Ұзақ мерзімді бақылау

азаматтық қоғамға арналған практикалық нұсқаулық

Кіріспе

Сайлауды ұзақ уақыт тәуелсіз бақылау не үшін қажет? Сайлау процесін тұтастай бағамдап, оның халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнамаға сәйкестігін бағалау үшін ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау жүргізу қажет.

Қазақстан үшін ұзақ мерзімді бақылаудың маңызы ерекше.

Кейінгі сайлау науқандарында отандық және халықаралық бақылаушылар, соның ішінде ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы сайлаудың бәсекеге қабілеті мен ашық болуына кері әсер ететін жүйедегі олқылықтарды бірнеше рет атап көрсетті

Бұл қатарға кандидаттарды тіркеу кезіндегі түрлі шектеулер, сайлау комиссияларының толық тәуелсіз болмауы, бұқаралық ақпарат құралдарына теңдей қол жеткізе алмау және әкімшілік ресурстарды пайдалану жағдайлары кіреді.

Сайлаудағы мәселелер тек дауыс беру күні ғана туындамайды. Жүйедегі заң бұзу деректері мен кемшіліктер науқанға дайындық кезеңінде, кандидаттарды тіркеу, сайлау комиссияларын құру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және дауыстарды санау барысында да кездесуі мүмкін.

Мұндай жағдайлардың басым бөлігі дауыс беру күніне дейін болатындықтан, бір күндік бақылау сайлау процесінің толық көрінісін ашып көрсете алмайды. Сондықтан ұзақ мерзімді бақылау сайлаудың барлық кезеңін қамтып, оның іс жүзінде қалай өтіп жатқаны туралы жан-жақты әрі нақты түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді
Ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау жекелеген рәсімдердің емес, тұтас сайлау жүйесінің әділдігі мен ашықтығын бағалау үшін қажет.

Дауыс беру күні ғана бақылау сайлау жүйесін толық қамтуға мүмкіндік бермейді, тек кейбір рәсімдерді ғана бағалаумен шектеледі. Ұзақ мерзімді бақылаушылар әр кезеңдегі заң бұзу деректерін тіркеп, жүйедегі олқылықтарды анықтайды, сайлаушылардың құқығын қорғайды, саяси институттарға деген ашықтық пен сенімді арттырады.

Сонымен қатар бұл формат реформалар жасауға және сайлау тәжірибесін жақсартуға жағдай жасайды. Өз кезегінде, тәуелсіз әрі ашық бақылау қоғамның сайлауға деген сенімін нығайтып, сайланған органдардың легитимділігін арттырады.

Ұзақ мерзімді бақылау арқылы сенімді мәліметтерді жинақтап, жүйелеуге, заңбұзушылықтарды тіркеуге және олардың сайлауға әсерін талдап, сайлау процесін жақсартуға бағытталған дәлелді ұсыныстар әзірлеуге болады.
Одан бөлек, бұл тәсіл билік партиялары мен жаңадан тіркелген үміткерлер үшін тең мүмкіндіктердің қаншалықты сақталғанын бағалауға жол ашады. Сонымен бірге, БАҚ-қа қолжетімділік теңдігін, сайлау науқанын қаржыландырудың ашықтығын және әкімшілік ресурстардың қолданылуын тереңірек талдауға мүмкіндік береді. Қазақстан жағдайында ұзақ мерзімді бақылау:
  • Үміткерлер мен саяси партияларға жасалатын жағдайдың теңдігіне әсер ететін қалыптасқан тәжірибені анықтауға;
  • Заңнама мен құқық қолдану тәжірибесінің сайлау құқықтарын іске асыруға тигізетін ықпалын талдауға;
  • Реформалар мен сайлау жүйесін жаңғырту бастамалары аясындағы өзгерістерді қадағалауға;
  • Өңірлердегі сайлау рәсімдерін өткізудегі айырмашылықтарды, түрлі топтар үшін, әсіресе мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау процесінің қолжетімділігін құжаттауға мүмкіндік береді.
Жалпы, ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау заң бұзу деректерін анықтаумен шектелмейді. Ол сайлау жүйесін жетілдіруге, оның ашықтығын арттырып, демократиялық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеуге септігін тигізеді.

Бұл нұсқаулық ұзақ мерзімді бақылаудың сайлауда қандай рөл атқаратынын жақсырақ ұғынуға көмектеседі. Жеке бақылаушы немесе ұйым деңгейінде бұл процеске қалай дайындалу керегі туралы түсінік береді. Мұндағы мақсат — науқанға бір рет қана қатысу емес, алдағы сайлауларда бақылау жұмысының тұрақты жүйесін қалыптастыру.

Ұзақ мерзімді бақылаудың мақсатына қарай мониторингтің түрлі бағытын таңдауға болады. Бұл жинақта «Еркіндік қанаты» қоры жүзеге асырған бағыттар қамтылған.

I. Штаб құру / құрылымы. Жоспар. Әдістеме құралдары, қатысушылар

Жалпымемлекеттік сайлауды ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау науқанын жоспарлау және оның құрылымы
Сайлау тек бір күндік дауыс берумен шектелмейді. Бұл — бір-бірімен өзара байланысқан бірнеше кезеңнен тұратын күрделі процесс. Оның әр кезеңі сайлау қорытындысының заңдылығы мен ашықтығына тікелей әсер етуі мүмкін. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау процесін құрайтын мына маңызды тұстардың ешқайсын назардан тыс қалдырмауы керек:
  • Сайлау комиссиясы жүйесінің қызметі: Орталық сайлау комиссиясының, жергілікті аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрылымы мен функцияларын талдау, олардың жұмысы қаншалықты тәуелсіз әрі кәсіби екенін бағалау
  • Сайлаушылар тізімін дайындау және кандидаттарды тіркеу: Тізімдердің толықтығы мен өзектілігін, кандидаттар мен саяси партияларды тіркеу талаптарының ашықтығы мен теңдігін қадағалау.
  • Кандидаттар мен партиялардың үгіт-насихат науқаны: Бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық алаңдардың қолжетімділігін бағалау; пікір білдіру, жиналыстар мен бірлестіктер құру еркіндігі принциптерінің сақталуын тексеру; әкімшілік ресурстарды пайдалану жағдайларын анықтау.
  • Сайлау күні дауыс беру барысын қадағалау: Процестің ұйымдастырылуын, сайлау учаскелерінің халықтың түрлі тобына (соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға) қолжетімділігін, хаттамалардың дұрыс толтырылуын бақылау
  • Дауыс санау және қорытынды шығару: Дауыс санау рәсімдерінің сақталуын, мәліметтерді өңдеудің ашықтығын, нәтижелердің уақытылы жариялануын қадағалау.
  • Шағымдар мен апелляцияларды қарау процесі: Заң бұзу деректеріне шағым түсіру және сайлау дауларын шешу тетіктерінің тиімділігін талдау
Мұның бәрі ұзақ мерзімді бақылаушылардың басты назарында болады, сондықтан дауыс беру күнгі бақылауды оның бір бөлігі ретінде қарастырған жөн. Қолда бар ресурстарды барынша тиімді пайдалана отырып, ұзақ мерзімді бақылау науқанын дұрыс әрі ұтымды ұйымдастыру маңызды
Сайлауды бақылау үшін аккредитациясы бар (аккредитация бойынша алдын ала қамданған жөн) азаматтық қоғам ұйымдарының, әдетте, бүкіл ел аумағын ұзақ мерзімді бақылаумен қамтуға ресурстары жетпейді.

Сондықтан бұл нұсқаулықта ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау науқанын бір өңір бойынша ұйымдастыру жолдары қарастырылған.

Егер түрлі аймақтағы бірнеше ҮЕҰ ортақ әдістемеге негізделген бірлескен науқан жүргізгісі келсе, олар ұсынылып отырған штаб құрылымын кеңейтіп, бірыңғай тәсілмен әрекет ете алады

Ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау штабы, оның міндеттері мен құрылымы. Өңірдегі науқанды жедел басқару үшін Тәуелсіз бақылау штабын құру қажет.
Штабқа мына міндеттер жүктеледі:
  • 1 Нұсқаулықтарды, бақылау стандарттарын, бақылаушыларға арналған білім беру материалдарын, деректерді жинау мен талдау әдістемесін әзірлеу;
  • 2 Ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау жүргізу жұмысын жоспарлау және ұйымдастыру;
  • 3 Өңірдегі барлық деңгейдегі сайлау комиссияларымен тұрақты байланыс орнату;
  • 4 Саяси партиялардың өңірдегі филиалдарымен және тәуелсіз үміткерлердің штабтарымен тұрақты байланыс орнату;
  • 5 Өңірдегі БАҚ өкілдерімен, сайлауды бақылайтын басқа да ҮЕҰ-мен, халықаралық бақылаушылармен тұрақты байланыс орнату;
  • 6 Тәуелсіз бақылаушыларды іріктеу және білім беру;
  • 7 Ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау науқаны аясында және дауыс беру күні жұмыс істейтін тәуелсіз бақылаушыларға құқықтық қолдау көрсету қызметін ұйымдастыру;
  • 8 Тәуелсіз ұзақ мерзімді бақылаушылардың қызметіне техникалық қолдау көрсетуді, есеп беру рәсімдері мен ақпарат жіберу арналарын ұйымдастыру.
  • 9 Бақылаушылардан түсетін ақпаратты жинау, жүйелеу, тексеру, талдау; бақылау миссиясы аясындағы қауіпсіздік, ішкі байланыс, логистика мен деректердің қорғалуын қамтамасыз ету
Негізінде, штабта осы бағыттар бойынша жеке-жеке жұмыс істейтін координаторлар болуы керек. Алайда ресурс тапшылығы жағдайында бұл тәсілді іске асыру мүмкін емес, осыған байланысты тәуелсіз бақылау штабының мынадай құрылымы ұсынылады:
Жоба жетекшісі, штаб бастығы немесе бақылау миссиясының басшысы міндетін қоса атқарады
PR-қолдау координаторы
Құқықтық қолдау координаторы
Бақылаушы координаторы
Осылайша, ұзақ мерзімді бақылау штабы төрт негізгі маманнан тұрады. Олар ұзақ мерзімді бақылау жұмысын жоспарлап, ұйымдастырады. Өңірдің ерекшелігіне қарай Штаб құрылымына логистика, қауіпсіздік немесе өзге де мәселелерге жауапты мамандар қосылуы мүмкін.
Штаб жетекшісінің міндеттері
  • Бақылау штабының жұмысын ұйымдастырады:
    • Штаб жұмысын жоспарлайды;
    • Негізгі координаторларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырады;
    • Бақылау, құқықтық қолдау, PR-қолдау координаторларының жұмыс жоспарын бекітеді, оның орындалуын қадағалайды;
    • Барлық құжатты, үндеуді, БАҚ-та, әлеуметтік желіде жарияланатын материалды, сайлау органдарына, құқық қорғау органдарына, соттарға жолданатын барлық сауалды, шағымды бекітеді, қол қояды;
    • Бақылаушыларға арналған тренингтерді әзірлеуге, оларды өткізуге қатысады, бақылаушыны тізімге қосу туралы түпкілікті шешім қабылдайды;
    • Дауыс беру күнінің алдында учаскелер картасын, мобильді топтардың бағыттарын бекітеді, бақылаушылардың куәліктеріне қол қояды;
    • Дауыс беру күні сайлау органдарымен жедел байланыста болады;
    • Өз өңірінде бақылау жұмысын ұйымдастыруға тікелей жауап береді.
  • Серіктес ҮЕҰ-лармен, саяси партиялардың, тәуелсіз үміткерлердің штабтарымен, сайлауды бақылайтын халықаралық ұйымдармен байланыс орнатады:
    • Бақылаушы координаторымен бірлесе отырып сайлау комиссияларымен байланыс орнатады, тұрақты түрде қажетті ақпаратты алып отырады;
    • Бақылаушы координаторымен бірлесе отырып өз өңіріндегі саяси партиялардың, тәуелсіз үміткерлердің штабтарымен байланыс орнатады, ақпарат алмасады;
    • Тәуелсіз бақылау жүргізетін басқа ҮЕҰ-лармен, құқық қорғау ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қояды;
    • Өз өңіріндегі халықаралық бақылау миссияларының өкілдерімен байланыста болады, ақпарат алмасады;
    • Қажет болған жағдайда бақылаушы топтың жетекшісі ретінде әріптес, одақтас ҮЕҰ өкілдерімен бірлесіп мәлімдеме жасайды, бірлескен баспасөз брифингтеріне, баспасөз мәслихаттарына, басқа да іс-шараларға қатысады;
    • Қорытынды хаттамалардың ортақ базасына өз қолы қойылған мәліметтерді ұсынады.
  • Өз ұйымының атынан ашық мәлімдемелер жасайды, сұхбат береді, баспасөз мәслихаттарында, брифингтерде негізгі спикер болады;
  • Өңірдегі ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау туралы қорытынды есепті жасау жұмысына жетекшілік етеді;
  • Қаржылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін шешеді;
Бақылаушы координаторы
  • Ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді бақылаушыларды іріктеудің негізгі жұмысын жүргізеді;
  • Бақылаушыларға арналған тренингтер өткізіп, нұсқау береді (жеке жоспар бойынша);
  • Ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді бақылау барысында бақылаушылардың қызметін жоспарлайды, үйлестіреді:
    • Үміткерлерді ұсыну, тіркеу процесіне мониторинг жүргізеді;
    • Өңірдегі әр негізгі үміткерге досье ашады, оны жүргізеді, онда үміткердің іс-шараларын, іс-шаралар барысында болған оқиғаларды, оқиғаларға білдірілген реакцияны, құқықтық салдарды тіркейді (форма, нұсқаулыққа сәйкес);
    • Науқан жоспарына сәйкес ұзақ мерзімді бақылаушыларды сайлау комиссияларының қызметіне қатысты іс-шараларға, саяси партиялардың, үміткерлердің үгіт-насихат шаралана, сайлау науқаны аясындағы өзге шараларға жібереді, ұзақ мерзімді бақылаушылардың іс-шаралар туралы есептерін қабылдайды, талдайды (форма, нұсқаулыққа сәйкес);
    • Ұзақ мерзімді бақылау туралы тұрақты (аптасына бір рет) есептер дайындайды (PR, құқықтық қолдау координаторымен бірлесіп);
    • Дауыс беру күніне арналған стационар бақылау картасын жасайды (стационар бекеттер арқылы бақылау жүргізілетін учаскелердің нөмірін, мекенжайын бақылаушыларға нақты бекітіп көрсетеді);
    • Дауыс беру күнгі мобильді бақылау бағытын жасайды (мобильді топ аралайтын учаскелердің нөмірін, мекенжайын көрсетеді);
    • Әр стационар бекет, мобильді топ бойынша байланыс кестелерін жасайды, оларды бақылаушыларға жеткізеді;
    • Есеп беру (қағаз немесе электронды формалар), дауыс беру күні учаскелерден қорытынды хаттамаларды алу тетігін әзірлейді;
    • Дауыс беру күні стационар бекеттердегі, мобильді топтардағы тәуелсіз бақылаушылардың қызметін үйлестіреді;
    • Дауыс беру күні бақылау аяқталған соң қорытынды хаттамаларды, актілерді, өзге материалдарды жинайды.
  • Қажет болған жағдайда жоба жетекшісімен, құқықтық, PR-қолдау координаторларымен бірлесіп баспасөз брифингтеріне, баспасөз мәслихаттарына қатысады;
  • Жоба жетекшісімен, құқықтық, PR-қолдау координаторларымен бірлесіп ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау туралы Қорытынды есепті дайындауға қатысады;
  • Жоба жетекшісінің тапсырмасы бойынша өзге міндеттерді атқарады.
Құқықтық қолдау координаторының міндеттері
  • Саяси партиялардың, үміткерлердің, БАҚ, ҮЕҰ-лардың сайлау процесіне байланысты шағымдарына, сот процестеріне мониторинг жүргізеді;
  • Ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылаушылардың жұмысын қамтамасыз ету үшін заңға қатысты материалдар дайындайды:
    • Сайлау туралы заңнан үзінділер;
    • Заң бұзу дерегі туралы акт формасы;
    • Құқық қорғау органдарына, сотқа арыз түсіру кезіндегі ережелер;
    • Полицияға түсіретін арыз үлгісі;
    • Жоғары тұрған сайлау комиссиясына жазылатын арыз үлгісі;
    • Сотқа түсіретін шағым үлгісі;
    • Нормативтік-құқықтық актілер (ОСК, АСК, жергілікті атқарушы билік органдарының қаулылары, т.б.).
  • Бақылаушыларға арналған құқықтық мәселелер бойынша тренингтер өткізуге қатысады (жеке жоспар бойынша);
  • Координаторларға, бақылаушыларға ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылауды ұйымдастыру, өткізуге қатысты құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді;
  • Құқық қорғау органдарына, соттарға жүгінеді;
  • Бақылаушыларды сайлау комиссияларына, саяси партиялардың, үміткерлердің үгіт-насихат науқандары барысындағы іс-шараларға кіргізбеген; сайлау комиссияларының отырыстарынан, дауыс беру күні учаскелерден шығарып жіберген жағдайда қажетті шаралар қабылдайды;
  • Қажет болған жағдайда дауыс беру күні бақылаушыларға құқықтық көмек көрсету үшін учаскелерге барады;
  • Құқықтық сын-қатерді бағалай отырып, бақылаушылардан түскен заң бұзу деректерінің фото, бейне дәлелдерін жариялауға, сотта пайдалануға ұсыныс береді;
  • Қажет болған жағдайда жоба жетекшісімен, бақылау, PR-қолдау координаторымен бірлесіп баспасөз брифингтеріне, баспасөз мәслихаттарына қатысады;
  • Жоба жетекшісімен, бақылау, PR-қолдау координаторларымен бірлесіп ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау туралы Қорытынды есепті дайындауға қатысады;
  • Жоба жетекшісінің тапсырмасы бойынша өзге міндеттерді атқарады.
PR-қолдау координаторының міндеттері
  • Ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау аясындағы жұмыстарды жариялау бойынша ақпараттық науқанды жоспарлайды, контент-жоспар дайындайды, оның орындалуын қадағалайды;
  • Мониторинг жүргізу үшін БАҚ, әлеуметтік желілерді іріктейді, сайлау науқанына қатысты тақырыптар бойынша БАҚ, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізеді;
  • БАҚ, әлеуметтік желіде жариялауға арналған барлық материалды дайындайды;
  • Ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау қызметін жариялайтын әлеуметтік желіде парақшалар ашады, оларды жүргізеді;
  • Ұзақ мерзімді бақылау барысында БАҚ өкілдерімен байланыс орнатады, БАҚ-қа жарияланымдарға арналған материалдар ұсынады;
  • Дауыс беру күні қажет болған жағдайда (өрескел заң бұзу деректері, бюллетеньдерді топтап тастау, тәртіпсіздіктер анықталған кезде) жоба жетекшісінің, бақылау, құқықтық қолдау координаторларымен, бақылаушылардың қатысуымен тікелей эфирлер жүргізеді;
  • Бақылаушылардың құқық қорғау органдарына, соттарға жүгінген кездерін тікелей эфирден таратады;
  • Жоба жетекшісімен, бақылаушы координаторымен бірлесіп бақылаушылардан түскен заң бұзу деректерінің фото, бейне дәлелдерін жариялау туралы шешім қабылдайды;
  • Жоба жетекшісімен, бақылау, құқықтық қолдау координаторларымен бірлесіп баспасөз брифингтерін, баспасөз мәслихаттарын ұйымдастырады, оларға қатысады;
  • Жоба жетекшісімен, бақылаушы, құқықтық қолдау координаторларымен бірлесіп ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау туралы Қорытынды есепті дайындауға қатысады;
  • Жоба жетекшісінің тапсырмасы бойынша өзге міндеттерді атқарады.

Ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау штабының қызметі

Штаб ұзақ мерзімді бақылаушылардың жұмысын үйлестіреді, бағыттайды, бұл жұмыстарға мыналар кіреді:
  • Сайлауды ұйымдастыруға жауапты органдардың сайлауалды кезеңдегі, дауыс беру күніндегі, сайлаудан кейінгі күндердегі жұмысының тиімділігіне, бейтараптығына мониторинг жүргізу, бағалау, тиісті есептер ұсыну. Ұзақ мерзімді бақылаушылардың басты назарында мыналар болады:
    • Аумақтық, округтік сайлау комиссиялары;
    • Учаскелік сайлау комиссиялары.
  • Сайлауалды саяси ахуалға, сайлау науқанының барлық тұсына мониторинг жүргізу, бағалау, азаматтық, саяси құқықтардың сақталуын, сайлау процесінде қорқыту-үркіту әрекеттерін қадағалау, тиісті есептер ұсыну.
    Осы мақсатта ұзақ мерзімді бақылаушылар:
    • Саяси партиялардың қызметіне, науқандарына;
    • Мажоритарлық үміткерлердің науқандарына;
    • Жергілікті атқарушы билік органдарының сайлау процесіне қатысты қызметіне;
    • Құқық қорғау органдарының сайлау процесіне қатысты қызметіне;
    • Сайлауалды науқандарды, пікірсайыстарды жариялау, тегін, ақылы жазбалар көлемін ұсыну, өзге де бағыттар бойынша БАҚ (дәстүрлі, әлеуметтік медиа) қызметіне;
    • Сайлау науқанына қатысты заңсыз әрекеттермен (сайлаушыларды сатып алу, қорқыту, мәжбүрлеу, үміткерді немесе партияны қолдау үшін қызмет бабын, мемлекеттік ресурстарды пайдалану) айналысатын белгісіз топтардың қызметі туралы хабарламаларға мониторинг жүргізеді.
  • Сайлауға қатысты шағымдарды, апелляцияларды қарау процесіне мониторинг жүргізу, бағалау, тиісті есептер ұсыну.
    Ұзақ мерзімді бақылаушылар мына жұмысқа:
    • Сайлау процесіне байланысты істер бойынша соттардың;
    • Үміткерлерді ұсынуға, тіркеуге, тіркеуді тоқтатуға, олардың шағымдарын қарауға қатысты мәселелер бойынша барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының;
    • Шағымдарға, апелляцияларға байланысты құқықтық әрекеттерді жүргізетін үміткерлердің заңгерлік қызметтеріне мониторинг жүргізеді.
  • Негізгі еркіндіктерге – пікір білдіру, жиналыстар, бірлестіктер құру еркіндігіне басымдық бере отырып сайлау науқанына қатысты тақырыптар бойынша БАҚ-қа мониторинг жүргізу (жеке жоспар бойынша).
  • Сайлауға қатысты өзге де мәселелерге, мәселен мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беру процесіне қол жеткізуіне мониторинг жүргізу, бағалау, есептер ұсыну
Ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау науқанын жоспарлау. Ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау науқанын жоспарлауға Сайлау туралы заңның 3-5-тарауындағы, сайлау түріне қарай 10, 12, 13-тараудағы талаптар, әрбір жалпымемлекеттік сайлау үшін ҚР ОСК тиісті қаулысы бекітетін Күнтізбелік жоспар негіз болады.
ОСК бекіткен Күнтізбелік жоспар сайлау процесінің әрбір кезеңінің уақыт шеңбері туралы түсінік береді, Штаб өз жоспарын осы ақпаратқа сүйеніп жасай алады. Міндеттерді жұмыс бағыттары бойынша бөлу ұсынылады. Сайлауға тікелей ұзақ мерзімді бақылау жүргізуден бөлек, ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді (дауыс беру күніндегі) бақылаушыларды іріктеп, білім беру қажет екенін ұмытпаңыз. Өңірдің ерекшелігіне, ресурстық мүмкіндіктерге қарай 4-10 ұзақ мерзімді бақылаушыны іріктеп, дайындаған жөн. Олардың тәжірибелі, сенімді, беделі жақсы адамдар болғаны абзал.

Негізінде, ұзақ мерзімді бақылаушыларды іріктеу сайлау науқаны басталмай тұрып жүргізіледі, оларды жұмысқа тартқаннан кейін тәжірибелі бақылаушыларды заңнамадағы, өзге нормативтік базадағы соңғы өзгерістермен таныстыратын тренинг өткізіледі. Қандай жағдайда да ұзақ мерзімді бақылаушыларға құзыретінен асатын тапсырмалар беруге болмайды.
Ұзақ мерзімді бақылау науқанын жоспарлау кезінде міндеттерді дұрыс бөлу үшін мынадай үлгіні пайдалануға болады:
  • Штаб жетекшісі немесе Координаторлар міндетті түрде қатысатын кездесулер:
    • Өңірдегі жергілікті мемлекеттік шенеуніктермен (әкімдіктер, мәслихаттар, т.б.);
    • Сайлауды ұйымдастыруға жауапты өңірдегі жергілікті лауазымды тұлғалармен (аумақтық, округтік сайлау комиссиялары);
    • Негізгі саяси партиялардың облыстық филиалдарының басшыларымен, координаторлармен;
    • Бір мандатты округтер бойынша үміткерлермен, олардың штаб қызметкерлерімен;
    • ҮЕҰ басшыларымен: бақылаушылармен, құқық қорғаушылармен, т.б.;
    • Журналистермен, БАҚ редакторларымен, блогерлермен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, өзге де медиа өкілдерімен.
Бұл адамдармен алғашқы кездесулерді міндетті түрде штаб басшылығы өткізеді, ақпарат жинау, алмасу мақсатындағы кейінгі кездесулерді Бақылау штабы басшылығының ұсынысы бойынша ұзақ мерзімді бақылаушылар өткізе алады.
Әкімдіктермен, мәслихаттармен, аумақтық, округтік сайлау комиссияларымен, саяси партиялармен кездесулерді сайлау жарияланғаннан кейін дереу өткізу ұсынылады (мүмкін болса), үміткерлермен кездесулерді олар тіркелгеннен кейін, БАҚ өкілдерімен, ҮЕҰ-лармен, өзгелермен кездесулерді барынша ертерек өткізген жөн.
Штаб басшылығы қатысатын барлық кездесуді үгіт-насихат науқаны басталғанға дейін толық өткізіп үлгерген тиімді.
  • Ұзақ мерзімді бақылаушылар өздері өткізе алатын кездесулер:
    • Учаскелік сайлау комиссияларымен;
    • Саяси партиялардың, бір мандатты үміткерлердің азаматтық қолдау топтарымен;
    • Саяси партиялар, бір мандатты үміткерлер ұйымдастырған бұқаралық іс-шараларға, сайлаушылармен кездесулерге, митингілерге, үгіт-насихат пикеттеріне қатысу;
    • «Тыныштық күні» учаскелерге бару.
  • БАҚ-қа мониторинг жүргізу (жеке жоспар бойынша)
  • Әлеуметтік медиаға мониторинг жүргізу (жеке жоспар бойынша).
  • Сайлау процесіне байланысты шағымдарды, апелляцияларды қарау барысына мониторинг жүргізу (жеке жоспар бойынша).
  • Қысқа мерзімді бақылаушыларды іріктеу, оларға тренингтер өткізу:
    • Бақылаушыларды тартудың түрлі тәсілін қолдана отырып іріктеу жеке жоспар бойынша жүзеге асырылады;
    • Бақылаушыларға арналған тренингті дауыс беру күніне 1-2 күн қалғанда бақылаушыларды учаскелерге бөлумен қатар өткізген тиімді;
    • Дауыс беру күні ұзақ мерзімді бақылау жұмыстарының координаторы ретінде немесе мобильді топтардың құрамына тартуға болады.
  • Күнделікті жұмыс, ұзақ мерзімді бақылау науқанының техникалық мәселелерін шешу:
    • Шығындарды өтеу (байланыс, жанармай, т.б.).
    • Құжаттарды басып шығару (бақылаушылардың бейдждері, куәліктер, бланкілер, т.б.).
    • Үй-жайларды жалға алу.
    • Курьер қызметі.
Науқанды жоспарлау кезінде Штаб қызметкерлерімен, ұзақ мерзімді бақылаушылармен тұрақты түрде (әдетте апта сайын, мүмкіндігінше одан да жиі) жиналыстар өткізіп тұру маңызды. Бұл жиналыстарда барлық жетістіктер, қиындықтар, төтенше жағдайлар талқыланады, қажет болған жағдайда кездесулердің, бұрын жоспарланған өзге де іс-шаралардың кестелері түзетіледі.

Ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау барысындағы жұмыс туралы есептер

Есептерді мұқият, уақытылы жазу ұзақ мерзімді бақылаудың сәтті өтуі үшін аса маңызды. Қоғамдағы жаңсақ пікірлергеге қарамастан, тәуелсіз бақылаушылардың есептерін көпшілік мұқият оқиды.
Сондықтан есептердің шынайы болуы, барлық фактінің шындыққа жанасуы, растайтын барлық құжаттың, бейнематериалдың дәлелдемелерге қойылатын талаптарға сай келуі қатаң талап етіледі. Егер есептің бір бөлігі жалған болып шықса, бұл көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыпқа ұрындыруы мүмкін. Мұндай жағдай ұзақ мерзімді бақылау жүргізетін ұйымның беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, оған қарсы ҚР ҚК 274-бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға, шоттарын бұғаттауға, қызметкерлерін ұстауға, басқа ауыр салдарға әкеп соғады.

Әдетте ұзақ мерзімді бақылау барысы туралы есептер апта сайын жарияланады.

Есеп алдыңғы тарауда сипатталған бағыттардың әрқайсы бойынша фактілерден, тұжырымдардан тұрады. Егер белгілі бір кезең аяқталса – мысалы, ОСК жариялайтын іс-шаралардың, жұмыс жоспарына сәйкес үміткерлерді ұсыну процесі тәмамдалса – аяқталған процесті бағалайтын қорытынды түсініктеме берілуге тиіс.
Ұзақ мерзімді бақылау бойынша есептің тұжырымдары сайлауды бақылаудың басты назарындағы негізгі мәселелердің мәніне қатысты болуы керек екенін есте сақтаған жөн.

Есеп іс-әрекеттер тізбесіне айналып кетпеуі керек. Егер ұзақ мерзімді бақылау штабы ақпаратты аса маңызды деп санаса, бұл мәселені егжей-тегжей баяндауы, растайтын құжаттарды қоса тіркеуі қажет.

