп-тұруға, фото және видео түсірілім жасауға тыйым салу және бақылаушыларға арналған орындардан көру мүмкіндігін шектеу жағдайлары тіркелді. Референдум комиссиялары жоғарыда аталған құқықтарды бақылаушылардың учаскедегі тәртіпті сақтау міндетін бұзуы деп есептейді. Іс жүзінде бұл дауыс беру процесіне қоғамдық бақылауды шектеуге әкеп соғады және учаскелік комиссиялар жұмысының ашықтығын төмендетеді.

«Сайлау туралы» заңның 20-1-бабын қолданудағы бұл құқықтық қайшылық алдыңғы сайлау науқандары барысында да бірнеше рет атап өтілген болатын. Проблеманың үнемі қайталанатынына қарамастан, оны жою және заңнама нормаларының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету бойынша осы уақытқа дейін ешқандай шара қабылданған жоқ.
Учаскеде бақылаушыларды тіркеу барысында олардың дербес деректерін шамадан тыс жинау — үнемі тіркелетін тағы бір заң бұзушылық.
Мұндай фактілер № 249, 341, 353, 96 учаскелерде тіркелді. Бұл фактілер бойынша Қор Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне дербес деректер туралы заңнаманың бұзылуына қатысты тексеру жүргізу және референдум комиссиясын бұл деректерді жоюға міндеттеу туралы өтініш жолдады.

Алынған жауапта «ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау немесе жоспардан тыс тексеруді бастау мәселесін қарастыру мүмкін емес» екені көрсетілген.
“Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнама дербес деректермен жасалатын кез келген әрекеттің заңды болуын, алдын ала айқындалған әрі заңды мақсатқа жету үшін жүзеге асырылуын, шамадан тыс артық болмауын талап етеді. Бұл жағдайда бақылаушылардың дербес деректері сайлау учаскесіндегі тіркеу журналына енгізу үшін жиналады. Деректер көлемі: аты-жөні, жеке куәлік нөмірі. Яғни, жеке куәлікте көрсетілген 11 дербес дерек компонентінің екеуі ғана қажет. Осылайша, бар-жоғы екі деректі жинау үшін 11 компоненттен тұратын жеке куәлікті көшіріп алу процедурасы, сөзсіз, шамадан тыс әрекет болып отыр және мұндай жинаудың мәлімделген мақсатына, атап айтқанда бақылаушының деректерін тіркеу журналына енгізу мақсатына сәйкес келмейді”.
Роман Реймер
Қор заңгері
Өтініштерді қараудың іс жүзінде «Астана қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы» мемлекеттік мекемесіне берілгені ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл ретте аталған басқарма дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган емес. Бұл дербес деректер туралы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізудің тиімділігі тұрғысынан сұрақтар туындатады. Учаскелік комиссиялар тарапынан бақылаушылардың деректерін шамадан тыс жинау ықтималдығы туралы сөз болып отырған жағдайда, уәкілетті орган тарапынан мазмұнды тексерудің болмауы бақылаушыларды құқықтық қорғау деңгейін төмендетеді және кейінгі сайлау науқандарында осындай заң бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етпейді.
Бақылаушылардың дербес деректерін шамадан тыс жинау фактілері бойынша сот тәртібімен тиісті түрде шағым түсіріледі.

Айта кету керек, сайлау комиссиялары жүйесі тарапынан дербес деректермен жұмыс істеудің тиіссіз тәжірибесі тек дауыс беру күні ғана көрініс тапқан жоқ. Референдумға дайындық кезеңінде қазақстандық әлеуметтік желі мен интернет-медиада азаматтардың референдумның әлеуетті сайлаушысының тегі, аты және әкесінің аты, нақты тұратын мекенжайы көрсетілген атаулы «шақыру» парақшаларын тауып жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Басқаша айтқанда, азаматтардың нақты мекенжайы мен референдумның тиісті учаскелік комиссиясы көрсетілген, комиссия төрағасының қолы қойылған дербес деректері жалпыға қолжетімді жерде қалды. Бұл ретте, азаматтардың хабарлауынша, мұндай «шақырулар» көпқабатты үйлердің кіреберістерінде, үй маңындағы аумақтарда және басқа да қоғамдық орындарда ретсіз ілінген немесе шашылып жатқан. Бұл үшінші тұлғалардың азаматтардың дербес деректерімен, соның ішінде аты-жөнімен және тұратын мекенжайымен кедергісіз танысуына жағдай жасады. Мұндай тәжірибе заңдылықты, дербес деректерді өңдеуді барынша азайту және қауіпсіздік қағидаттарын сақтау, мемлекеттік органдар мен комиссиялардың азаматтарды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету міндеті тұрғысынан маңызды сұрақтар туындатады.
Қордың қолына осындай «шақыру» материалдарының бірі түсті. Қор өкілдері Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне (АҚК) дербес деректер туралы заңнаманың ықтимал бұзылуына қатысты тексеру жүргізу туралы тиісті өтініш дайындап, жолдады. Өз кезегінде АҚК әрекет ету шараларын қабылдау үшін негіз таппады және алдыңғы жағдайлардағыдай жауап дайындауды «Астана қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тапсырды. Жауапта сайлау комиссиялары өз өкілеттіктерінің шегінен шықпағаны және «Сайлау туралы» заңның ережелеріне сүйене отырып әрекет еткені көрсетілді.

Қор бұндай тәсілмен келіспейді. Қор өкілдерінің пікірінше, Ақпараттық қауіпсіздік комитеті жауап дайындауды дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган болмайтын мемлекеттік мекемеге бере отырып, іс жүзінде дербес деректер туралы заңнаманың ықтимал бұзылуына байланысты өтініштерді қарау бойынша өзінің тікелей өкілеттіктерін орындаудан жалтарды. Сот органдарына жүгіну де оң нәтиже бермеді. Сот жүйесі әкімшілік талап-арыздарды қараудан бас тартып, шын мәнінде сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік бермей отыр. Қазіргі уақытта Қор тарапынан сот қарауы барысында алынған деректерді жүйелеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр және Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгіну мүмкіндігі зерделеніп жатыр.
Дербес деректерді өңдеуге және учаскелердегі бақылаушылардың құқығын шектеуге байланысты заң бұзушылықтардан бөлек, Қор тәуелсіз бақылау миссиясына қысым жасау деп бағалануы мүмкін әрекеттерді де тіркеді.
2026 жылғы 15 наурызда сағат 18:00 шамасында Қор кеңсесіне полиция қызметкерлері келді. Қордың ақпараты бойынша, полиция өкілдері №349 учаскеде сайлаушыларды қосымша тізімге енгізу сәті түсірілген жазбаны өшіруді талап еткен. Қор заңгері бұл талап тиісті процессуалдық құжатқа негізделмегендіктен және іс жүзінде дауыс беру күнін бақылау барысына қатысты қоғамдық маңызы бар ақпаратты жою талабы болғандықтан, оны орындаудан бас тартты. Қор өкілдері бақылау материалдарын жариялауына байланысты ұйым немесе оның өкілдері формальды немесе негізсіз себептермен әкімшілік жауапкершілікке тартылу әрекеттеріне тап болуы мүмкін деп алаңдайды. Сонымен қатар Қордың пікірінше, дауыс беру күні полиция қызметкерлерінің Қор кеңсесіне келуі, жарияланған контентті өшіру туралы талап — тәуелсіз бақылаушыларға қысым жасаудың және қоғамдық бақылау миссиясының қызметіне араласу белгісі.
“Ішкі істер органдары өкілінің Қордың әлеуметтік желілерінде жарияланған материалды өшіру қажеттігі туралы талабы заң тұрғысынан кем дегенде даулы болды. Ішкі істер органдары өкілінің уәжі шамамен мынаған саяды: "Қордың әлеуметтік желісінде жарияланған материалда комиссия мүшелерінің аталған учаскеге аумақтық тұрғыдан қатысы жоқ адамдарға дауыс беруге мүмкіндік жасауы ықтимал деген күмәнді әрекеті көрсетілген; демек, бұл жарияланымда жалған ақпарат белгілері бар, сол себепті ол өшірілуге тиіс". Әңгіме барысында Қор заңгері бұл ақпараттың жалған емес екенін, шын мәнінде референдумның учаскелік комиссиясы өкілдерінің даулы әрекеттерін растайтын видео-дәлелдеме екенін және қолданыстағы заңнама негізінде сот процесі барысында пайдаланылатынын түсіндірді. Осымен әңгіме аяқталды. Дегенмен, ішкі істер органдары өкілінің Қордың әлеуметтік желілерінде орналастырылған материалды процедурадан тыс өшіру талабымен келуі — заңсыз”.
Роман Реймер
Қор заңгері
Сонымен қатар мобильді топтардың бақылауы барысында бюллетеньдерді жаппай тастау, қорытынды хаттамаларды толтырудағы дәлсіздіктер немесе дауыс беру процедураларынан өзге де елеулі ауытқулар сияқты заң бұзушылықтар тіркелмегенін атап өткен жөн.

іс-ӘРЕКЕТТЕРГЕ ШАҒЫМДАНУ

Референдумның учаскелік комиссияларының әрекеттеріне сот тәртібімен шағымдану

Қазақстандағы сайлау науқандарын өткізу тәжірибесі тәуелсіз бақылаушылардың сайлау учаскелері мен референдум учаскелерінде өз құқықтарының өрескел шектелуіне жиі тап болатынын көрсетеді. Мұндай шектеулер көбінесе ерікті сипатқа ие және дауыс беру барысына тәуелсіз қоғамдық бақылауды жүзеге асыруды айтарлықтай қиындатады.
Бақылаушылар сайлау процесінің маңызды бөлігі бола тұра және белгілі бір құқықтар тізбесімен қамтамасыз етілгеніне қарамастан, іс жүзінде учаскелік комиссиялардың мүшелері олардың қызметін процедуралардың ашықтығын бақылаудың заңды элементі ретінде әрқашан қабылдай бермейді. Кей жағдайларда комиссиялар бақылаушыларды учаске жұмысына кедергі келтіруші тұлғалар ретінде қарастырады. Бұл олардың қызметін шектеуге немесе жеткілікті құқықтық негізсіз учаскеден шығарып тастауға әрекет жасауға алып келеді.
Бақылаушылардың сайлау учаскесі аумағында болып жатқан жайттарды фото, аудио және видеоға түсіру құқығы жиі шектеледі, учаске аумағында еркін жүріп-тұруына тыйым салынады, сайлау комиссиясы мүшелерінің қызметіне қатысты сұрақтар қоюына жол берілмейді. Мұндай әрекеттер бақылаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіруі мүмкін және тиісті негіздер болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 126-бабында («Сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және байқаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіру») көзделген әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін құрайды.

Тәжірибеде мұндай шектеулер бақылаушылар үшін іс жүзінде оқшауланған аймақтардың құрылуына әкеп соғады, онда 8-10 бақылаушы ұйымдардың өкілдері мен БАҚ қызметкерлері бір мезгілде отырғызылады. Әдетте, көзделген орындардың саны шектеулі, ал мұндай аймақтардың орналасуы дауыс беру процедураларын, бюллетеньдерді беруді және комиссия жұмысын толыққанды бақылауға әрқашан мүмкіндік бере бермейді.
Нәтижесінде, бақылаушылардың учаскеде еркін жүріп-тұру, болып жатқан оқиғаларға жедел ден қою және ықтимал заң бұзушылықтарды толық көлемде тіркеу мүмкіндігі шектеледі. Бөлінген орыннан шығуға, комиссия мүшелерінен ақпарат сұрауға немесе фото және видео түсірілім жасауға талпыныстың кез келгені комиссиялар тарапынан учаскедегі тәртіпті бұзу ретінде бағаланып, бақылаушыны учаскеден шығарып тастауға негіз ретінде пайдаланылуы мүмкін. Мұндай шектеулердің жеке емес, жүйелі екенін және бір сайлау науқанынан екіншісіне қайталанып отыратынын атап өту маңызды.

Өкінішке қарай, бұл республикалық референдумдағы дауыс беру күні де ерекше болған жоқ. Дауыс беру күні учаскелерден Қордың екі бақылаушысы шығарылды. Әрбір жағдай бойынша Қор өкілдері Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тетіктерді пайдалана отырып, референдумның учаскелік комиссияларының әрекеттеріне сот тәртібімен шағымдануға әрекет жасады.