Тұжырымдарды, түсініктемелерді барынша тармақтап баяндаған жөн. Есептерде расталмаған не расталған оқиғалардың, ұзақ мерзімді бақылаушылар үшінші тұлғалардан естіп-білген заң бұзу деректерінің, оқиғалардың, өз көзімен көрген жағдайлардың аражігін ажырату маңызды.

Ақпарат алыпқашпа сөздерге негізделсе немесе тексерілмеген, біржақты болуы мүмкін дереккөздерден алынса, ұзақ мерзімді бақылаушылар ондағы ақпараттың дәлдігіне көз жеткізгенін нақтылауға тиіс әрі өз тұжырымдарын қоса ұсынуы керек. Осылайша ұзақ мерзімді бақылаушыларға фактілерді мұқият тексеру жауапкершілігі жүктеледі.
Есеп бақылау штабының жұмысын емес, ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылауды қамтитынын бөлек атап өткен жөн. Есепте бақылаушыларды іріктеу, оларға тренинг өткізу, Штабтың ішкі жиналыстарын өткізу сияқты күнделікті жұмыстар туралы айтылмауы керек.
Төтенше жағдайларда, аса маңызды оқиғалар кезінде Штаб кезектен тыс есеп ұсына алады. Мұндай жағдайларға ең алдымен Штабтың, ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылаушылардың жұмысына кедергі келтіру, қорқыту, күш қолдану оқиғалары жатады.

Кезектен тыс есептерге заңды, сайлау құқықтарын бұзу туралы салмақты мәлімдемелер, қорқыту жағдайлары, үміткерлерді тіркеуден алып тастау, сайлау процесі үшін маңызы бар сот, әкімшілік шешімдер, сайлау комиссияларының әдеттен тыс, күмәнді шешімдері, айрықша назар аударуға тұрарлық сайлауалды митингілер тақырып бола алады.

Әдетте бақылау туралы жеке қорытынды есеп дауыс беру күнінен, сайлау нәтижелері бекітілгеннен кейін бірнеше ай ішінде дайындалады. Бұл есепке бұрын жарияланған ұзақ мерзімді бақылау туралы тұрақты, кезектен тыс есептер міндетті түрде кіруге тиіс.

II. Медиа-мониторинг

Саяси плюрализмге медиа-мониторинг жүргізу әдіснамасы
Бұқаралық ақпарат құралдары сайлаушыларды өткен референдум немесе сайлау (үміткерлер, партиялар, сайлау науқанының барысы) туралы мәліметтермен қамтамасыз ете отырып, сайлау процесінде негізгі рөл атқарады. БАҚ арқылы қоғамдық көзқарас қалыптасады, сол себепті ақпараттың нақты, теңгерімді, бейтарап берілуі маңызды. Медиа дауыс беру рәсімдерін түсіндіру, оның нәтижелері туралы хабардар ету арқылы сайлау құқықтарын іске асыруға ықпал етеді.
Сайлау кезеңінде БАҚ рөлін бағалағанда олардың саяси ықпалдан қаншалықты тәуелсіз екенін, ақпарат көздерінің әралуандығын, сайлаушылардың, үміткерлердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өздерінің құқықтары арасындағы теңгерімнің сақталуын ескеру қажет.
Бұған қоса мониторинг жүргізілетін медианы іріктеген кезде олардың қамту ауқымын, аудиторияға ықпалын – қолданушылар санын, сенім деңгейін, қоғамдық пікірге әсер ету дәрежесін ескеру маңызды.

Медианы қаржыландыру көздерін, редакция саясатын, оның ішінде негізгі нарративті, қоғамдық кеңістіктегі ұстанымын талдау айтарлықтай маңызды фактор саналады, себебі бұл жайттар сайлау процесін жариялаудың сипатына, бағытына тікелей әсер етуі мүмкін.

Бұл медиа-мониторинг әдіснамасы «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры 2024 жылы республикалық референдумды бақылау кезінде қолданған халықаралық тәжірибеге негізделген. Әдіснама негізіне жетекші халықаралық ұйымдардың сайлауды ұзақ мерзімді бақылауда қолданатын тәсілдері алынды.

Құқықтық негізі

«Сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабы 7-тармағына сәйкес, БАҚ біріншіден үміткерлердің, саяси партиялардың сайлау науқанын шынайы жариялауға міндетті; үміткердің, саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне, беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт-насихат материалдарын, өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға тиіс.
Екіншіден, БАҚ аталған тұлғаларға ар-намысын, қадір-қасиетін, беделін қорғау үшін теріске шығару материалын баспа басылымының келесі нөмірінде теріске шығарылатын хабарлама, материал орналастырылған орында, сол көлемде, сол қаріппен тегін жариялау мүмкіндігін беруге тиіс. Радио, теледидар арқылы теріске шығару материалы дәл сол уақытта, сол теле-, радиобағдарламада берілуі керек. Аталған теле-, радиобағдарлама жабылған жағдайда тақырыбы сәйкес келетін өзге теле-, радиобағдарламада берілуі қажет. Теріске шығару материалының көлемі теріске шығарылатын хабарлама, материал көлемінен екі, одан көп есе аспауға тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдары барлық үміткерді, партиялық тізімді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспа алаңының, эфир уақытының тең көлемінде таратуға міндетті.

Бұқаралық ақпарат құралдары тиісті сайлау комиссияларына сайлауалды науқан барысы туралы ақпаратты, осы Конституциялық заңда белгіленген хабарламаларды жариялау мүмкіндігін кідіріссіз ұсынады.

Осы заңның 28-бабы 2-тармағына сәйкес үміткерлерге, партиялық тізімдер ұсынған саяси партияларға сайлауалды үгіт-насихат жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізудің тең жағдайларына кепілдік беріледі.

Бұл әдіснама қазақстандық ұлттық телеарналардың жұмысына мониторинг жүргізуді қамтиды, оны бақылау миссияларын жүзеге асыру кезінде пайдалану ұсынылады.
Бақылау миссиясындағы медиа-мониторинг тобының негізгі мақсаты – медиа-плюрализм деңгейі, БАҚ-тың саяси сахнаның барлық қатысушыcына деген кәсіби көзқарасы туралы түсінік беру. Сайлау науқаны кезіндегі БАҚ-тың қоғамдық пікірге ықпалын ескере отырып бақылау миссиясы Қазақстан азаматтарының алдағы сайлау туралы қаншалықты хабардар екенін, үміткерлердің, сайлау науқандарының БАҚ-қа тең қолжетімділігі бар-жоғын анықтауға ұмтылады. Бұл құжатта ұлттық телеарналарды бақылауға арналған мониторинг тәсілі қарастырылады.

Бұл тәсіл неге өзекті: теледидар, әсіресе ауылдық жерлерде, орталықтан шалғай өңірлерде күнделікті қалың аудиториямен байланыс орнататын негізгі арналардың бірі болып қала береді. Ұлттық медиа қауымы зерттеуінің нәтижелері өңірлерде, қалаларда теледидар көрудің орташа уақыты артып келе жатқанын көрсетті.
Шағын қалаларда, ауылдық жерлерде көрермендер теледидар алдында күніне орта есеппен 198 минут өткізеді, бұл ірі қала тұрғындарынан (оларда бұл көрсеткіш 177 минутты құрайды) 21 минутқа (12%-ға) артық.

Ұлттық телеарналарды бақылау

Бақылау миссиясының негізгі міндеттері мына сұрақтарға жауап іздеуді көздейді:
  • Республикалық деңгейдегі телеарна бағдарламаларында барлық саяси процеске қатысушылар / саяси пікірлер бірдей деңгейде көрсетіле ме;
  • Cаяси процеске қатысушыларды / саяси пікірлерді жариялау реңкі қандай;
  • Барлық саяси процеске қатысушылар / саяси пікірлер белсенді не енжар рөлде бірдей деңгейде көрсетілген бе;
  • Бағдарламалар мазмұнында саяси процеске қатысушылар / саяси пікірлер қандай сипатта көрініс тапты.
Мониторинг әдіснамасы екі түрлі бақылау нысанын бөліп көрсете отырып сайлау науқанының сипатына қарай бейімделеді.

Сайлау өткізу кезінде талдаудың негізгі нысаны ретінде саяси процеске қатысушылар: үміткерлер, партиялар қарастырылады, мұнда олардың медиа ресурсқа қол жеткізу теңдігі бағаланады.

Ал референдум кезінде басты назар саяси пікірлер спектріне ауады: нақты мәселе бойынша «жақтап» не «қарсы» айтылған дәлелдердің теңгерімі өлшеу нысанына айналады, бұл сайлаушының саналы таңдау жасауы үшін қарама-қарсы көзқарастармен танысуын қамтамасыз етеді.

Iрiктеу

Мониторинг іріктеуі ұлттық ауқымда тарататын телеарналарды қамтуы керек. Бұл ұлттық телеарналар жалпы телевизиялық аудиторияның 50 пайыздан астамын қамтығаны абзал. Бақылау үшін үштен беске дейінгі аралықта ұлттық телеарнаны таңдап алуға болады.
Іріктеліп алынған барлық телеарнада сайлау, референдум тақырыбы қозғалатын, талқыланатын бүкіл прайм-тайм (17:30-дан 24:00-ге дейінгі ауқымды прайм-тайм) бақылауға алынады. Бағдарламаның мазмұнына қарамастан негізгі саяси процеске қатысушылар қонақ, спикер ретінде қатысатын, жай ғана есімдері аталатын / саяси пікірлер талқыланатын хабарларға айрықша назар аудару маңызды.
Саяси процеске қатысушылар — жоғары мемлекеттік лауазымдағы тұлғалар, Парламент депутаттары, сот билігінің негізгі өкілдері, үкімет шенеуніктері, саяси партия мүшелері, жалпы қалың бұқараға ықпалы бар барлық адам. Саяси процеске қатысушылардың телебағдарламаларда қандай сипатта көрініс тапқанына қарамастан барлық бағдарламаны, хабарларды толық көріп шығу маңызды

Деректерді жинау әдіснамасы

Мониторингке сайлау процесі барысында БАҚ-ты бақылау бойынша алдын ала дайындықтан өткен алты бақылаушының қатысуы ұсынылады.

Мониторинг мақсаты үшін деректерді жинау әдіснамасында айқындалған барлық қажетті мәліметті бақылаушылар тіркейтін «дерек базасын» әзірлеу қажет.

Бақылаушыларды жаттықтыру мониторинг процесі басталғанға дейін жүргізіледі, содан кейін бақылаушының сынақ жұмысы бағаланады, осыдан соң бақылаушылар тұрақты бақылауға кіріседі.

Олар телебағдарламаларды кезек-кезек бақылай алады. Ұлттық ауқымдағы телебағдарламаларға аптасына жеті күн бойы мониторинг жүргізілетіндіктен, бақылаушылар шаршамас үшін, олардың жұмыс кестесіне бір демалыс аптасын енгізуге болады.
Бақылаушылар деректерді тексеруге жауапты, жұмыста қолдау көрсететін координатормен күн сайын байланысып тұрады. Бақылау миссиясы жазбаларды күн сайын, апта сайын тексеріп отырады. Күн сайын таңдалған әрбір телеарна үшін жазбалардың кездейсоқ іріктеуіне тексеру жүргізіледі
Мәлімет енгізу қатесі табылған жағдайда мұның жүйелі қате, әлде жекелеген бақылаушының кездейсоқ қатесі екенін анықтау үшін бірқатар жазбалар тексеріледі. Бақылаушылармен байланыс барысында координатор кездейсоқ қателерді түзетеді. Жүйелі қателер орын алған жағдайда бақылаушыға дерек жинау әдіснамасы туралы қосымша ақпарат береді, ол үшін қосымша жаттығу өткізеді.

Апта сайын жазбалардың кездейсоқ іріктемесі қайта тексеріледі және енгізілген мәліметтердің дәлдігін нақтылау мақсатында барлық жазба логикалық бақылаудан өтеді. Сонымен қатар, есеп беру кезеңдерімен тұспа-тұс келетін мерзімдік тексеру аясында барлық жазба тағы бір мәрте толық логикалық тексеруден өткізіледі.

Қажет болған жағдайда координатор туындауы мүмкін түсініксіз тұстарды талқылап, оларды ашып түсіндіру үшін байқаушылармен кездесулер ұйымдастырады.

Негізгі айнымалылар, оларды өлшеу әдістері

  • Саяси тұлғалардың / саяси пікірлердің көрініс табуы бақыланатын әрбір телеарна тарапынан әрбір саяси тұлғаға, саяси пікірге («жақтап» не «қарсы» позициясына) бөлінетін базалық өлшем бірлігін, секундты тіркеу арқылы өлшенеді
    Саяси тұлғалар екі түрлі рөлде көрініс таба алады: белсенді не енжар, бұл төменде егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Белсенді рөлдегі саяси тұлға ол сөйлей бастаған сәттен бастап сөзін аяқтағанға дейін секундпен өлшенеді. Енжар рөлдегі саяси тұлға сұхбаттасушы, студия қонағы, жаңалықтар жүргізушісі оның атын атаған сәттен бастап оған қатысты сөз аяқталғанға дейін секундпен өлшенеді.
  • Саяси тұлғаларға тән реңк терістен оңға дейінгі үш баллдық шкала бойынша анықталады:
    • Теріс реңк саяси тұлғаларға жасалған шабуылдарды, жағымсыз хабарламаларды көрсетеді,
    • Бейтарап реңк тек фактілерді баяндауды білдіреді,
    • Оң реңк саяси тұлғаларды мақұлдайтын, қолдайтын хабарламаларды көрсетеді.
Саяси тұлғаға тән реңк оның қандай рөлде, яғни белсенді, енжар рөлде көрініс тапқанына қарамастан анықталады.

Белсенді рөлдегі саяси тұлғаға тән реңк саяси тұлғаның бүкіл сөзіне қатысты анықталады, алайда саяси тұлғаның сөзінде бір, бірнеше саяси тұлға аталса, сөз, реңк енжар рөлдегі саяси тұлға басқа саяси тұлғаларды қанша рет атаса, сонша бөлікке бөлінеді.

Реңкті толықтай нақты өлшемдерге айналдыру мүмкін емес; ол бір сөйлеген сөзде, саяси тұлғаны атап өтуде басым болатын жоғарыда көрсетілген үш санатқа сәйкес жіктелген реңкке қарай анықталады.

III. Саяси партиялардың, жекелеген үміткерлердің, сайланбалы лауазымдарға түсуге ниетін ашық білдірген тұлғалардың қызметіне мониторинг жүргізу

Мықты сайлау — демократиялық мемлекеттің дамуына көмектесетін өте маңызды саяси тетік. Еркін, әділ сайлау азаматтардың сайлану, елді басқаруға қатысу құқығын іске асыруға жағдай жасайды. Ең дұрысы, сайлауға қатысушыға қойылатын жалғыз талап — оның елге қызмет етуге деген ынтасы мен қауқары болуы қажет
Қазақстандағы бүгінгі саяси ахуал қаншалықты күрделі болғанымен, сайлаудың барысын алдын-ала болжау қиын емес.

Одан бөлек, саяси бәсекеге түсетін күштердің қатары әлі де сирек. Сол себепті, партиялар, үміткерлер мен сайлауға қатысатынын ашық жариялаған азаматтардың іс-әрекетін жіті назарда ұстау өте маңызды.
Қазақстанда 2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер аясында сайлау жүйесі одан әрі өзгере бермек. Жарияланған реформалар саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған, алайда олардың іс жүзінде орындалуын мұқият талдау қажет. Жасалған қадамдарға қарамастан саяси ортадағы бәсеке деңгейі әлі де шектеулі, негізгі саяси процеске қатысушылардың қатысуын алдын ала болжауға болады.
Атап айтқанда өкілді биліктің түрлі деңгейлерінде сайлау процестері қалай өрбитініне қатысты белгісіздік сақталып отыр. Мәселен мәслихаттар деңгейінде өзін-өзі ұсынушылардың қатысу мүмкіндігі сақталады, бұл бәсекелестер санын біршама арттырады. Осы тұста ұлттық деңгейде Парламент сайлауына қатысу негізінен партияға бағдарланған күйде қалып отыр, бұл тәуелсіз үміткерлердің мүмкіндіктерін шектейді.
Түрлі деңгейлерде сайлауға қатысу тәсілдерінің осылай саралануы сайлау науқандары аясында, оның ішінде саяси бәсеке, өкілдік деңгейіне ықпалы тұрғысынан қосымша бақылау жүргізуді, талдауды қажет етеді.

Бұл бөлімде біз барлық қатысушыға: тіркелген партияларға, үміткерлерге, өзін ұсынуға енді ниеттеніп жүрген тұлғаларға мониторинг жүргізуге назар аударуды ұсынамыз. Мұндай тәсіл сайлау науқанының барысы туралы неғұрлым шынайы түсінік қалыптастыруға, ықтимал заң бұзу деректерін анықтауға, саяси бәсекенің нақты деңгейін, оның ашықтығын, әділдігін бағалауға мүмкіндік береді.

Ұзақ мерзімді бақылаушылар өз жұмысын дауыс беру күнінен әлдеқайда бұрын бастайды. Негізгі кезеңдердің бірі – саяси субъектілердің: ресми тіркелген партиялардың, өзін-өзі ұсынушылардың, сайлауға түсу ниетін ашық мәлімдеген өзге де қоғамдық тұлғалардың қызметіне мониторинг жүргізу.
Бұл кезеңде:

  • Заңнаманың сақталуын, барлық қатысушы үшін тең жағдай жасалуын қадағалау,
  • Үгіт-насихаттың мерзімінен бұрын басталу ықтималдығын тіркеу,
  • Мемлекеттік органдардың, БАҚ, әлеуметтік желілердің үміткерлерге қатысты іс-әрекеттерін талдау маңызды.
Өзін-өзі ұсынған үміткерлер өз құжаттарындағы техникалық, формальды қателерді ақылға қонымды мерзімде түзете алуы керек. Үміткерлерді пассивті сайлау құқығын іске асыруға кедергі келтірмейтін ұсақ-түйек себептермен ғана сайлауға қатысудан шеттетуге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес сайлау процесі жалпыға бірдей, тең, еркін сайлау құқығы қағидаттарына негізделеді (2, 5-баптар). Бұл қағидаттар барлық үміткер мен саяси партия үшін тең жағдай жасауды көздейді, сайлану құқығын іске асыру кезінде кемсітушілікке, негізсіз шектеулерге жол бермеуді білдіреді.
Үміткерлерді, саяси партияларды тіркеу рәсімдері бейтарап, ашық жүзеге асырылуға, заңнама нормалары біркелкі қолданылуға тиіс. Тіркеуден бас тарту негіздері заңмен нақты айқындалуға, барлық қатысушыға бірдей қолданылуға тиіс.

Бұл ретте заңнама тіркеуден бас тарту туралы шешімдерге жоғары тұрған сайлау комиссияларына, соттарға шағымдану мүмкіндігін көздейді (мәселен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 12, 20-баптары), бұл сайлау құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі саналады.

Дегенмен заңнаманы қолдану тәжірибесі көрсеткендей, тіркеу рәсімдері кейбір жағдайларда жекелеген үміткерлердің, бастамашыл топтардың қатысуын шектеу құралы ретінде пайдаланылады. Бұл құжаттарды тексеруге тым қасаң қараудан, қателерді түзетуге мүмкіндік бермей техникалық себептермен тіркеуден бас тартудан, жаңа саяси партияларды тіркеудің күрделі, ұзаққа созылатын рәсімдерінен байқалуы мүмкін.

Әр үміткер өз кандидатурасын ұсынған кезде өзгелермен тең болуға тиіс. Мүмкіндіктер теңдігін төмендететін кемсітушілікке, негізсіз шектеулерге, әкімшілік кедергілерге, оның ішінде құжаттарды тексерудің ашық болмауына, қатысудың тең жағдайларына кері әсер ететін сайлау процесінің өзге де элементтеріне жол берілмейді.

Тіркеу рәсімдері ашық, айқын болуға тиіс. Тіркеу талаптары, кезеңдері туралы барлық ақпарат алдын ала жариялануға, қатысушыларға қолжетімді болуға тиіс.

Тіркелген үміткерлердің тізімдері уақытылы жарияланып, танысу үшін, оның ішінде дауыс беру күніне дейін, дауыс беру күні сайлау учаскелерінде көпшілікке қолжетімді болуға тиіс. Тіркеуден бас тарту туралы шешімдер жедел жариялануға, нақты, дәлелді негіздемемен берілуге тиіс.

Тіркеу процесі есептілік қағидатына сай болуға тиіс. Шағымдану құқығы партияны, үміткерді тіркеу кезінде, тіркеуден бас тартқан жағдайда бірдей берілуге тиіс.

Оң шешім шыққан жағдайда партиялар, үміткерлер сайлауалды үгіт-насихатты еркін жүргізе алуы үшін шағымдар ашық процесс аясында, ақылға қонымды мерзімде қаралуға тиіс. Мүдделі тараптар тиімді құқықтық қорғауды қамтамасыз ете алатын бейтарап инстанцияда әділ сот талқылауына қатыса алуы керек.

Мониторинг кезеңдері
1. Партияларды, үміткерлерді тіркеу процесі

Нені қадағалау керек:

  • Партия съездерін өткізу, үміткерлерді ұсыну туралы хабарландыруларды қадағалау: Съездердің өтетін күндері уақытылы жарияланғанын, олардың баспасөз үшін ашық болғанын, ішкі партиялық рәсімдердің сақталғанын тексеру
  • Жалпы бұл үміткерлердің кім екенін, олардың артында кім тұрғанын қадағалау: Өмірбаяндарын, партиясын, билікпен не бизнес-құрылымдармен байланысын, алдыңғы сайлауларға қатысуын талдау
  • Сайлау комиссияларына құжаттар тапсыру туралы ақпаратты қадағалау: Қашан, қандай құжаттар тапсырылғанын, құжат тапсыруға кедергі жасау әрекеттерінің болған-болмағанын, барлық субъектіге бірдей ақпарат берілгенін анықтау
  • Сайлау органдарының реакциясын – бас тартуды/қабылдауды, мерзімдерді, негіздерді қадағалау:
    • тіркеуге алуды, тіркеуден бас тартуды;
    • құжаттарды қарау мерзімдерін;
    • шешімдердің заң талаптарына сәйкестігін;
    • шешімдерде негіздемелердің болуын.
  • Тіркеу рәсімдері ашықтығының сақталуын қадағалау: Ақпараттың қолжетімділігін, бақылаушыларды, БАҚ өкілдерін қабылдау мүмкіндігін, барлық үміткерге тең жағдайлар жасалуын бақылау.
  • Квоталардың сақталуын, тізімдерді қалыптастыру процесінің ашықтығын қадағалау: Заң бойынша квоталардың орындалғанын, үміткерлер тізімдерінің олардың позицияларын көрсете отырып жарияланғанын тексеру.
  • Сот прецеденттерінің болған-болмағанын қадағалау: Сайлау комиссияларының іс-әрекеттеріне шағымдану жағдайларын, қарау мерзімдерін, нәтижелерін бақылау
  • Тіркеуден бас тарту фактілерін, олардың негіздерін тіркеуді: Себептердің объективтілігін, барлығына бірдей қолданылғанын талдау.
  • Үміткерлердің шешімдерге шағымдану құқығын қадағалау: Үміткерлердің, партиялардың шағымды уақытылы берудің нақты мүмкіндігі бар-жоғын, шағымдардың қаншалықты жедел, әділ қаралатынын тексеру.

Қалай тіркеу керек:

  • Ресми дереккөздердегі (ОСК, БАҚ, партия сайттары, әлеуметтік желілер) жаңалықтарды бақылау;
  • Күнін, партияны, үміткерді, ауданды көрсете отырып, тіркеу кестесін жүргізу;
  • Заң бұзу фактілерін тіркеу: түсініктеме беруден бас тартуы, мерзімдерді кешіктіру, түрлі қатысушыларға тең дәрежеде қарамау.

Үміткерлерді, партияларды тіркеу
Сайлау туралы заң не дейді: негізгі ережелер

2026 жылғы 15 наурыздағы референдум қорытындысы бойынша қабылданған конституциялық өзгерістерге байланысты Парламент (Құрылтай) бір палаталы орган ретінде құрылады, оның депутаттарын сайлау партиялық тізімдер бойынша жүзеге асырылады.
Нәтижесінде ұлттық деңгейдегі сайлау белсенділігі негізінен партиялық бағдарға негізделеді. Бұл азаматтардың жеке тәртіппен сайлауға түсу мүмкіндігін айтарлықтай шектейді.

Осылайша бұл деңгейде өзін-өзі ұсыну бөлігінде пассивті сайлау құқығын іске асыру шектеледі, бұл саяси бәсеке, өкілдік деңгейіне кері әсер етеді.
Осы тұста бұл нұсқаулықты дайындау сәтінде жергілікті өкілді, атқарушы басқару деңгейінде сайлау өткізу тәртібіне қатысты белгісіздік сақталып отыр. Атап айтқанда мәслихаттарға сайлау моделіне, қалалар, аудандар әкімдерін сайлау рәсімдеріне қатысты нақты түсінік жоқ: олар өзгеріссіз қала ма, үміткерлерді ұсыну процесі кезінде өзгерістерге ұшырай ма, белгісіз.
Осыған байланысты ұсынылған әдіснама, ұсынымдар заңнаманың қолданыстағы нормаларына, қалыптасқан тәжірибеге негізделеді, алайда нормативтік базаның, құқық қолдану тәжірибесінің ықтимал өзгерістерін ескере отырып қолданылуға тиіс.

Бақылаушыларға өтпелі кезеңде сайлау өткізу тәртібін нақтылауы мүмкін ресми түсіндірмелерді, нормативтік актілерді, сайлау органдарының шешімдерін мұқият қадағалау ұсынылады.

Бұл бөлім бұрын қолданыста болған заңнама негізінде дайындалды. Сайлау заңнамасындағы жалғасып жатқан өзгерістерді ескере отырып жекелеген ережелер нақтылануы, өзгертілуі мүмкін.

Дегенмен үміткерлерді тіркеуге арналған осы ішкі бөлімді сақтау туралы шешім қабылданды, себебі оның мазмұны сайлау процесін түсіну үшін әдіснамалық тұрғыдан маңызды болып қала береді.

Тіркеу мерзімдері

  • Партиялық тізімдерді, үміткерлерді тіркеу дауыс беру күніне 60 күн қалғанда басталады, сайлауға 30 күн қалғанда аяқталады (егер өзгеше белгіленбесе).
  • Бірмандатты округ бойынша үміткер дауыс беру күніне екі күн қалғанда өз кандидатурасын қайтарып ала алмайды.

Үміткерлерді тіркеуге арналған құжаттар

  • Саяси партиядан ұсынылған жағдайда: ұсыну туралы хаттамадан үзінді көшірме, үміткердің өтініші, өмірбаяны, кірістері, мүлкі туралы декларация, сайлау жарнасын төлегені туралы құжат талап етіледі.
  • Өзін-өзі ұсынған жағдайда (адам партиясыз сайлауға түскен кезде): сайлауға түсу ниеті туралы өтініш, өмірбаяны, кірістері, активтері туралы декларация, жарна төленгенін растайтын құжат талап етіледі.
  • Бір округте партиядан ұсынылатын үміткерлер саны шектеулі: бір аумақтық округте бір партиядан бір ғана тізім ұсынылады.
  • Партиялық тізімде әйелдер, жастар, мүгедектігі бар адамдар (жалпы) кемінде 30% болуға тиіс.

Тіркеуді жариялау

  • Тіркеуден кейін округтік сайлау комиссиясы тіркелген үміткерлер туралы хабарлама жариялайды: тегі, жұмыс орны, тұрғылықты жері туралы мәліметтер, партиясы (үміткердің қалауы бойынша) көрсетіледі.
  • Тіркелген үміткерлерге куәлік беріледі.
  • Үміткерді тіркеуден бас тарту (қабылданған тіркеудің күшін жою) туралы шешімдер жариялануға тиіс. Бұл ретте бас тарту негіздері (құжаттардың болмауы, ұсыну тәртібін бұзу, заң талаптарына сәйкес келмеу, өзге де себептер) қарастырылған.
  • Мәселен сот заң бұзу фактілерін анықтаған жағдайда үміткерді партиялық тізімнен шығаруға болады, мұндай шешімдерге шағымдану құқығы сақталады.

Шешімдерге шағымдану

  • Тіркеуден бас тарту, оның күшін жою туралы шешімге шешім шыққаннан кейін жеті күн ішінде жоғары тұрған сайлау комиссиясына, сотқа шағымдануға болады.
  • Сот талқылауы әділ, объективті өтуге тиіс. Мүдделі тараптар өз құқықтарын қорғай алуы керек.

Үміткерлерге қойылатын талаптар

  • Сот шешімі бойынша өтелмеген, алып тасталмаған соттылығы бар үміткер тіркеле алмайды.
  • Үміткердің өз науқанында қызмет бабын, лауазымын пайдалануына жол берілмейді: бұл тіркеуден бас тартуға, тіркеудің күшін жоюға негіз бола алады.
  • Үміткерлерге, партияларға тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.

Сайлау қорлары, қаржыландыру

  • Үміткерлер, партиялар үгіт-насихат қаржыландырылатын сайлау қорларын құруға міндетті.
  • Үміткерлердің, олардың жұбайларының кірістері, мүлкі туралы декларацияларын салық, фискалдық органдар тексереді.
  • Қаржыландыру қағидаларын қайталап бұзған жағдайда үміткерлерді тіркеудің күші жойылуы мүмкін.

2. Байланыс орнату, ақпарат жинау

Бақылаушылар саяси партиялармен, жеке үміткерлермен байланысуы керек. Бұл іс жүзінде сайлау процесінің, әсіресе тіркеу, науқанды жүргізу кезеңінің қалай өтіп жатқанын: қатысушылардың қандай қиындықтарға тап болатынын, партиялық үміткерлерге, өзін-өзі ұсынушыларға деген көзқараста айырмашылықтардың бар-жоғын жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.