Бақылаушыларды учаскелерден шығарып тастау тәжірибесі жеке мәселеге айналды. Формальды тұрғыдан бақылаушыны шығару туралы акт — әкімшілік акт деп есептеледі және әкімшілік рәсімнің талаптарына сәйкес келуге тиіс. Мұндай акт заңды, негізді, түсінікті болуы және комиссия заң бұзушылық деп саралайтын әрекеттердің нақты сипаттамасын қамтуы қажет.

Бақылаушыны шығарудың заңдылығын бағалау үшін актінің жасалу фактісін ғана емес, оның мазмұнын, уәжін және үйлесімдік қағидатына сәйкестігін ескеру маңызды. Актіде бақылаушының әрекеттерінің нақты сипаттамасы, заңнаманың бұзылған нормасына сілтеме, бақылаушының әрекеттері комиссия жұмысына қалай кедергі келтіргені немесе учаскедегі тәртіпті қалай бұзғаны туралы негіздеме, неліктен дәл сол «шығарып тастау» шарасы қажет болғаны туралы түсініктеме болуы керек.

Бақылаушыны учаскеден шығару — өте қатаң шара, өйткені бұл оны дауыс беру күні қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігінен іс жүзінде айырады. Сондықтан мұндай істерді қарау кезінде бақылаушыны шығарып тастамай-ақ жағдайды реттеудің жеңілдетілген шаралары (ескерту жасау, тәртіпті түсіндіру, орнын ауыстыруды ұсыну немесе басқа да тәсілдер) қолданылып-қолданылмағанын бағалау қажет.

Алайда, бақылаушыларды шығару туралы актілер көбінесе нақты әрі құқықтық негіздемесіз, формальды түрде толтырылады. Оларда бақылаушының қандай әрекеті бұзушылық деп танылғаны, ол комиссия жұмысына қалай кедергі келтіргені және неліктен шығарып тастау ең қажетті әрі үйлесімді шара болғаны әрдайым айқын көрсетілмейді. Бұл бақылаушыны өз құқығын тиімді қорғау мүмкіндігінен іс жүзінде айырады, себебі шағымдануға жататын құжаттың өзі толыққанды құқықтық бағалау үшін жеткілікті ақпаратты қамтымайды.
Тағы бір қосымша проблема — институционал мүдделер қақтығысы. Бақылаушының сынына ұшыраған учаскелік комиссия — бір уақытта бақылаушы тарапынан орын алған болжамды заң бұзушылықты тіркеп, оны учаскеден шығару туралы шешім қабылдайтын орган. Кейіннен дәл сол комиссия жасаған құжаттар оның әрекеттерінің заңдылығының басты дәлелі ретінде пайдаланылады.
Нәтижесінде тұйық шеңбер пайда болады: комиссия бақылаушының қызметін шектейді, одан кейін оны шығару туралы актіні ресімдейді, содан соң дәл сол акт комиссия әрекеттерінің құқыққа сәйкестігін растау ретінде пайдаланылады. Мұндай тәсілмен бұзушылықтың нақты мән-жайы, бақылаушылардың уәждері мен шығаруға дейінгі жағдайлар тиісті дәрежеде зерттелмей қала береді.
Ең басты түйткіл мынада: учаскелік комиссиялар, әдетте, өз қателіктерін мойындамайды және бақылаушылардың ескертулерін заңды қоғамдық бақылаудың бөлігі ретінде қарастырмайды. Тәжірибеде оларға өз әрекеттерінің заңсыздығын мойындағаннан немесе анықталған бұзушылықты жойғаннан гөрі, бақылаушының әрекетін учаскедегі тәртіпті бұзу деп саралап, оны шығарып тастау әлдеқайда оңай. Мұндай көзқарас сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін механизм ретіндегі бақылау идеясының өзін жоққа шығарады.

Сот арқылы шағымдану да қорғау құралы ретінде тиімділігін көрсете алмады. Мән-жайларды мазмұнды тексерудің орнына, соттар ұсынылған құжаттарды формальды бағалаумен шектеледі және, әдетте, комиссиялардың ұстанымын қолдайды. Бұл бақылаушылардың құқығының бұзылуы тиісті құқықтық бағалаусыз қалуына және бақылаушылардың өздері құқықтық қорғаудың тиімді құралдарынан іс жүзінде айырылуына әкеп соғады.
Мұнда уақыт факторының маңызы зор. Бақылаушыны шығарып тастау дауыс беру күні, яғни оның учаскеде болуы қоғамдық бақылау үшін тікелей маңызға ие сәтте орын алады. Егер сот мұндай шешімдерге жедел әрі мазмұнды тексеру жүргізбесе, кейінгі шағымдану дауыс беру процесін бақылау мүмкіндігін қалпына келтіре алмайды.

Осылайша, проблема тек бақылаушыларды шығарудың жеке жағдайларында ғана емес, мұндай шешімдердің заңдылығын тексерудің тиімді тетігінің жоқтығында жатыр. Қолданыстағы шағымдану жүйесі бұзылған құқықтарды толыққанды қалпына келтіруді қамтамасыз етпейтіндей етіп құрылған. Әрекетіне шағым түсірілген комиссиялар өздері құжаттар мен түсініктемелерді дайындайды, ал кейіннен осылардың негізінде олардың әрекеттерінің заңдылығы бағаланады. Жоғары тұрған органдар мен соттар, әдетте, комиссиялардың әрекеті заңды деп алдын ала пайымдап (презумпция), бақылаушылар көрсеткен мән-жайларға толыққанды баға бермейді.
Мұндай тәжірибе елеулі процессуалдық тәуекелдерді тудырады. Біріншіден, сот бақылауының алдын алу, превентив мәні төмендейді, себебі учаскелік комиссиялар бақылаушылардың құқығын өз бетінше шектегені үшін нақты жауапкершілікке тартылмайды. Екіншіден, бақылаушыны шығарып тастау қоғамдық бақылауды жоюдың ыңғайлы құралына айналатын жазасыздық тәжірибесі қалыптасады. Үшіншіден, сайлау процесінде бұзылған құқықтарды қалпына келтіру тетігі ретінде сот арқылы қорғалуға деген сенім жоғалады.
Қор тәуелсіз бақылаушылар мен бақылау жүзеге асыратын ұйымдарға қысым жасаудың басқа да түрлерінің пайда болғанын атап өтеді. Атап айтқанда, заң бұзушылықтар жарияланғаннан кейін сотқа дейінгі талап-арыздар, ақпаратты таратуды тоқтату туралы талаптар және моральдық зиянды өтеу туралы арыздар қолданылуы мүмкін. Бұл бақылаушылар мен ұйымдардың кейінгі құқықтық қысымнан қауіптеніп, заң бұзушылықтар туралы ашық айтудан бас тартатын «тежеуші әсер» тудыруы мүмкін.
Осылайша, референдумның учаскелік комиссияларының әрекеттеріне сот тәртібімен шағымдану іс жүзінде бақылаушылардың құқығын тиімді қорғауды қамтамасыз етпейді. Қолданыстағы жүйе комиссиялардың шешімдерінің заңдылығын мәні бойынша тексеруден гөрі, оларды қайталауға және заңдастыруға бейім. Бұл комиссиялардың өкілеттігі мен тәуелсіз бақылау кепілдіктері арасындағы теңгерімсіздікті тудырады, ал бұл нормативтік реттеуді де, құқық қолдану тәжірибесін де қайта қарауды талап етеді.
Бұл мәселені шешу үшін бақылаушыларды шығару туралы актілерге нақтырақ талаптар орнату, комиссияларға мұндай шешімдерді егжей-тегжейлі негіздеу міндетін жүктеу, шағымдарды жедел әрі мазмұнды сот қарауымен қамтамасыз ету, сондай-ақ бақылаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін нақты жауапкершілік енгізу қажет.

түйін

Қор жүргізген республикалық референдумға дайындық және оны өткізу мониторингі сайлау процесінің әлі күнге дейін қоғамдық талқылаудың сапасына, үгіт-насихат жағдайының теңдігіне, дауыс берудің ашықтығына және тәуелсіз бақылаудың тиімділігіне әсер ететін жүйелі проблемалармен қоса жүретінін көрсетеді.
  • Науқанның тығыз мерзімі қоғамдық талқылауға толыққанды мүмкіндік бермеді
    Науқанды өткізу мерзімі (32 күн) референдумға шығарылған мәселенің ауқымына сәйкес емес. Мәселе жеке түзетулер туралы емес, жаңа Конституцияны қабылдау туралы болды. Бұл мәтінді талдау, сараптамалық бағалау, көпшілік алдында талқылау және азаматтардың саналы ұстанымын қалыптастыру үшін объектив түрде ұзағырақ кезеңді талап етті. Қор уақыттың шектеулі жағдайында қоғамның, азаматтық сектордың, тәуелсіз сарапшылардың, БАҚ және саяси актерлердің жобаны мазмұнды талқылауға жеткілікті мүмкіндігі болмағанын атап өтеді. Конституция қоғамдық келісімнің негізі болатынын және ол мейлінше кең, инклюзив әрі ашық талқылау жағдайында қабылдануға тиіс екенін ескерсек, бұл өте маңызды.
  • Қоғамдық пікірталас теңгерімсіз болды және баламалы ұстанымдардың тең өкілдігін қамтамасыз етпеді
    Медиа-мониторинг нәтижелері науқан кезеңіндегі ақпараттық кеңістіктің негізінен референдумға қатысу қажеттігін және жаңа Конституция жобасын қолдауды ілгерілетуге бағытталғанын көрсетті. Ұлттық телеарналарда сыни ұстанымдар мен балама пікірлер ұсынылған жоқ.
    Жобаға қатысты барлық сын іс жүзінде шеттетілді, ал әлеуметтік желіде де, офлайн режимде де «қарсы» шыққан азаматтар қысымға, айыппұлдарға және қамауға ұшырады. Мемлекеттік насихаттың барлық күші жаңа Конституция жобасын ілгерілетуге бағытталып, қоғамдық кеңістікте қарсылықтар мен сындарға орын қалдырмағанын растауға болады.
    Мемлекетшіл науқан барысында жаңа Конституция жобасын көпшілік алдында ілгерілетудің әртүрлі формалары: сыртқы жарнама, БАҚ-тағы жарияланымдар, әлеуметтік желідегі белсенділік, көпшілік іс-шаралар, мәдениет, спорт және қоғамдық саланың танымал өкілдерінің қатысуы пайдаланылды. Бұл құралдар аудиторияны кеңінен қамтуға мүмкіндік берді.
    Сонымен бірге Қор баламалы немесе сыни ұстанымдарды ұсынуға бағытталған осындай ауқымдағы науқандарды тіркеген жоқ. Бұл үгіт-насихат ортасындағы теңгерімсіздікті және қоғамдық талқылауда плюрализмнің жоқтығын көрсетеді.
  • Референдум туралы заңнамада әкімшілік және ақпараттық ресурсты бір ұстанымның пайдасына пайдалануға мүмкіндік беретін олқылықтар бар
    «Референдум туралы» заңның үгіт науқанын ұйымдастыруға қатысты бұлыңғыр нормалары, атап айтқанда мемлекеттік қызметшілер үшін үгіт жүргізуге тікелей тыйымның болмауы жобаны ілгерілету үшін бірқатар үгіт-насихат алаңдарын құруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар «Референдум туралы» заңның 7-бабының 1-тармағында қамтылған референдумға шығарылған мәселе бойынша пікірді еркін білдірудің кепілдендірілген құқығы туралы норма іс жүзінде елеусіз қалдырылды.
  • Келу көрсеткішін бақылаудың тіркелген тәжірибелері алаңдаушылық тудырады
    Қор бақылаушылары дауыс беруді растауға байланысты фотоға түсіру жағдайларын қоса алғанда, азаматтардың жеке топтарының дауыс беруге қатысуын бақылауды білдіруі мүмкін тәжірибелерді тіркеді. Бұл ретте Қазақстан азаматтарына жүргізілген қуатты үгіт-насихат жұмыстары дауыс берудің қажетті нәтижесін қамтамасыз етудің жалғыз құралы емес екенін атап өтуге болады. Бақылаушылар барған дерлік әрбір учаскеде фото арқылы келуді бақылау тәжірибесінің тіркелуі үгіт-насихат компонентінен бөлек, электораттың бір бөлігінің келуіне бақылау жасалатынын көрсетеді. Мұндай тәжірибелер бюджеттік сала қызметкерлерін, студенттерді және тәуілді ұйымдардың қызметкерлерін қоса алғанда, тәуелді сайлаушылар топтарына қатысты өте сезімтал болып отыр. Тіпті мәжбүрлеудің тікелей дәлелі болмаса да, мұндай әрекеттер сайлаушыларға қысым жасау қаупін тудырады және ерікті түрде еркін білдіру қағидатына кері әсерін тигізуі мүмкін.
  • Дауыс беру күнін ұйымдастыру алдыңғы сайлау науқандарына тән проблемаларды қайталады
    Дауыс беру процесін ұйымдастыру және өткізуге келетін болсақ, процестің жалпы алғанда алдыңғы сайлау науқандарынан айтарлықтай өзгеше болмағанын айтуға болады. Бақылаушылар бірдей заң бұзушылықтарды тіркеп отыр және жағдайдың жақсарғанына ешқандай белгі жоқ. Бұл референдум комиссиялары мүшелерін оқытудың формальды түрде жүзеге асырылатынын, комиссия мүшелерінің біліктілігі орташа есеппен төмен деңгейде қалып отырғанын және өзгерістердің учаскелердегі процедураларды оңтайландыру бойынша саналы әрі ерікті қызметтен гөрі, бақылауды күшейтуге қатысты екенін көрсетеді.
  • Учаскелік комиссия мүшелерінің құқықтық дайындық деңгейі жеткіліксіз
    Мобильді топтар жұмысының мақсаттарының бірі референдумның учаскелік комиссия мүшелерінің сайлау заңнамасын және референдум өткізу процесін білу мен түсіну саласындағы дайындық дәрежесін анықтау болды. Қор референдумның учаскелік комиссия мүшелерінің басым көпшілігі бақылаушылардың әрекеттеріне тиісті құқықтық баға бере алмайтынын констатациялайды. Қор сайлау комиссиялары мүшелері тарапынан бақылаушыларды шығарып тастаудың елде қалыптасқан тәжірибесіне күмән келтіреді және тәуелсіз бақылаушыларды учаскелерден шығару ерікті сипатта өтеді, сондықтан заңсыз деп санайды.