Өзгертілген заңнаманың жаңа жағдайында мәслихаттар сайлауының, мәселен жергілікті атқарушы органдар басшыларын (әкімдерді) сайлаудың айырмашылығын көру өте қызық болмақ.

Іс жүзінде ресми коммуникация арналары жиі жұмыс істемейді: ресми сауалдарға, хаттарға жауаптар сирек келеді, олар көбіне формальды сипатта болады. Мәселен кейбір партиялар мұндай хаттарды елемейді, мүлдем жауап бермейді. Бұл ретте жеке кездесулер, бейресми араласу көбінесе әлдеқайда көп пайдалы ақпарат, оның ішінде үміткерлер тап болатын нақты кедергілер туралы мәлімет береді.
Мұндай байланыстар бақылаушыларға ресми ақпаратты (заң бойынша не болуға тиіс екенін), іс жүзінде не болып жатқанын салыстыруға, ықтимал жүйелік проблемаларды – тепе-тең емес жағдайларды, әкімшілік шектеулерді, нормалардың таңдамалы қолданылуын анықтауға көмектеседі.

Бұдан бөлек партиялардың, үміткерлердің бақылаушылармен өзара іс-қимылға ашықтығының өзі сайлау науқаны ашықтығының маңызды индикаторы саналады.

Мұндай байланыстар арқылы науқанның жалпы мән-жайы айқынырақ болады: оның қаншалықты бәсекелес екені, қатысушылар қандай құндылық бағдарларын ілгерілететіні, үгіт-насихат жүргізу үшін қандай ресурстары бар екені анықталады.

Не істеу керек:

  • Ұйым немесе координатор ақпарат алу мүмкіндігі жайлы ресми сауал хатын дайындайды;
  • Өзін таныстыру, бақылаушы ретіндегі рөлін түсіндіру, сайлау науқанына араласпайтынын атап өту; Штаб өкілдерінің, баспасөз қызметтерінің, спикерлердің байланыс деректерін жинау;
  • Үміткерлердің, партиялардың ресми Telegram-арналарына, әлеуметтік желілердегі парақшаларына жазылу;
  • Тек ресми сауалдармен шектелмеу: мүмкіндігінше партия кеңселеріне, сайлау штабтарына бару, әлеуметтік желілер, жеке таныстар арқылы байланыс іздеу – мәселен үміткерлерге, олардың өкілдеріне шығу, кездесу туралы тікелей келісу.

Сұралатын ақпарат мысалдары:

  • Көпшілік қатысатын іс-шаралар кестесі;
  • Штабтың ашылуы туралы ақпарат; Үміткерлер туралы материалдар: өмірбаяны, бағдарламасы, қатысу ниеті туралы өтініші;
  • Үміткерді, партияны ұсыну, тіркеу процесі қалай өткені, қандай қиындықтар туындағаны;
  • Тіркеуден бас тарту, құжаттарды қайтару жағдайлары болған-болмағаны, қандай негіздер бойынша екені;
  • Бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімділік, үгіт-насихат жүргізу мүмкіндіктері;
  • Қысым көрсету, шектеу қою, сайлау науқанына араласу жағдайлары;
  • Сайлаушылармен кездесулер өткізу жағдайлары (алаңдарды келісу, шектеулер, бас тартулар);
  • Әкімшілік ресурсты пайдалану (егер мұндай фактілер байқалса);
  • Науқанды қаржыландыру көздері, шығындардың ашықтығы (жалпылама түрде);
  • Сайлау органдарына, соттарға шағымдардың, өтініштердің түсуі, олардың нәтижелері;
  • Сайлау комиссияларымен өзара іс-қимыл, осы байланыстың сапасы;
  • Сайлау науқанының бәсекелестігін жалпы бағалау.

3. Мемлекеттік органдар мен Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурстарына талдау Нені және қайдан іздеу керек:

  • Орталық сайлау комиссиясы (ҚР ОСК): тіркелген үміткерлердің тізімі, тіркеу жөніндегі нұсқаулықтар, құжаттар, отырыстар, шағымдар;
  • Әкімдіктер, жергілікті сайлау комиссиялары: нақты округтердегі сайлау туралы ақпарат, үміткерлердің тізімдері, үгіт-насихат орындарына арналған өтініштер;
  • Министрліктер, мемлекеттік мекемелер: мемлекеттік қызметшілердің сайлауалды белсенділікке қатысуын бақылау;
  • «Ашық үкімет» порталы: ресми шешімдер, қаржыландыру, есептер.

Нені тексеру маңызды:

  • Жарияланған ақпараттың толық болуын (үміткерлер тізімдерінің, шешімдер мен құжаттардың уақытылы жаңартылуы);
  • Әртүрлі ресурстардағы (ОСК, жергілікті комиссиялар, әкімдіктер) деректердің сәйкестігін;
  • Рәсімдердің ашықтығын — комиссия шешімдерінің, отырыс хаттамаларының, бас тарту негіздері мен шағымдардың жариялануын;
  • Үгіт-насихат орындары туралы ақпараттың болуын, үміткерлерге оларға тең қолжетімділік берілуін;
  • Сайлау процесіне мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қатысуын — әкімшілік ресурсты пайдалану белгілерінің бар-жоғын;
  • Азаматтар үшін ақпараттың қолжетімділігін (түсінікті, толық, іздеудің ыңғайлы);
  • Науқандарды қаржыландыру, үміткерлердің есептілігі туралы деректердің болуын (егер жарияланса);
  • Өзгерістердің тіркелуін — материалдардың өшірілуін, өткен күнмен өңделуін.

Қалай тіркеу керек:

  • Күндері көрсетілген негізгі парақшалардың скриншоттарын жасау;
  • Сілтемелерді, жаңарту күндерін, түсініктемелерді көрсете отырып мониторинг кестесін жүргізу;
  • Сәйкессіздіктерді анықтау үшін әртүрлі өңірлердегі (бақылаушылар бар жерлердегі) ақпаратты салыстыру.

Нені ерекше назарға алу қажет:

  • Мезгілсіз үгіт-насихат (мәселен ресми тіркеуге дейінгі «сайлаушылармен кездесулер»). Бұл әсіресе партиялардың, үміткерлердің өздері жүргізетін әлеуметтік желілерден айқын көрінеді;
  • Әкімшілік ресурсты пайдалану — бюджеттік мекемелерде іс-шаралар өткізу, әкімдіктердің, өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері тарапынан қатысу;
  • Мемлекеттік БАҚ-та науқанның біркелкі жарияланбауы — басқаларын елемей, жекелеген партияларға, үміткерлерге басымдық бере назар аудару;
  • Тіркеу кезіндегі кедергілер — бас тартудың рәсімдік негіздеріне назар аудару, олардың барлық қатысушыға бірдей қолданылатынын түсіну аса маңызды;
  • Қысым көрсету, кемсітушілік белгілері — кездесулер өткізуге шектеу қою, алаңдар беруден бас тарту, үгіт-насихат қызметіне араласу.
«Спойлерлер» деп аталатын құбылыс ерекше назар аударуды қажет етеді.
Бұл сайлауға қағаз жүзінде ғана қатысатын, іс жүзінде өзге міндеттерді атқаратын үміткерлер, партиялар. Мәселен:
  • Сайлаушыларды шатастыру мақсатында ұқсас есімдері, тектері бар үміткерлер;
  • Шынайы үгіт-насихат жүргізбейтін, тек бәсеке көрінісін қолдан жасайтын «жасанды» үміткерлер;
  • Күн тәртібі басқа үміткердің риторикасын толық қайталайтын, оппоненттердің қолдауын әлсіретуі мүмкін қатысушылар;
  • Қағаз жүзінде ғана қатысатын, кездесулер өткізбейтін, үгіт-насихат жүргізбейтін, ақпарат кеңістігінде мүлдем байқалмайтын үміткерлер.

Қорытынды

Саяси субъектілер қызметіне бастапқы кезеңде мониторинг жүргізу – жалпы сайлау ашықтығын бағалаудың негізі. Бұл кезеңде неғұрлым мұқият бақыласаңыз, дауыс беру күні алдындағы заңдылықтарды, қауіп-қатерлерді анықтау соғұрлым оңай болады. Дәл осы уақытта қатысудың негізгі шарттары, оның ішінде тіркелуге, ресурстарға, медиаға қолжетімділік, жалпы науқанды жүргізу мүмкіндіктері қалыптасады.
Бұл кезеңдегі бақылау құрылымдық проблемаларды уақытылы анықтауға, сайлауға барлық ниет білдірушілер жіберіле ме, тек алдын ала «келісілген» үміткерлер, партиялар ғана қатыса ма, соны айқын көруге мүмкіндік береді. Есте сақтаңыз: сіздің бақылауыңыз – сайлауды, демократияны қорғауға арналған үлкен механизмнің маңызды бөлігі, оның нәтижелері талдау, тұжырымдар жасау үшін дәлелді базаны қалыптастыруға көмектеседі.

IV. Сот процестеріне мониторинг жүргізу

Бұл бөлімде елдегі сайлау процесіне тікелей қатысты істер санаттары бойынша сот процестеріне мониторинг жүргізудің құқықтық ерекшеліктері қарастырылған.

Электорал процесс мемлекет, саяси партиялар, өзін-өзі ұсынған үміткерлер, сенім білдірген адамдар, бастамашыл топтар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бақылаушылар, басқа да көптеген қатысушы арасындағы ауқымды құқықтық қатынастарды қамтитын күрделі құқықтық құрылым саналады.

Мүдделі тараптардың көп болуына байланысты түрлі даулы жағдайлар қазақстандық сот жүйесінің түрлі тармақтарына қарауға берілуі мүмкін, атап айтқанда:

  • АК, АПК ережелеріне сәйкес азаматтық соттарға;
  • Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс ережелеріне сәйкес мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға;
  • ӘҚБтК ережелеріне сәйкес мамандандырылған әкімшілік соттарға;
  • ҚК, ҚПК ережелеріне сәйкес қылмыстық соттарға
Осыған орай электорал кезеңде Қазақстан соттарында сайлау процесіне қатысты істердің мынадай санаттары жиі қаралады:
  • Үміткерлерді тіркеуге байланысты даулар: тіркеуден бас тартуға, сайлаудан шығару әрекетіне шағымдану.
  • Сайлау комиссияларының шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау: комиссияларды қалыптастыру тәртібіне, дауыс беру, дауыстарды санау рәсімдеріне шағымдану.
  • Үміткерлердің, саяси партиялардың ар-намысын, қадір-қасиетін, беделін қорғау істері: сайлауалды үгіт-насихат барысында жалған ақпарат таратуға қатысты талап-арыздар.
  • Азаматтардың сайлау құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар: заңсыз үгіт-насихатқа, сайлаушыларды «сатып алуға», өзге де заң бұзу фактілеріне қатысты істер.
  • Дауыс беру күні сайлау комиссияларының әрекеттерін/әрекетсіздігін заңсыз деп тану даулары: дауыс беру бюллетеньдерін заңсыз беру, бюллетеньдерді топтап тастау, бақылаушылардың, сенім білдірілген адамдардың, журналистердің қызметін шектеу.
  • Жеке учаскелердегі, жалпы сайлау округі бойынша дауыс беру қорытындыларын, сайлау нәтижелерін жарамсыз деп тану даулары.
Істердің жоғарыда көрсетілген санаттары бақылаушыларға электорал кезеңдегі сот тәжірибесінің аса маңызды, ықтимал түйткілді тұстарына басты назар аударуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда аталған іс санаттарының алуан түріне қарамастан ұзақ мерзімді бақылау ерекшелігін ескергенде мониторинг жүргізілуге тиіс істердің басым бөлігі Қазақстанның Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарында ӘРПК (Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс) ережелеріне сәйкес қаралады.

Бұл ӘРПК барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының, электорал процеске қатысты өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың әрекеттеріне/әрекетсіздігіне (әкімшілік әрекеттеріне/әкімшілік актілеріне) шағымдану мүмкіндігін көздейтініне байланысты.

Осылайша бұл бөлім тек ӘРПК ережелеріне ғана негізделеді. Авторлар бұл бөлімге ұзақ мерзімді бақылаушыға сот процесіне бақылаушы ретінде қосылу туралы өтініштер дайындауға, арнайы сервистер арқылы онлайн-режимде сот органдарына өтініштерді, өзге де құжаттарды жолдауға, әкімшілік істер бойынша сот шешіміне қатысты ережелерді түсінуге көмектесетін арнайы қосымшалар әзірледі

Сайлау дауларының сотта шешілуін бақылау кезіндегі ұзақ мерзімді бақылаушылардың жұмыс қағидаттары

Өз қызметінің тиімділігін, заңдылығын қамтамасыз ету үшін электорал кезеңдегі сот процестерін бақылаушы әділ сот төрелігінің, сайлауды бақылаудың халықаралық стандарттарынан туындайтын бірқатар негізгі қағидаттарды қатаң сақтауға тиіс.
  • Саяси бейтараптық
    Бақылаушы қатаң бейтараптықты сақтауға, процестің кез келген тарапын, саяси партияны, үміткерді қолдау, сынау ретінде бағалануы мүмкін кез келген әрекеттерден, мәлімдемелерден аулақ болуға тиіс. Басты міндет – жеке қалауын білдіру емес, болып жатқан оқиғаларды объективті түрде тіркеу.
  • Объективтілік, дәлдік
    Тіркелетін барлық ақпарат дәл, толық болуға, тек сот отырысы барысында бақыланған фактілерге ғана негізделуге тиіс. Субъективті бағалауларға, болжамдарға, негізсіз пікірлерге жол бермеу керек.
  • Заңдарды сақтау, сотты құрметтеу
    Бақылаушы Қазақстан Республикасының заңнамасын, сотта белгіленген мінез-құлық қағидаларын сақтауға міндетті. Бұл төрағалық етуші судьяның өкімдеріне бағынуды, процестің барлық қатысушысына құрметпен қарауды қамтиды.
  • Араласпау
    Бақылаушының қызметі сот талқылауының қалыпты жүруіне кедергі келтірмеуге тиіс. Бақылаушылардың нұсқаулар беруге, судьялармен, процесс қатысушыларымен сөзге келуге, сот төрелігін іске асыруға өзге де жолмен араласуға құқығы жоқ.
  • Құпиялық
    Бақылаушыға жабық сот отырыстары барысында белгілі болған, қолжетімділігі шектелген іс материалдарынан алынған ақпарат жария етілмеуге тиіс. Көпшілікке арналған есептер тек ашық тыңдаулар барысында алынған ақпаратқа негізделуге тиіс
  • Кәсібилік, құзыреттілік
    Бақылаушының ұлттық сайлау, процестік заңнама, адам құқықтары, әділ сот саласындағы халықаралық стандарттар бойынша білімі болғаны абзал. Бұл болып жатқан оқиғаларды дұрыс бағалауға, бақылау нысандарын дәл толтыруға мүмкіндік береді.
  • Қызметтің ашықтығы
    Бақылау миссиясы ашық жұмыс істеуге тиіс. Оның мандаты, әдіснамасы, қаржыландыру көздері жұртшылыққа мәлім болуға тиіс. Бұл ретте бақылаушылар миссияның ресми есептері жарияланғанға дейін нақты істер бойынша алдын ала көпшілік алдында пікір білдіруден тартынуға тиіс.
  • Жауапкершілік
    Бақылаушы қорытынды есептердің, ұсынымдардың негізіне айналатын, өзі жинайтын ақпараттың шынайылығына, объективтілігіне жауапты болады. Бақылаудың мақсаты тек заң бұзушылықтарды тіркеу емес, сайлау процесін, сот жүйесін жақсартуға ықпал ету.