  • Бақылаушылардың құқығын шектеу — жүйелі негізгі проблемалардың бірі
    Бақылаушылар фото, аудио және видеоға түсіруге тыйым салу, учаскеде жүріп-тұруды шектеу, бюллетеньдерді беру мен дауыс беру процедураларын көру мүмкіндігінің төмендігі, учаскеден шығарып тастау қаупі сияқты кедергілерге тап болуын жалғастыруда. Мұндай шектеулер тәуелсіз қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға кедергі келтіреді және электоралдық процестің ашықтығын төмендетеді.
    Қор бақылаушылардың құқықтарын шектеулі емес, бақылаудың мақсаты — дауыс беру процесінің ашықтығын, жариялығын және оған деген сенімді қамтамасыз ету тұрғысынан түсіндіру қажет деп есептейді. Қор тәуелсіз бақылаушылардың қызметіне кез келген қысым мен кедергі жасауды, соның ішінде кеңседегі және бақылаушылардың мобильді құрылғыларындағы интернетті өшіру немесе баяулатуды жол берілмейтін әрекет деп санайды. Қор құқық қорғау органдары тарапынан болатын қысымды, әлеуметтік медиадан контентті өшіру туралы талапты, бопсалау мен қорқытуды да жол берілмейтін әрекет деп біледі. Мұндай іс-қимылдар биліктің ашық әрі заңды сайлау процесіне мүдделілігіне күмән келтіреді.
  • Учаскелік комиссиялардың әрекеттеріне сот арқылы шағымдану тетігі бақылаушылардың құқығын тиімді қорғауды қамтамасыз етпейді
    Учаскелік комиссиялардың әрекеттеріне сот тәртібімен шағымдану әрекеттері қолданыстағы тетік бұзылған құқықтарды толыққанды қалпына келтірмейтінін көрсетті. Соттар, әдетте, комиссиялардың құжаттарын формальды бағалаумен шектеліп, бақылаушылар көрсеткен мән-жайларға мазмұнды баға бермейді.
    Әрекеттеріне шағым түсірілген комиссияның өзі бақылаушыны шығару туралы актіні толтырып, кейіннен сол актінің өз әрекеттерінің заңдылығын растайтын басты дәлел ретінде пайдаланылуы ерекше проблема туғызады. Мұндай тәжірибе процессуалдық теңгерімсіздік тудырып, бақылаушыны іс жүзінде қорғанудың тиімді құралынан айырады.
  • Бақылаушылар мен азаматтардың дербес деректерін шамадан тыс жинау ерекше назар аударуды талап етеді
    Қор сайлау комиссиялары мүшелері тарапынан бақылаушылардың дербес деректерін (жеке куәліктерін ксерокөшірмелеу/сканерлеу/фотоға түсіру) шамадан тыс жинаумен байланысты кейбір учаскелерде сақталып отырған тәжірибеге назар аударады. Бұл жағдай қосымша түсіндіруді және дербес деректерді жинау тақырыбын учаскелік комиссия мүшелерін оқыту бағдарламасына енгізуді талап етеді.
    Сонымен қатар, науқан кезінде азаматтардың дербес деректерін, соның ішінде аты-жөні мен тұратын мекенжайын көрсете отырып, атаулы «шақыру» материалдарын тарату жағдайлары тіркелді. Мұндай материалдарды кіреберістерде, аулаларда және басқа да көпшілік орындарда орналастыру үшінші тұлғалардың азаматтардың дербес деректерімен танысуына жағдай жасады.
  • Тәуелсіз бақылаушылар мен бақылау ұйымдарына қысым жасауға жол берілмейді
    Қор электорал процестерге мониторинг жүргізетін тәуелсіз бақылаушылар мен ұйымдарға қысым жасаудың кез келген түрін жол берілмейтін әрекет деп санайды. Мұндай формаларға учаскелердегі бақылаушылардың жұмысына кедергі келтіру, жария материалдарды өшіру туралы заңсыз талаптар, бақылау штабының жұмысына араласу, жауапкершілікке тартамыз деп қорқыту, сондай-ақ интернетке қолжетімдікті шектеу немесе үзілістер жасау сияқты техникалық кедергілер жатады.
    Мұндай әрекеттер «тежеуші әсер» тудырып, заң бұзушылықтар туралы көпшілікке хабарлау мүмкіндігін шектейді және мемлекеттік органдардың ашық, жария әрі заңды электоралдық процесті қамтамасыз етуге мүдделілігіне күмән келтіреді.
  • Мүгедектігі бар сайлаушылар үшін учаскелердің қолжетімділігі жеткіліксіз болып қалуда
    Навигация, салыстырмалы түрде, қанағаттанарлық болғанымен, мүгедектігі бар сайлаушылар үшін учаскелердің физикалық қолжетімдігі — үлкен мәселе болып отып. Учаскелердің тек бір бөлігі ғана толығымен қолжетімді деп танылды. Істемейтін дабыл түймелері, тар немесе жабылып тасталған өткелдер, тым тік пандустар ең көп тараған кедергілер болды. Бұл мәселені қолжетімді ортаны бейімдеу деңгейінде, соның ішінде жаңадан салынып жатқан нысандардың ҚНжЕ-лері (СНиП) мен ескі ғимараттарды қайта жаңарту арқылы шешу қажет.
    Қолжетімді орта элементтерінің формалды түрде болуы олардың іс жүзінде жарамды екенін білдіре бермейді. Бұл мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруге өз бетінше қатысуын шектейді және учаскелердің қолжетімділігіне дауыс беру күні ғана емес, дауыс беруге дейін де жүйелі бағалау жүргізуді талап етеді.
  • Референдум электоралдық процестерді реттеу мен әкімшілендіру тәсілдерін кешенді түрде қайта қарау қажеттілігін көрсетті
    Анықталған проблемалар — кездейсоқ мәселе емес. Олардың көбі бір сайлау науқанынан кейін екіншісінде де қайталанады. Бұл жүйелі өзгерістердің қажеттігін көрсетеді: референдум және сайлау туралы заңнаманы жетілдіру, комиссия мүшелерін оқыту сапасын арттыру, бақылаушылардың құқығын нақты қорғауды қамтамасыз ету, дербес деректер кепілдігін күшейту және көпшілік алдында үгіт жүргізу үшін тең жағдай жасау.
    Қор референдумға және басқа да электорал процедураларға деген сенім дауыс беру нәтижелеріне ғана емес, бүкіл процестің сапасына: дайындықтың ашықтығына, науқан шарттарының теңдігіне, пікір білдіру бостандығына, дауыс берудің қолжетімділігіне, тәуелсіз бақылауға және құқықтық қорғаудың тиімділігіне тікелей байланысты екенін баса айтады.