Алдағы сот отырыстары туралы ақпарат алу

Соттың сот отырыстарының күні, уақыты туралы іс бойынша тараптарды ғана хабардар етуге міндетті екенін атап өткен жөн.

Ұзақ мерзімді бақылаушы іс бойынша тараптарға жатпайды.

Осылайша сот процесіне мониторинг жүргізуге мүдделі кез келген тараптар (оның ішінде ұзақ мерзімді бақылаушы) сот отырыстарының күні, уақыты туралы ақпаратты өз бетінше, проактивті түрде алуға міндетті.

Бұдан бөлек олар сот отырысына қатысу мүмкіндігін алу үшін сотқа тиісті өтініштерді өз бетінше жолдауға міндетті.

Осыны ескере отырып, ұзақ мерзімді бақылаушылар үшін кез келген ықтимал, ағымдағы сот процестері туралы ақпарат алу мақсатында саяси партиялардың өкілдерімен, өзін-өзі ұсынған үміткерлермен, олардың сенім білдірілген адамдарымен, штаб өкілдерімен байланыс жүйесін құру маңызды.
Ұзақ мерзімді бақылаушы саяси ойыншылар тарататын кез келген нарративтерден барынша алшақтап, қатаң бейтараптықты, объективтікті сақтай алатындай байланыс жүйесін құру өте маңызды.
Оған қоса кез келген ықтимал, ағымдағы сот процестері туралы ақпарат алу үшін БАҚ-қа, саяси партиялардың, өзін-өзі ұсынған үміткерлердің, олардың сенім білдірілген адамдарының, штаб өкілдерінің әлеуметтік желілеріне уақытылы мониторинг жүргізу маңызды.

Осылайша ақпаратты уақытылы алу сот процесіне мониторинг жүргізу мүмкіндігінің негізгі элементі саналады.

Сот процесіне қатысуға қажет деректер

Сот процесіне қатысу үшін ұзақ мерзімді бақылаушы мынадай ақпаратты алуға тиіс:

  • Iс қаралатын соттың атауы,
  • Судьяның тегі, аты, әкесінің аты,
  • Сот отырысы хатшысының аты, ұялы телефон нөмірі,
  • Соттың электрондық пошта мекенжайы.
Бұл ақпарат ұзақ мерзімді бақылаушыны сот процесіне қосу туралы өтінішті/қолдаухатты сотқа жолдау үшін қажет. Тиісті өтініштің/қолдаухаттың үлгісі осы әдіснаманың 9-қосымшасында берілген.

Оған қоса іс жүзінде судьялар сот процестері кезінде «бақылаушы» ұғымын/сөзін қолданбайды, құптамайды. Негізінен судьялар ашық сот отырыстарына қатысатын адамдарға қатысты қолданатын «тыңдаушы» ұғымы төңірегінде белгілі бір консенсус қалыптасқан. Қазақстандық процестік нормаларда ашық сот отырыстарына қатысатын, іс бойынша тараптар болып саналмайтын тұлғаларға қатысты «бақылаушы», «тыңдаушы» ұғымдары қамтылмаған.

Өтінішті/қолдаухатты eOtinish мемлекеттік сервисі арқылы жіберуге болады. Бұл мемлекеттік сервиспен жұмыс істеу үшін ЭЦҚ алу қажет.

Бақылаушы жағдайы

Сот отырысы кезінде бақылаушының ешқандай ерекше жағдайы немесе іс жүргізу (процестік) мәртебесі болмайтынын атап өткен жөн. Дегенмен, сот талқылауының жариялылық қағидаты негізінде ұзақ мерзімді бақылаушылар ашық сот отырысы залында болуға толық құқылы.

Ашық сот отырысына қатысатын ұзақ мерзімді бақылаушылар:
Сот отырысы барысында жазбалар жасауға, Оны залдағы өздері отырған орындардан аудиожазба құралдарының, цифрлық тасымалдағыштардың көмегімен тіркеуге құқылы.
Бұл ретте сот талқылауы залында кинотүсірілім, фототүсірілім, бейнежазба, тікелей радиотаратылым, телетаратылым, ақпараттық-коммуникациялық желісіндегі бейнетаратылым соттың рұқсатымен, іске қатысатын адамдардың пікірін ескере отырып рұқсат етіледі. Бұл әрекеттер сот отырысының қалыпты жүруіне кедергі келтірмеуге тиіс, оларды сот уақыт жағынан шектей алады. Бұл туралы сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымында көрсетіледі (Азаматтық процестік кодекстің 19-бабының 7-тармағы).
Сот отырысы барысында, одан кейін ұзақ мерзімді бақылаушыға ұсынылмайды/қатаң тыйым салынады:

  • Қаралып жатқан істің мәні бойынша, мәнінен тыс сотқа сұрақтар қоюға;
  • Сот процесінің тараптарына істің мәні бойынша, мәнінен тыс сұрақтар қоюға;
  • Сотта қаралып жатқан іске тікелей қатысты мәселелер бойынша процестің барлық қатысушысымен, оның ішінде судьялармен, прокурорлармен, талап қоюшы, жауапкер тараптарымен, барлық мүдделі тараппен процестен тыс байланыс орнатуға тырысуға;
  • Сот талқылауы барысында, одан кейін соттың, процесс қатысушыларының әрекеттеріне/әрекетсіздігіне көпшілік алдында пікір білдіруге.

Сайлау, референдумдарға байланысты істерді қарау ерекшеліктері

Сайлау кезеңіндегі сот процестерін бақылаудың Қазақстандағы сот ісін жүргізудің жалпы қағидаттарына, электорал құқықтық қатынастардың динамикасына негізделген бірқатар өзіндік ерекшелігі бар. Басты ерекшелік – сайлау заңнамасын бұзуға байланысты істерді қарау мерзімдерінің қысқа болуы.

Бұл бақылаушылардан барынша жедел, қарқынды режимде жұмыс істеуге дайын болуды талап етеді. Мұндай процестерге қоғамдық назардың артуы тағы бір маңызды сипат саналады. Сайлау даулары бойынша сот шешімдері айтарлықтай резонанс тудырып, жалпы сайлау жүйесіне деген сенімге әсер етуі мүмкін. 2020 жылдың ортасынан бастап сот отырыстарын онлайн-форматта (әсіресе WhatsApp мессенджері арқылы) өткізу үрдісі байқалатынын атап өткен жөн.

Жоғарыда аталған жағдай бақылау мүмкіндіктерін арттырады, сонымен бірге техникалық қолжетімділікті қамтамасыз етуге, процесті толық қабылдауға байланысты жаңа міндеттер жүктейді.

ӘРПК-де сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы әкімшілік істер бойынша іс жүргізу ерекшеліктері белгіленген.
Сайлау туралы заңның 20-бабының 9-тармағында онда көрсетілген мерзімдер (шешім қабылданған, әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бастап он күн) өткеннен кейін сайлау комиссиясы шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) қатысты өтінішті қарамайтыны көзделген. Бұл мерзімдер қалпына келтірілмейді, бұлтартпайтын болып саналады, оларды өткізіп алу ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес талап-арызды қайтаруға негіз болады.
Референдум туралы заңда өзгеше көзделмегендіктен, көрсетілген мерзімдерді (шешім қабылданған, әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бастап он күн) өткізіп алу референдум комиссияларының шешімдеріне, әрекеттеріне дау айту туралы талап-арыздарды қайтаруға әкеп соғады. Оған қоса істердің бұл санаты бойынша қараудың, апелляциялық шағымданудың қысқартылған мерзімдері қарастырылған.

V. Сайлау заңнамасына мониторинг жүргізу әдіснамасы

Заңнамаға мониторинг жүргізу – сайлауды реттейтін құқықтық нормалардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін, әділ демократиялық процесті қамтамасыз етуін қадағалаудың, талдаудың, бағалаудың жүйелі процесі. Заңнаманы сапалы талдау сайлауды бақылау жөніндегі ұлттық миссиялар жұмысының іргетасы саналады. Дауыс беру күні заң талаптарының сақталуын тиімді бағалау үшін бақылаушылар өздері қызмет ететін құқықтық ортаны жете білуге тиіс.
Бұдан бөлек заңнамаға мониторинг жүргізу сайлау процесінің әрбір кезеңінде барлық қатысушының (саяси партиялардың, үміткерлердің, сенім білдірілген адамдардың, бақылаушылардың, БАҚ өкілдерінің, тағы басқалардың) теңдігі, кемсітілмеуі тұрғысынан заң шығарушының реттеу бөлігіндегі құқықтық ой бағытын бағалауға мүмкіндік береді.

Сайлау заңнамасына толыққанды мониторинг жүргізу үшін барлық одан арғы жұмыстың негізіне айналатын білімнің, құралдардың толық базасын қалыптастыру қажет

Құқықтық негізді айқындау әрі жүйелеу

Сайлау заңнамасына мониторинг жүргізу үшін сайлау заңнамасының мәнін, оның қандай элементтерден тұратынын түсіну қажет.

Қазақстандық сайлау жүйесі Конституциядан бастап бейінді заңнамаға, бейінді мемлекеттік органдардың бұйрықтарына дейінгі белгілі бір иерархияға сәйкес келетін қатаң қағидатқа бағынады.

Иерархиялық қисынды басшылыққа ала отырып бұл бөлімде сайлау заңнамасының корпусына тікелей, жанама кіретін негізгі нормативтік құқықтық актілер қамтылады, жүйеленеді.
Заңдарға жатпайтын, қазақстандық құқықтық жүйе иерархиясында маңызды рөл атқаратын, электорал процестің белгілі бір аспектісін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жеке атап өткен жөн.
  • Орталық сайлау комиссиясының / Орталық референдум комиссиясының қаулылары
  • Аумақтық сайлау комиссияларының / Аумақтық референдум комиссияларының қаулылары
  • Округтік сайлау комиссияларының қаулылары
  • Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары
  • Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік қаулылары
Сайлау заңнамасы тұрғысынан Орталық сайлау комиссиясының, төменгі деңгейдегі комиссиялардың қаулылары нысанындағы нормативтік құқықтық актілер сайлау процесінің қисынын түсіну үшін аса маңызды саналады
Жоғарғы, Конституциялық соттардың нормативтік қаулыларына қатысты айтсақ, бұл құжаттар іс жүргізудің процестік ерекшеліктерін, сайлау заңнамасының, құқық қолдану тәжірибесінің белгілі бір аспектісінің конституциялық негіздерін айқындау үшін маңызды.
Жоғарыда көрсетілген тізімдердің толық емес екенін, оларды тиісті нормативтік құқықтық актілердің шығуына, табылуына қарай толықтыра беруге болатынын атап өткен жөн.

Өзекті халықаралық стандарттарды дерекқорға енгізу

Қазақстан көптеген халықаралық стандартты, оның ішінде азаматтардың сайлау арқылы мемлекетті басқаруға қатысу құқығын іске асыруға байланысты стандарттарды өз еркімен ратификациялады. Қазақстан үшін Адам құқықтарының баршаға ортақ декларациясы, Азаматтық, Саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, жоғарыда аталған пактіге қатысты жалпы сипаттағы тиісті ескертпелер сияқты БҰҰ құжаттары барынша өзекті. Қазақстан үшін ЕҚЫҰ құжаттары, оның ішінде Копенгаген кеңесінің құжаты, елде бұрын өткізілген электорал науқандар нәтижелері бойынша ЕҚЫҰ/АДИҚБ миссияларының ұсынымдары бірдей маңызды.
Қолдануға ыңғайлы болуы үшін «Нормативтік құқықтық актілер, халықаралық стандарттар кітапханасы» деп аталатын қорды құруға кеңес береміз.

Ақпарат көздерінің дерекқорын қалыптастыру

Сайлау заңнамасына толыққанды мониторинг жүргізу үшін негізгі, аса өзекті ақпарат көздерін анықтау қажет. Цифрландыру қолжетімдірек электрондық нұсқаларға назар аударуға, заңнамаға сәйкес нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері жарияланатын республикалық мерзімді баспа басылымдарының қағаз нұсқаларын зерделеу қажеттілігінен арылуға мүмкіндік береді. Осылайша өзекті ақпаратты уақытылы алу үшін мұндай ақпаратты іздеуге арналған интернет-ресурстардың үлгісін жасау керек.

Мұндай интернет-ресурстардың топтамасы тиісті мемлекеттік органдардың ресми сайттарын, негізгі саяси партиялардың сайттарын (қажет болған жағдайда), бұқаралық ақпарат құралдарын қамтуға тиіс екеніне назар аудару маңызды.

Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары

БАҚ-тың интернет-ресурстары

Жоғарыда көрсетілген тізім толық емес. Әрбір бақылаушы оны толықтыруға, өз көзқарасы тұрғысынан маңызсыз саналатын онлайн-ресурстарды алып тастауға құқылы.

Дегенмен қоғамдық маңызы бар нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер, толықтырулар енгізу туралы ақпарат жиі жарияланатын БАҚ-тың онлайн-нұсқаларына тұрақты түрде мониторинг жүргізу аса маңызды.

Оған қоса заңнамаға уақытылы мониторинг жүргізу үшін әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, саяси бастамалардың, жекелеген үміткерлердің, саясаттанушылардың, саяси шолушылардың, сарапшылардың ресми парақшаларына жазылып қоюға болады.

Тәжірибеде қолдану

Заңнама ықтимал өзгерістер туралы ақпарат жинау оларды талдаумен ұштаспаса, мүлдем пайдасыз іс саналады. Атап айтқанда мыналарды бағалау маңызды:

  • Өзгерістердің қаншалықты маңызды екенін,
  • Олардың электорал ортаны өзгертетінін-өзгертпейтінін,
  • Халықаралық стандарттарға сәйкестігін.
I. Бірінші қадам – нормативтік құқықтық актінің мәтініндегі барлық болжалды өзгерісті тіркеу.

Ол үшін:
1. Өзгертілетін әрбір бап, тармақ үшін екі бағаннан тұратын қарапайым кесте құрыңыз.
2. Мәтінді сөзбе-сөз (!) көшіріп алыңыз. Ескі, жаңа редакцияның мәтінін көшіріңіз.

3. Айырмашылықты айқын көрсету үшін пішімдеу құралдарын қолданыңыз. Жаңа мәтінді қалың қаріппен, түспен ерекшелеңіз.