ұсыныстар

Қазақстан Республикасының Парламентіне

  • «Референдум туралы» заңның 19-бабына тиісті өзгерістер енгізу арқылы референдум өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап екі айдан ерте емес және үш айдан кешіктірмей өткізуді заңнамалық түрде бекіту. Конституциялық жоба немесе ауқымды конституциялық өзгерістер шығарылған жағдайда, бұл мерзім жобаның түпкілікті мәтіні ресми жарияланған күннен бастап есептелуі тиіс.
  • Референдумға шығарылатын жобаның түпкілікті редакциясын дауыс беру күнін тағайындағанға дейін немесе референдум өткізу туралы шешім қабылданған күннен кешіктірмей ресми жариялау міндетін заңнамалық түрде бекіту. Референдум тағайындалғаннан кейін қоғамдық талқылау мерзімдерін қайта бастамай, жоба мәтінін өзгерту мүмкіндігін жою.
  • «Референдум туралы» заңның 7-бабына өзгерістер енгізіп, референдум мәселесін қолдау және оған қарсы үгіт жүргізу үшін тең мүмкіндіктерді бекіту. Тараптардың көпшілік алаңдарына, БАҚ-қа, сыртқы үгітке және басқа да коммуникация арналарына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.
  • Лауазымды, мемлекеттік ресурстарды, бюджеттік ұйымдарды, тәуелді еңбек ұжымдары мен білім беру мекемелерін референдум/сайлау мәселесі бойынша бір позицияны ілгерілету үшін пайдалануға тікелей тыйым салу. Үгіт іс-шараларына мәжбүрлеп қатыстыру, келуді бақылау және дауыс беруге қатысуды растауды талап ету үшін жауапкершілікті қарастыру.
  • Мемлекеттік органдар референдум өткізу тәртібі, мерзімдері, учаскелер мен дауыс беру процедуралары туралы бейтарап ақпарат беруге құқылы, бірақ референдумға шығарылған мәселе бойынша жауаптың нақты нұсқасын ілгерілетпеуі тиіс екенін заңнамалық түрде айқындау.
  • «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізіп, бақылаушылардың дауыс беру үй-жайында еркін жүріп-тұру, бюллетеньдерді беру, дауыстарды санау және хаттамалар жасау процедураларын көру; фото, аудио және видеоға түсіру құқығын тікелей бекіту. Сайлау учаскелерінен бақылаушыларды заңсыз шығару тәжірибесін тоқтату.
  • Учаскелік сайлау комиссияларының өкілдерімен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс нормалары бойынша жұмыс істеп, бақылаушыны шығару туралы уәжді шешімдер дайындауға үйрету. Кәсіби білікті арттыру курстарын өткізу немесе комиссия құрамына тиісті білімі мен тәжірибесі бар кемінде бір заңгерді қосуды қарастыру.
  • Бақылаушыларды жіберетін коммерциялық емес ұйымдарды міндетті түрде аккредиттеуден бас тарту. Аккредиттеудің рұқсат беру немесе квази-өкімдік сипатын хабарламалық тәртіппен алмастыру қажет. Коммерциялық емес ұйымдар заңның жалпы талаптарына сай келсе, олар бақылаушыларын сайлау учаскелеріне ешқандай қосымша әкімшілік кедергісіз жібере алуы (немесе жіберуге құқылы болуы) тиіс.
  • Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде бақылаушылардың дербес деректерін шамадан тыс жинау тәжірибесін тоқтату.
  • Учаскелік комиссия мүшелерін оқыту бағдарламасына электорал заңнамамен қатар дербес деректер туралы заңнаманы да қосу.
  • Сайлауда бақылаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіру фактілерін тиісті түрде тергеу.
  • Бақылаушыны шығару тек комиссия жұмысына кедергі келтіретін немесе дауыс беруге қатысушылардың құқығын бұзатын елеулі әрі дәлелденген заң бұзушылық болған жағдайда ғана ерекше шара ретінде қолданылуға тиіс. Өрескел бұзушылықтардан басқа жағдайларда бақылаушыға заң нормасы көрсетілген жазбаша ескерту жасалуға тиіс.
  • Шығару туралы актінің әкімшілік акт екенін және онда мынадай мәліметтердің болуы керек екенін белгілеу: бақылаушының нақты әрекеттерінің сипаттамасы, бұзылған норма, нақты мән-жайлар, дәлелдер, шығару қажеттілігінің негіздемесі және шағымдану тәртібін түсіндіру. Мұндай мәліметтері жоқ актілер заңды деп танылмауы керек.
  • Референдум кезінде митингілерді, пикеттерді, шерулерді және басқа да көпшілік іс-шараларды кедергісіз ұйымдастыру мүмкіндігін қамтамасыз ету. Бейбіт жиналыстар туралы заңнама баламалы немесе сыни ұстанымдарды шектеу үшін қолданылмауы қажет.