Бұл қарапайым тәсіл арқылы өзгеріс мәні («бос орындар туралы шарт пайда болды» деген сияқты) бірден байқалады; ұсақ, алайда маңызды бөлшектерді (мәселен, «және» сөзін «немесе» сөзіне алмастыруды) назардан тыс қалдырмауға мүмкіндік береді.
II. Екінші қадам – заңдылықты, Конституция нормаларына, өзге де қазақстандық заңдарға, халықаралық стандарттарға, ұсынымдарға сәйкестікті анықтау мақсатында құқықтық талдау жүргізу. Талдау мынадай бағыттар бойынша іске асырылады:

1. Конституцияға, өзге де қазақстандық нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігін, қайшы келмеуін тексеру:
1.1. «Ішкі қайшылықтар» (жаңа норма осы заңның басқа баптарына қайшы келмей ме);
1.2. «Сыртқы қайшылықтар» (жаңа норма Конституцияға, басқа заңдардың нормаларына қайшы келмей ме);
1.3. Мәтінді түрлі түсінуге, қолдануға жол беретін «бұлыңғыр тұжырымдардың» бар-жоғын анықтау (мәселен, адамгершілікті қорғау, дәстүрлі, өзге де құндылықтарға сәйкестік, тағы басқалар)
Қолдануға ыңғайлы болуы үшін мұндай кестені Excel форматында әзірлеуге болады
2. Халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексеру (ыңғайлы болуы үшін Талдама матрицасын пайдалануға болады). Талдама матрицасының жұмыс қағидаты ұлттық заңнаманы талдауға ұқсас. Матрицада халықаралық стандарттар, ұсынымдар көрініс табады. Қолдануға ыңғайлы болуы үшін талдамалық матрицаны Excel форматында жүргізген абзал.

VI. Үгіт-насихат науқандарына мониторинг жүргізу

Ұзақ мерзімді бақылаушылар жұмысының негізгі элементі сайлауалды науқанды бақылау, тиісті есептер жасау саналады. Саяси партиялардың өкілдерімен, үміткерлермен кездесулермен, науқан барысын бақылаумен қатар ұзақ мерзімді бақылаушылар науқанның сапасын, атмосферасын атай отырып, саяси сипаттағы кез келген зорлық-зомбылық әрекеттері туралы баяндай отырып науқан өтіп жатқан жалпы саяси жағдайды бағалауға тиіс.

Сайлау науқаны әділ, тең жағдайда өтуі үшін барлық үміткерге, партияға, олардың жақтастарына өз бағдарламаларын еркін ұсыну, сайлаушылармен кездесу, бүкіл ел бойынша көпшілік іс-шараларын ұйымдастыра алуы керек. Мұндай үгіт-насихат еркіндігі бәсекелес сайлаудың негізгі элементі саналады.
Сайлауалды үгіт-насихат үміткерлерді тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады, сайлау күнінен алдыңғы күні жергілікті уақыт бойынша сағат нөлде аяқталады. Қайта дауыс беруді өткізу кезінде сайлауалды үгіт-насихат қайта дауыс беру күні тағайындалған күннен басталады, сайлау күнінің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат нөлде аяқталады («Сайлау туралы» заңның 27-2-бабы)
Үгіт-насихат қызметіне шектеулер тек заңмен енгізілуі мүмкін, олар қолданылатын мақсатқа ақталған, қажет, пропорционал болуға тиіс. Бұл халықаралық стандарттарға, үгіт-насихат тәртібі қатаң айқындалған, барлық қатысушы бірдей сақтауға тиіс Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес келеді («Сайлау туралы» заңның 27–32-баптары).
Көптеген елде үгіт-насихатты реттеуге үкімет, бейінді ведомстволар жауап береді. Қазақстанда мұндай өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігі басқа мемлекеттік органдармен бірге сайлау комиссияларына жүктелген. Олардың міндеті – науқанның барлық қатысушысына тең жағдайларды қамтамасыз ету, атап айтқанда:

  • Үгіт-насихатты еркін, әділ жүргізу;
  • Заңда көзделген мемлекеттік ресурстарға бірдей қолжетімдік;
  • Әкімшілік ресурсты теріс пайдалануға жол бермеу («Сайлау туралы» заңның 28-1, 20-1-баптары).

Заңда олқылықтар, бұлыңғыр тұжырымдар болған жағдайда реттеуші орган қосымша түсініктемелер, нұсқаулықтар шығаруға құқылы. Мұндай актілер заңға сәйкес келуге, үміткерлердің құқықтарын шектеуге емес, ашықтықты арттыруға қызмет етуге тиіс.

Үміткерлердің, партиялардың өздері белгіленген үгіт-насихат қағидаларын сақтауға міндетті болғанымен мемлекеттік органдар олардың бейтарап, дәйекті қолданылуына жауапты болады. Науқанның барлық қатысушысына мынадай тең мүмкіндіктер берілуге тиіс:

  • Жиналыстар өткізуге («Сайлау туралы» заңның 28-4-бабы);
  • Үгіт-насихат материалдарын дайындауға, таратуға;
  • Заңда айқындалған шарттарда БАҚ-қа қол жеткізуге («Сайлау туралы» заңның 28, 28-2-баптары);
  • Заңнамада көзделген жағдайда мемлекеттік үй-жайларды, өзге де ресурстарды пайдалануға.

Реттеуші орган ашық әрекет етуге міндетті. Үгіт-насихат қағидалары, мінез-құлық кодекстері, нұсқаулықтар, санкцияларды қолдану туралы шешімдер алдын ала, қолжетімді форматтарда жариялануға тиіс («Сайлау туралы» заңның 12-бабы). Бұл процесс қатысушыларының сенімін арттырады, азаматтарға науқанның қалай реттелетінін түсінуге мүмкіндік береді.
Кедергілерге тап болуы мүмкін топтарға ерекше назар аударылуға тиіс. Мемлекеттік органдар үгіт-насихат процесінің инклюзивтілігін қамтамасыз етуге міндетті:
Мүгедектігі бар адамдар ақпараттың қолжетімділігі туралы нормаларға сай үгіт-насихат іс-шараларына қатысуға және материалдарды қолжетімді форматта алуға құқылы
Әйел үміткерлер қысымнан, қудалаудан, олардың қатысуын шектеуге бағытталған әрекеттерден қорғалуға тиіс;
Сайлауға қатысатын ұлттық азшылық өкілдері қауіпсіздік, үгіт-насихат ресурстарына тең қол жеткізе алуы қажет.
Осылайша мемлекет заңның формалды талаптарының сақталуын ғана емес, әрбір үміткер науқанды еркін, қауіпсіз жүргізе алатын, сайлаушылар әртүрлі, объективті, қолжетімді ақпарат ала алатын нақты жағдайларды қамтамасыз етеді.

VII. Ұзақ мерзімді бақылау туралы жария есеп

Қорытынды есепті дайындау сайлауды, референдумды бақылау миссиясының ажырамас бөлігі саналады.

Бақылау тек учаскелерде болумен шектелмейді – оның негізгі мақсаты алынған деректерді талдаудан, құжаттаудан, көпшілікке ұсынудан тұрады.

Қорытынды есеп бірнеше маңызды функцияны атқарады:

Ашықтық – сайлау процесіне тәуелсіз, фактілерге негізделген баға береді.
Заңбұзушылықтарды тіркеу – жекелеген жағдайларды, жүйелі проблемаларды анықтауға мүмкіндік береді.
Есептілік, адвокация – диалог жүргізуге, заңнаманы, тәжірибені жақсартуға негіз болады.
Құқықтарды қорғау – процесс қатысушыларының құқықтарын мойындауға, қорғауға ықпал етеді.
Институционал жады – өзгерістерді қадағалауға, болашақ бақылау миссияларын жақсартуға көмектеседі.
Осылайша есепті дайындау, жариялау – жиналған деректерді нақты өзгерістер, сайлау процестеріне сенімді арттыру, демократиялық институттарды нығайту құралына айналдыратын сапалы бақылаудың негізгі элементі саналады.

VIII. Ұзақ мерзімді бақылаушыларға арналған әдістеме құралдары

Бұл бөлімде әдіснаманың жеке бөліктеріне қосымша түрінде ұсынылған барлық материал қамтылған.

I бөлімге арналған әдістеме құралдары

1-қосымша

Сайлау комиссияларымен жұмыс істеуге арналған үлгі сауалнама

Жалпы сұрақтар

  • Қай партияға, қай комиссияға мүше екенін және оған қай күні тағайындалғанын көрсететін комиссия мүшелерінің тізімі бар ма?
  • Комиссия құрамында комиссияның басқа мүшелеріне қызметтік бағыныстағы мүшелер бар ма?
  • Комиссия мүшелерінің бас тарту, қызметінен шеттетілу жағдайлары орын алды ма?
  • Комиссия мүшелері тиісті білім алды ма? Оларды кім оқытты? Комиссия мүшелері соңғы рет қашан тиісті білім алды?
  • Комиссиялардың өз міндеттерін орындай алуы үшін жеткілікті ресурстары бар ма?

Процестің ашықтығы, оған деген сенім

  • Комиссия отырыстары жұртқа, БАҚ өкілдеріне ашық па? Бақылаушылардың (партиялық, тәуелсіз бақылаушылардың) қатысуына рұқсат етіле ме?
  • Комиссия тұрақты тағайындалатын отырыстар өткізе ме? Мүшелер алдағы отырыстар туралы хабарламаны қалай алады?
  • Комиссия шешімдерді қалай қабылдайды? Төрағаның шешімімен бе? Мүшелердің жалпы дауыс беру әдісімен бе? Кворумның болуы талап етіле ме?
  • Отырыстардың хаттамалары, шешімдер жүргізіле ме? Олар қолжетімді ме? Талап ету бойынша ұсыныла ма?
  • Сайлаушылардан, саяси партиялардан, үміткерлерден комиссия жұмысына шағымдар түсті ме? Түскен болса, бұл шағымдар бойынша қандай шаралар қабылданды?

Сайлаушылар тізімдері, сайлау бюллетеньдерін алу

  • Сайлаушылар тізімдері тиісті сайлау комиссияларына уақытылы жеткізілді ме? Олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді ме?
  • Сайлау бюллетеньдері тиісті сайлау комиссияларына уақытылы жеткізілді ме? Олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді ме?
  • Сайлаушылар қай жерде дауыс беру керектігі туралы хабарлама алды ма?
Тіркелген сайлаушылардың санын алдыңғы сайлау көрсеткіштерімен салыстырыңыз. Егер айтарлықтай ауытқу байқалса, мұндай өзгеріске себеп болуы мүмкін мән-жайлар туралы ақпарат сұратыңыз.

2-қосымша

Саяси партиялармен, үміткерлермен жұмыс істеуге арналған үлгі сауалнама

Ұйымдастыру мәселелері

  • Партия (үміткер) дауыс беру күні бақылау жүргізу үшін өз бақылаушыларын жіберуге ниетті ме?
  • Партия (үміткер) оларды оқыта ма?
  • Партия (үміткер) өз идеяларын сайлаушыларға жеткізу үшін сайлауалды үгіт-насихат жүргізудің қандай әдістерін қолданады? Негізгі басымдық неге беріледі? (БАҚ, бұқаралық іс-шаралар, парақшалар, сайлаушыларды «үйбе-үй» аралау, әлеуметтік желілер)
  • Партия (үміткер) өзінің БАҚ-қа қолжетімділігіне қанағаттана ма? Эфирдегі тегін уақыт көлеміне ше? Ақылы саяси жарнамаға бөлінетін уақыт көлеміне ше? Мемлекеттік БАҚ-тағы жағдайға ше? Жекеменшік БАҚ-тағы жағдайға ше? Партия (үміткер) БАҚ-та ақпарат таратудың теңгерімдік деңгейіне қанағаттана ма?

Сайлауалды кезеңде туындауы мүмкін проблемалар

  • Партия мүшелері (үміткердің өкілдері) өз қызметіне, сайлауалды жұмысына қатысты зорлық-зомбылық, қорқыту, кедергі келтіру көріністеріне тап болды ма?
  • Белсенділерді, партия мүшелерін (үміткердің өкілдерін) қамауға алу, бостандығын шектеу жағдайлары орын алды ма?
  • Партия (үміткер) көпшілік іс-шараларын өткізу кезінде қиындықтарға тап болды ма? Жергілікті билік органдарынан рұқсат алу кезінде ше? Жиналыс, митинг өткізуге арналған қандай да бір өтінім кері қайтарылды ма? Қайтарылған болса, қандай негізде?
  • Билік, құқық қорғау органдары сайлау процесіне араласуға тырысты ма?

Сайлау науқанына байланысты күтулер, алаңдаушылық тудыруы мүмкін мәселелер

  • Партия (үміткер) үгіт-насихат науқаны барысындағы проблемаларға, бұзушылықтарға алаңдай ма? Қандай проблемалар туындауы мүмкін? Партия (үміткер) оларды қалай шешуге ниетті?
  • Партия (үміткер) дауыс беру күніндегі проблемаларға, бұзушылықтарға алаңдай ма? Қандай проблемалар туындауы мүмкін? Партия (үміткер) оларды қалай шешуге ниетті?

3-қосымша

ҮЕҰ-мен (құқық қорғаушылармен, бақылаушылармен) жұмыс істеуге арналған үлгі сауалнама

Жалпы сұрақтар

  • ҮЕҰ қызметінің негізгі салалары қандай?
  • ҮЕҰ пікірінше оның сайлаудағы рөлі, сайлауға қатысы қандай? Ол бұған дейін сайлау процесін бақылады ма? Бақылаған болса қандай да бір тұжырымдар жасады ма, бақылау туралы есеп ұсынды ма?
  • ҮЕҰ жалпы жергілікті билік органдарының серіктестікке дайындығын, тиімділігін, жалпы қабілетін қалай бағалайды?
  • Ұйым билік тарапынан араласудың, қудалаудың қандай да бір нысандарына тап бола ма?
  • Ұйым сайлауға бақылаушылар жіберуге ниетті болса аккредиттеуден өту, бақылаушыларды жинау кезінде қандай да бір қиындықтарға тап болды ма?

Дауыс беру күні алаңдаушылық тудыруы мүмкін мәселелер

  • Осы сайлау науқанының негізгі проблемалары қандай?
  • Науқан барысында үміткерлерге тең жағдай берілді ме? Алдыңғы сайлаумен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылықтар бар ма?
  • ҮЕҰ дауыс беру күніндегі белгілі бір проблемаларға, заңбұзушылықтарға алаңдай ма?
  • ҮЕҰ белгілі бір аудан, округ, нақты сайлау учаскесі ерекше назар аударуды талап етеді деп санай ма? Санайтын болса, қай жерде? Неліктен?
  • ҮЕҰ сайлау күні бақылау жүргізе ме? Жүргізетін болса қай жерде?
  • ҮЕҰ қанша бақылаушы орналастыруды жоспарлап отыр?
  • ҮЕҰ бақылаудың қандай әдістемесін қолданады?
  • Бақылаушылар тиісті білім алды ма?
  • ҮЕҰ өз тұжырымдары туралы есеп жасай ма? Бұл есеп қашан жарияланады?
  • ҮЕҰ бақылауды жүзеге асыру барысында қандай да бір кедергілер, шектеулер туындауы мүмкін деп болжай ма?

4-қосымша

Ұзақ мерзімді бақылаушылардың жұмысына дайындық бойынша міндеттердің үлгісі

I. Бақылауды жоспарлау, бөлу

  • Ұйым басшылығымен, ұзақ мерзімді бақылаушылардың координаторымен, логистикаға жауапты тұлғалармен бірлесе отырып ұзақ мерзімді бақылаушылар тобын бөлу жоспарын әзірлеуге қатысу;
  • Әрбір ұзақ мерзімді бақылаушылар командасына арналған бақылау аймақтарын айқындау;
  • Бақылау аймақтарының карталарын дайындау;
  • Сайлау комиссияларының тізімдерін, сайлау учаскелерінің мекенжайларын алу;
  • Басым учаскелерді айқындау (тиісті негіздер болған кезде);
  • Арнайы учаскелерде (әскери бөлімдерде, жазаны орындау мекемелерінде, медициналық мекемелерде, тағы басқаларда) бақылауды ұйымдастыру;
  • Аумақтық, округтік сайлау комиссиялары деңгейінде қорытынды шығаруды бақылау үшін ұзақ мерзімді бақылаушылар командаларын тағайындау.

II. Кадр, логистика

  • Мамандардың қажетті санын іріктеу, жұмылдыру, команда мүшелерінің жауапкершілік аймақтарын белгілеу;
  • Мамандармен кездесу, оларға білім беру;
  • Қажет болған кезде тұратын жермен қамтамасыз ету (бақылаушыларды шалғай өңірлерге жіберген жағдайда);
  • Байланыс құралдарының (телефонның, интернеттің, балама байланыс арналарының) бар-жоғын тексеру.

III. Брифинг дайындау, өткізу

  • Брифинг өтетін орынды айқындау, реттеу;
  • Заңнамаға шолу жасалатын презентацияны дайындау;
  • Бақылаушыларға арналған ақпараттық топтаманы қалыптастыру, оның ішіне мыналарды енгізу:
есеп беру нұсқаулықтарын
бақылау аймақтарының карталарын, сызбаларын
штабтың, шұғыл қызметтердің байланыс деректерін
басым учаскелер туралы ақпаратты
сайлау учаскелерінің, комиссиялардың тізімдерін
  • Жұмыс кестесін, жауапкершілік аймақтарын, оның ішінде дауыс беру күніне арналған кестені (есеп беру, байланыс орнату, деректерді беру уақытын) әзірлеу.

IV. Дауыс беру күнін үйлестіру

  • Топтардың қозғалыс жоспарын (бағдарларын, жиналу нүктелерін, шығу уақытын) дайындау;
  • Бақылаушылар үшін байланыс, есеп беру кестесін белгілеу;
  • Деректерді берудің техникалық мүмкіндігін (интернет, телефон, т.б.) қамтамасыз ету;
  • Бақылаушылар командаларымен тұрақты байланысты ұстап тұру; Келіп түсетін ақпаратты жинау, оған бастапқы талдау жасау;
  • Бақылаушыларға бақылаудан кейінгі сауалнама жүргізуді ұйымдастыру;
  • Штабқа арналған қысқаша жиынтық есепті дайындау.

V. Дауыс беру күнінен кейінгі іс-әрекеттер

  • Қорытынды сауалнама жүргізу, бақылаушылардан нысандарды, есептерді жинау;
  • Жалпы тұжырымдарды, есепті дайындау;
  • Деректерді, материалдарды орталық штабқа беру;
  • Баспасөз мәслихатын өткізу, есеп жазу логистикасын ұйымдастыру.
5-қосымша
Апталық есептің үлгісі
Файлды жүктеп алу
6-қосымша
Кезектен тыс жазылатын есеп үлгісі
Файлды жүктеп алу

II бөлімге арналған әдістеме құралдары

7-қосымша

Медиамен (БАҚ-пен, блогерлермен, пікір көшбасшыларымен, тағы басқалармен) жұмыс істеуге арналған үлгі сауалнама

Сайлау жайлы ақпарат таратудың жалпы мәселелері

  • Бұл БАҚ сайлау туралы қандай үлгідегі хабарламалар таратады? Олар неше сайлауалды дебат не бағдарламаны трансляциялайды?
  • Бұл БАҚ үміткерлерге тегін орын, уақыт ұсына ма?
  • Бұл БАҚ ақылы сайлауалды жарнама тарата ма?
  • Тарататын болса барлық партия, үміткер үшін шарттар бірдей ме? Ақылы сайлауалды жарнаманың бағасы дәл сондай көлемдегі коммерциялық жарнаманың бағасынан өзгеше ме? Қазіргі уақытта үміткерлер, партиялар эфир уақытын немесе жарнама трафигін сатып алды ма? Үміткерлерге эфир уақытын немесе жарнама трафигін беруден бас тарту жағдайлары орын алды ма?
  • БАҚ сайлаушылардың құқықтық мәдениетін арттыруға (ақпараттандыруға) арналған қандай да бір ақпарат жариялады ма?
  • Бұл БАҚ сайлау процесіне байланысты мүгедектігі бар адамдардың, басқа да осал топтардың проблемаларын қозғай ма?
  • Бұл БАҚ-тың сайлауды жария етуіне байланысты үстінен ресми шағым түсіру жағдайлары болды ма? Болса кімнің тарапынан түсті, нәтижесі қандай болды?

БАҚ-тың сайлау науқаны туралы пікірлері

  • Өтіп жатқан сайлау науқанының негізгі проблемалары қандай?
  • Науқан барысында үміткерлерге тең жағдай қамтамасыз етіле ме? Алдыңғы сайлаумен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылықтар бар ма?
  • Бұл БАҚ сайлауды жария ету кезінде қандай да бір проблемаларға (мәселен, зорлық-зомбылық қолдану, қорқыту, қысым, цензура, ішкі цензура, қудалау, салық тексерістері, сот арқылы қудалау, күтпеген техникалық проблемалар, бұғаттау, жұмыстың баяулауы, қарсылық көрсетудің өзге де түрлеріне) тап бола ма?
  • БАҚ қызметін реттейтін органдар сайлауды жария етуге байланысты бұл БАҚ-қа қандай да бір санкциялар салды ма?
  • Бұл БАҚ сайлау процесіне қатысты қоғамдық пікірге қалай ықпал етеді? Оның аудиториясы, азаматтармен кері байланысы қалай өзгеруде?

Әлеуметтік медиа мониторингі

  • Қай партияға (үміткерге) қатысты қандай нарративтер барынша кең тарап жатыр?
  • Қай партияға (үміткерге) қарсы жағымды контент тарату үшін қандай арналар қолданылады?
  • Қай партияға (үміткерге) қарсы жағымсыз контент тарату үшін қандай арналар қолданылады?
  • Қамту көрсеткіштері, реакциялар саны, тағы басқалар.

III бөлімге арналған әдістеме құралдары

8-қосымша

Үміткер дерекнамасының үлгісі
Бірмандатты округтер бойынша сайланатын үміткерлердің науқандарына ұзақ мерзімді бақылауды жүзеге асыру үшін әрбір үміткерге оның науқанына байланысты оқиғалар хронологиялық тәртіппен сипатталатын дерекнама жасау ұсынылады. Бұл дерекнама науқанның теңдігі, әділдігі сияқты индикаторларды, атап айтқанда мемлекеттік қаржыландыруға тең қол жеткізуді, БАҚ-қа қол жеткізуді, үгіт-насихат науқаны барысында бұқаралық іс-шараларды өткізуге рұқсат алуды, үміткердің шағымдарын, апелляцияларын қарау нәтижелерін, өзге де факторларды талдауға көмектеседі. Дерекнама ішкі құжат саналады, тек талдамалық құрал ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Тәжірибеде Excel форматындағы файл қолданылады, онда сайлау округі бойынша әрбір үміткерге жеке парақ, күні, оқиға, оның нәтижелері, арнайы ақпарат (мәселен, шағым нөмірі, учаске нөмірі, тағы басқалар) көрсетілген толық кесте ашылады. Excel талдау жүргізу үшін деректерді цифрландыруға, нәтижелерді әрбір үміткер, тиісті округ бойынша барлық үміткер бөлінісінде диаграммалар, өзге де инфографикалар түрінде ұсынуға мүмкіндік береді. Бірмандатты үміткерлердің дерекнамалары бар Excel файлдарының саны ұзақ мерзімді тәуелсіз бақылау жүргізілетін аумақтағы сайлау округтерінің санына сәйкес келуге тиіс. Үміткерлер дерекнамасы файлының үлгісі қоса беріледі.

IV бөлімге арналған әдістеме құралдары

9-қосымша
Өтініштің /қолдаухаттың үлгісі
Файлды жүктеп алу
10-қосымша
Сот процесіне бақылаушы ретінде қатысуға өтініш жіберуге арналған «Мемлекеттік органдарға өтініштер беру» мемлекеттік сервисімен жұмыс істеудің жоспар-сызбасы
Файлды жүктеп алу

11-қосымша

Әкімшілік істер бойынша сот шешімін шығару қағидаттары
Сот процесі барысында бақылаушы ретінде толыққанды қатысып, одан әрі талдау жүргізу үшін ұзақ мерзімді бақылаушы әкімшілік істер бойынша сот шешімінің қандай болатыны, қандай қағидаттарға негізделетінін білуі керек.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты әкімшілік істер бойынша сот актілерін шығаруды реттейтін ӘРПК нормаларын дұрыс, біркелкі қолдану мақсатында түсініктеме ұсынды.

Осылайша ұзақ мерзімді бақылаушы ЖС НҚ-мен танысуға тиіс

1. Шешім Қазақстан Республикасының атынан қатаң түрде заңға, нақты іс бойынша сот анықтаған фактілерге сәйкес шығарылады.

2. Шешім мәтінінде: оқиғаларды, мән-жайларды шектен тыс егжей-тегжейлі баяндауға; дауға қатысы жоқ құқық нормаларын дәйексөз ретінде келтіруге; ресми құжаттарда қолданылмайтын сөздерді, қабылданбаған қысқартуларды пайдалануға; сот ескертпеген түзетулер енгізуге жол берілмейді. Шешім мәтінінде аббревиатураны оны алғаш рет атаған кезде толық жазған жағдайда пайдалануға болады.

3. Сот шешімі заңды, негізді болуға тиіс.

3.1. Шешім процестік құқық нормаларын сақтай отырып, осы құқықтық қатынасқа қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкес шығарылған, қажет болған жағдайларда ұқсас қатынасты реттеуші заңды қолдануға негізделген, заңнаманың жалпы бастауларынан, мағынасынан, адалдық, парасаттылық, әділеттілік талаптарынан туындаған кезде заңды деп саналады.

3.2. Осы іс үшін маңызы бар, сот зерттеген, қатыстығы, рұқсат етілуі, шынайылығы туралы заң талаптарын қанағаттандыратын дәлелдемелермен расталған, дәлелдеуді қажет етпейтін жалпыға мәлім мән-жайлар саналатын, дауды шешу үшін жиынтығында жеткілікті фактілер көрініс тапқан шешім негізді деп есептеледі.

4. Шешімде тараптар ұсынған дәлелдерді біржақты баяндауға жол берілмейді. Сот қандай негіздер бойынша тараптардың дәлелдерін қабылдамағанын, тараптар сілтеме жасаған материалдық құқық нормаларын қолданбағанын көрсетуге міндетті.

5. Шешім іс мән-жайлары туралы болжамдарға негізделе алмайды.

6. Сот шешімде мемлекеттік құпияларды, заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын құжаттарды қоспағанда өзі жазбаша, ауызша талқылауда зерттеген дәлелдемелерге ғана сілтеме жасауға құқылы.

7. Сот дауды шешу кезінде әкімшілік актінің, әкімшілік әрекеттің (әрекетсіздіктің) барабарлығын, әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік қалауды жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерден шықпағанын, оның осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келетінін тексеруге міндетті.
12-қосымша
Сот отырысы бойынша жедел есеп (чек-парақ) нысаны
Скачать файл

13-қосымша

Ұзақ мерзімді бақылау туралы жария есептің үлгісі
Есептің мазмұны, құрылымы бақылау мақсаттарына, талдау үшін таңдалған сайлау процесінің кезеңдеріне сәйкес қалыптастырылады.

Кіріспе
  • Ұзақ мерзімді бақылау миссиясының мақсаттары, міндеттері
  • Бақылау аймақтары, мерзімдері
  • Әдіснама (мобильді топтар, БАҚ мониторингі, кейстерді талдау)
  • Бақылаудың шектеулері, ерекшеліктері

Құқықтық шолу
  • Нормативтік базаны жалпы бағалау
  • Халықаралық стандарттарға сәйкестік
  • Заңнамадағы негізгі өзгерістер (тиісті жағдайда)

Медиамониторинг
  • БАҚ-та сайлау процесін жария ету
  • Пікірлер теңгерімі, алаңдарға қол жеткізу
  • Жасырын, тең емес үгіт-насихат белгілері
  • Әлеуметтік желілердің, онлайн-платформалардың рөлі

Сайлау процесін бақылау
  • Комиссияларды қалыптастыру
  • Процесс қатысушыларын тіркеу
  • Сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастыру
  • Бақылаушылар, БАҚ Ашықтықты, рәсімдерді жалпы бағалау

Учаскелік сайлау комиссияларының іс-әрекеттеріне
  • Шағымдар беру тәжірибесі
  • Комиссиялардың, соттардың ден қоюы
  • Құқықтарды қорғау механизмдерінің тиімділігі
  • Негізгі кейстер

Тақырыптар
1. Референдум, сайлау туралы заңнама
  • Нормаларды іс жүзінде қолдану
  • Проблемалар
2. Үгіт-насихат
  • Өткізу шарттары
  • Мүмкіндіктер теңдігі
  • Бұзушылықтар (әкімшілік ресурс, жасырын үгіт-насихат, тағы басқалар)
3. Сот процестері
  • Сайлау дауларын қарау
  • Соттардың тәжірибесі, негізгі шешімдер
  • Сот арқылы қорғаудың тиімділігі
4. Саяси партиялардың, үміткерлердің қызметіне мониторинг жүргізу
  • Саяси партиялардың белсенділігі
  • Жекелеген үміткерлердің қызметі
  • Сайлануға ниет білдірген тұлғалардың жария мәлімдемелері
  • Теңдік, заңдылық қағидаттарын сақтау

Бақылаушылардың құқықтарын бұзу
  • Учаскелерге кіру
  • Өкілеттіктерді шектеу
  • Қысым көрсету, қызметке кедергі келтіру
  • Құжатталған жағдайлар

Тұжырымдар
  • Сайлау процесін жалпы бағалау
  • Негізгі жүйелі проблемалар
  • Негізгі тенденциялар

Ұсыныстар
  • Мемлекеттік органдарға
  • Сайлау комиссияларына
  • Сот жүйесіне
  • Азаматтық қоғамға
18 +
Сайт отражает информацию о правозащитной деятельности, начатой ОФ «Еркіндік Қанаты» в 2015 году, направленной на образование в области прав человека. Использование материалов сайта ErkindikQanaty.kz — только со ссылкой на ресурс.
HR Hub - зал для проведения тренингов доступен с 10:00 до 20:00
Выходной – воскресенье.
erkindikkanaty@gmail.com
г. Астана, ул. Кенесары 8, офис 1417, 14 этаж.

+7 7172 76 81 24
Мнение выступающих и формулировка тем мероприятий, проходящих в HR Hub, могут не отражать официальную позицию Фонда
Подпишитесь
на наши новости
Дизайн и разработка сайта – ARTERIA