Референдумды өткізу жөніндегі орталық комиссияға / Орталық сайлау комиссиясына

  • Учаскелік комиссияларға арналған міндетті нұсқаулықтарды әзірлеу. Онда бақылаушылардың дауыс берудің негізгі рәсімдерін көруге, процеске кедергі келтірмейтін шектерде учаске бойынша еркін жүруге, фото және видеоға түсіруге, комиссияға сұрақ қоюға және болуы мүмкін заң бұзушылықтарды тіркеуге құқылы екені нақты көрсетілуге тиіс.
  • Бақылаушыларды дауыс беру процесі дұрыс көрінбейтін жерлерге орналастыру тәжірибесін алып тастау. Олардың орындары бюллетеньдерді беруді, дауыс беру жәшіктерін, комиссияның әрекеттерін және дауыстарды санау рәсімін көруге мүмкіндік беруі шарт. Бақылаушыларға арналған орындар бақылаудың мәнін жоятын оқшауланған аймақтарға айналмауы керек.
  • Актінің нысаны әкімшілік рәсім талаптарына сәйкес келуі және мынадай міндетті өрістерді қамтуы керек: бақылаушының нақты әрекеті, бұзылған норма, дәлелдер, бақылаушының түсініктемесі, ескерту жасалғаны туралы мәлімет, шығарудың үйлесімділігін негіздеу және шағымдану тәртібі.
  • Комиссия мүшелерін оқыту бағдарламасын жетілдіру. Оқыту бағдарламасына бақылаушылардың құқықтары бойынша жеке модуль қосу. Оқыту тәжірибеге бағытталған болуы және типикалық жағдайларды (фото/видео түсіру, орын ауыстыру, комиссия мүшелерімен өзара іс-қимыл, актілер толтыру) талдауды қамтуы керек.
  • Учаскелік комиссия мүшелерін даярлау бағдарламасына әкімшілік рәсімдердің негіздерін, әкімшілік актілерге қойылатын талаптарды, үйлесімділік қағидатын, шешімдерді негіздеу ережелерін және бақылаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті қосу.
  • Әрбір учаскелік комиссия құрамына заңгерді қосу немесе комиссияларға жедел заңгерлік қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыру. Бұл бақылаушыларды шығару, тізімдерді жүргізу және даулы жағдайларда заңнаманы қолдануға байланысты ерікті шешімдердің санын азайтады.
  • Қосымша тізімдерге енгізу тәртібін біріздендіру. Азаматтың қосымша тізімге қай жағдайда енгізілетіні, ол үшін қандай құжаттар қажет екені және комиссияның қандай әрекеттеріне жол берілмейтіні туралы нақты нұсқаулықтар жіберу.
  • Келуді бақылау тәжірибесіне тыйым салу: Комиссияларға, мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілерге және басқа да ұйымдарға фотоесептерді, дауыс беруге қатысуды растауды талап етудің жол берілмейтінін және бұл сайлаушыларға қысым жасау түрі ретінде қарастырылуы мүмкін екенін түсіндіру.
  • Учаскелердің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Дауыс беру күніне дейін қолжетімдік элементтерінің (пандустар, лифтілер, дабыл түймелері, өткелдердің ені, навигация) тек формальды бар болуын ғана емес, олардың іс жүзінде жарамдылығын тексеру.

Референдумның учаскелік комиссияларына

  • Бақылаушылармен адал өзара іс-қимылды қамтамасыз ету. Бақылаушылардың ескертулерін комиссия жұмысына араласу емес, қоғамдық бақылаудың бөлігі ретінде қарастыру қажет. Комиссиялар бақылаушылардың актілерін қабылдауға, өтініштерін тіркеуге және оларға уәжді, негізделген жауап беруге міндетті.
  • Бақылаушылардың құқықтарын заң талаптарынан тыс шектемеу. Учаскеде жүріп-тұруға, фото және видео түсірілім жасауға, комиссия мүшелеріне жүгінуге немесе бюллетеньдерді беру процесін бақылауға негізсіз (ерікті түрде) тыйым салынбауы керек. Кез келген шектеу заңның нақты нормасына негізделуі, сондай-ақ қажетті әрі үйлесімді болуы шарт.
  • Бақылаушыларды формальды немесе негізсіз шығарып тастау тәжірибесін тоқтату. Учаскеден шығару шарасы сынға, ескертулерге немесе ықтимал заң бұзушылықтарды тіркеуге қарсы реакция ретінде қолданылмауы керек. Комиссиялар бұл шараны тек ерекше жағдайларда және тиісті құқықтық негіздемесі болған кезде ғана қолдануы қажет.
  • Бақылаушылардың дербес деректерін шамадан тыс жинауды тоқтату. Бақылаушыларды тіркеу кезінде комиссиялар тек олардың мәртебесін растау үшін тікелей қажетті мәліметтерді ғана жинауы қажет. Тікелей құқықтық негіз болмаса, жеке куәліктерді көшірмелеуге, суретке түсіруге немесе сканерлеуге жол берілмеуі керек.

Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне және дербес деректер саласындағы уәкілетті органдарға

  • Электорал процесте дербес деректерді өңдеу бойынша жеке түсіндірмелер әзірлеу. Түсіндірмелер бақылаушылардың, комиссия мүшелерінің, сайлаушылардың, референдумға қатысушылардың деректерін өңдеуді, сондай-ақ дауыс беруге шақыру қағаздарын дайындау және тарату тәртібін қамтуы керек.
  • Үшінші тұлғалардың дербес деректерге қол жеткізуіне мүмкіндік беретін жағдайларда атаулы шақыру қағаздарын таратуға тыйым салу. Азаматтардың аты-жөнін, тұратын мекенжайын немесе өзге де жеке басын сәйкестендіретін мәліметтерді қамтитын шақырулар кіреберістерде, аулаларда, ашық беттерде немесе өзге де көпшілікке қолжетімді орындарда жатпауы керек.
  • Дербес деректер туралы заңнаманы бұзу фактілері бойынша өтініштерге дербес тексеру жүргізу. Дербес деректер туралы заңнаманың ықтимал бұзылуы туралы өтініштерді уәкілетті орган мәні бойынша қарауға тиіс және олар жауап дайындау үшін тиісті құзыреті жоқ органдарға берілмеуі керек.
  • Дербес деректерді қорғау мәселесін комиссия мүшелерін міндетті түрде оқыту бағдарламасына енгізу. Комиссия мүшелері дербес деректерді өңдеудің заңдылық, дерек жинауды барынша азайту (минимизация), құпиялық және қауіпсіздік қағидаттарын түсінуі тиіс.

Қазақстан Республикасының Соттарына

  • Бақылаушылардың комиссиялардың әрекеттеріне түсірген шағымдарын мазмұнды қарауды қамтамасыз ету. Бақылаушыларды учаскеден шығару туралы істерді қарау кезінде соттар тек комиссия актісінің бар-жоғын ғана емес, нақты мән-жайларды, шешімнің уәжін (негіздемесін), дәлелдемелерді, шығару шарасының үйлесімділігін және мейлінше аз шектейтін шараларды қолдану мүмкіндігін бағалауы керек.
  • Бақылаушылардың құқықтарын қорғаудың шұғыл сипатын ескеру. Бақылаушыны шығарып тастау дауыс беру күні орын алатындықтан және бұл оны бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігінен дереу айыратындықтан, мұндай шағымдар жедел әрі басымдықпен қаралуы қажет. Сот арқылы қорғау дауыс беру аяқталғаннан кейін заң бұзушылықты тіркеп қана қоймай, бақылау жүргізу құқығынан қайтымсыз айырылудың алдын алуға қабілетті болуы шарт.
  • Дәлелдеу ауыртпалығын бақылаушыларға шамадан тыс артпау. Комиссия шығару туралы шешімді өзі қабылдап, өз әрекеттерін растайтын құжаттарды да өзі жасайтын жағдайларда, соттар комиссия материалдарын сыни тұрғыдан бағалап, процесте тараптардың нақты теңдігін қамтамасыз етуі керек.

Құқық қорғау органдарына

  • Тәуелсіз бақылаушылар мен бақылау ұйымдарына қысым жасауға жол бермеу. Полиция қызметкерлерінің келуі, жарияланымдарды өшіруді талап ету, ықтимал жауапкершілік туралы ескертулер және заң бұзушылықтарды көпшілікке жариялауға байланысты өзге де әрекеттер бақылаушыларға қысым жасау құралы ретінде пайдаланылмауы керек.
  • Бақылаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіру фактілерін тиісті түрде тергеу. Бақылаушылардың құқықтарын бұзу туралы хабарламалар толық, объективтң және уақтылы тексерілуі қажет. Негіздер болған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 126-бабын қолдану қажет.
  • Тәуелсіз бақылау штабтарының жұмысына араласпауды қамтамасыз ету. Бақылау штабтарының жұмысы, учаскелерден ақпарат жинау және дауыс беру барысы туралы қоғамдық маңызы бар ақпаратты жариялау азаматтық қоғамның заңды қызметі ретінде қарастырылуы керек.

Мемлекеттік органдарға (әкімдіктерге) және электорал процесті ұйымдастырушыларға

  • Тәуелсіз сайлаушылар топтарына қысым жасау тәжірибесін тоқтату. Бюджеттік сала қызметкерлерін, студенттерді, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлерін дауыс беруге, үгіт-насихат іс-шараларына қатысуға немесе келуді растайтын дәлелдемелерді ұсынуға мәжбүрлеуге жол берілмеуі керек.
  • Бақылаушылар мен БАҚ жұмысы үшін тұрақты техникалық инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Тәуелсіз бақылаушылардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін кез келген техникалық шектеулерді, соның ішінде байланыстың үзілуін, мобильді интернетті шектеуді немесе бақылау штабтарының мобильді топтармен коммуникациясына араласуды болдырмау қажет.
  • Бақылаумен айналысатын тәуелсіз ұйымдармен тұрақты диалог тетігін құру. Референдумның орталық комиссиясына, ОСК-ға, жергілікті атқарушы органдарға және құқық қорғау органдарына анықталған проблемаларды талқылау және болашақта олардың алдын алу мақсатында науқан басталғанға дейін, дауыс беру күні және қорытындылар шығарылғаннан кейін мұндай ұйымдармен тұрақты консультациялар өткізу ұсынылады.

Азаматтық қоғамға және сайлауды бақылайтын ұйымдарға

  • Заң бұзушылықтарды құжаттандыруды және тәжірибені жүйелеуді жалғастыру. Тәуелсіз ұйымдарға бақылаушылардың құқықтарын шектеу, дербес деректерді шамадан тыс жинау, сайлаушыларға қысым жасау және учаскелердің қолжетімдігіне қатысты проблемаларды тіркеуді жалғастыру.
  • Жүйелі заң бұзушылықтарға шағымданып, стратегиялық сот тәжірибесін қолдану. Ұлттық қорғау тетіктері азаматтардың құқықтарын қорғамаса, бақылау ұйымдарына жоғары тұрған сот инстанцияларына, Конституциялық Сотқа және адам құқықтарын қорғаудың халықаралық тетіктеріне стратегиялық жүгіну мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
18 +
Сайт отражает информацию о правозащитной деятельности, начатой ОФ «Еркіндік Қанаты» в 2015 году, направленной на образование в области прав человека. Использование материалов сайта ErkindikQanaty.kz — только со ссылкой на ресурс.
HR Hub - зал для проведения тренингов доступен с 10:00 до 20:00
Выходной – воскресенье.
erkindikkanaty@gmail.com
г. Астана, ул. Кенесары 8, офис 1417, 14 этаж.

+7 7172 76 81 24
Мнение выступающих и формулировка тем мероприятий, проходящих в HR Hub, могут не отражать официальную позицию Фонда
Подпишитесь
на наши новости
Дизайн и разработка сайта – ARTERIA