«Еркіндік Қанаты» қоғамдық қорының 2025 жылғы жұмыс есебі

Есептегі суреттер мен иллюстрациялар «Еркіндік Қанаты» қоғамдық қорының идеясы негізінде, жасанды интеллектінің көмегімен жасалды.

2025 жылы «Еркіндік Қанаты» қоры өзінің негізгі бағыттары мен миссиясы бойынша жұмысын жалғастырды.


Бұл жыл ұйымның даму тарихындағы маңызды кезеңге айналды. Қордың осы уақытқа дейін үш рет өзгерген миссиясы он жылдан кейін қайта қаралып, жаңартылды.


Соның нәтижесінде, 2025 жылы қордың алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағытын айқындайтын жаңа миссиясы бекітілді.


Қордың миссиясы — адам құқықтары саласын дамыту, құрметтеу, қорғау арқылы ашық азаматтық қоғам құруға үлес қосу.


Осы миссия аясында қор Қазақстандағы адам құқығы мен бостандығын қорғау, азаматтық бастамаларды қолдау және азаматтық қоғамның рөлін нығайту жолындағы еңбегін одан әрі жалғастырды.

2025 жылы «Еркіндік Қанаты» қоғамдық қорына
10 жыл толды!

Бұл – біздің ұжым мен осы жылдар бойы жанымыздан табылған барша жан үшін айтулы күн. Он жыл ішінде қор адам құқықтары саласында ондаған жобаны жүзеге асырды. Оның ішінде білім беру бағдарламалары, зерттеулер, мониторингтер, қоғамдық және адвокациялық науқандар бар.

💡 Жүзеге асырылған 48 жоба
👥 25 000-нан астам қатысушы
📢 Үні нығая түскен мыңдаған дауыс

Мұның бәрі сіздердің – серіктестеріміз бен бақылаушылардың, еріктілер мен сарапшылардың, түрлі жобаға қатысушылардың, адам құқығы, еркіндік пен әділдік құндылықтарын қолдайтын әрбір жанның арқасында жүзеге асты.

Біз осы жүріп өткен жолымызды мақтан тұтамыз және болашаққа сеніммен қараймыз.

Алда бізді жаңа бастамалар, мықты серіктестік пен оң өзгерістерге жол ашатын мол мүмкіндіктер күтіп тұр.
Дербес деректер
Бейбіт жиынға қатысты зерттеулер
Адам құқықтары бойынша білім беру
Human Rights HUB

Негізгі жетістіктер

Human Rights Hub

2024–2025 жылдары Human Rights Hub өзінің басты миссияларының бірін жалғастырып, азаматтық қоғам ұйымдары, бастамалар, журналистер, зерттеушілер мен белсенділерге арналған алаң ретінде жұмыс істеді.


Хабтың басты қағидаты – алаңның тегін болуы. Бұл әсіресе ғимаратты ақылы жалдауға қаражаты жоқ бастамашыл топтар мен ұйымдар үшін өте маңызды.

Жыл бойы Хаб тұрақты серіктестерімен байланысын үзбей, жаңа ұйымдармен де ынтымақтастық орнатты. Осының нәтижесінде Хаб алаңында азаматтық қоғам өкілдерінің өзара байланысын нығайтып, қауымдастықтарды дамытуға үлес қосқан түрлі іс-шара өтті. Көптеген ұйым Хабты апта сайынғы кездесулер, тренингтер мен пікірталастар өткізетін тұрақты орынға айналдырып, өз мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейте түсті.

Жоба іске қосылған уақыттан бері Хабтағы іс-шараларға 6000-нан астам адам қатысты. Бұл қоғамның адам құқығы мәселелеріне деген тұрақты қызығушылығын және мұндай бастамаларға сұраныстың өте жоғары екенін анық көрсетеді.

Жобаның төрт жылында да қатысушылар көрсеткіші тұрақты жоғары деңгейде сақталды: алғашқы жылы 1500 адам болса, 2023–2024 жылдары бұл сан 2000-нан асты, ал 2024–2025 жылдары 1671 қатысушыны құрады.
Жобадағы маңызды бағыттардың бірі – адам құқықтарына арналған «Platform 14/05» курсы. Жыл сайын жүздеген өтініш жинаған бұл курс жас құқық қорғаушылар қауымының қалыптасуына үлкен үлес қосты.

2024–2025 жылдары курсқа 69 өтініш түсті. Оның ішінде 30 адамды курсқа іріктеп алдық. Ал 22 қатысушы курсты сәтті тәмамдап, адам құқығын қорғау саласында нақты практикалық дағдыларды меңгеріп шықты.
«On the basis of Rights» бастамасы аясында ұйымдастырылған құқық қорғаушылардың тұрақты кездесулері кәсіби қауымдастықтың дамуына зор үлес қосты.

Төрт жыл ішінде 570-тен астам адамды қамтыған 37 кездесу өтсе, оның 10-ы 2024–2025 жылдары ұйымдастырылып, 189 қатысушының басын қосты. Іс-шаралардың ашық форматта өтуі аудиторияны айтарлықтай кеңейтіп, құқық қорғау саласындағы мәселелерге жаңа адамдарды тартуға мүмкіндік берді.
«Quqygyna Qarai» бастамасы арқылы қазақтілді бағытты дамытудың маңызы ерекше болды. Осы бастама аясында жоба барысында 500-ден астам адам бас қосқан 36 кездесу өтті. Ал 2024–2025 жылдары 133 адам жиналған 10 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл адам құқықтарын қазақ тілінде талқылауға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді әрі құқық қорғау мәселелерін талқылау аясының кеңейіп, инклюзивті бола түсуіне ықпал етеді.

Креативті және интерактивті форматтар да Хаб жұмысының маңызды бөлігіне айналды.

Төрт жыл ішінде «MovieTun» аясында 400-ден астам адам қатысқан 28 кино көрсетілімі өтіп, соңында талқы ұйымдастырылды. Ал «Game of Rights» ойын кештері 200-ден астам қатысушыны біріктіріп, жастарды тартуға және адам құқықтары тақырыбын еркін, бейресми ортада талқылауға септігін тигізді.

Сонымен қатар Хаб ондаған өзге ұйымдар мен бастамаларға өз алаңын тегін ұсынып, жобаның ауқымын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді.

2024–2025 жылдары Хаб негізінде серіктестер ұйымдастырған іс-шараларға 1000-нан астам адам қатысты. Олардың қатарында QazEquality, MISK, Y-PEER, SOS Taldykol, Feminita, KMPA, Құқықтық медиа-орталық, Sange зерттеу орталығы, LB Keshter, Paperlab, Gradient халықаралық зерттеу орталығы, Angels of Freedom, Қазақстан Республикасындағы Нидерланд Корольдігінің Елшілігі және Myqty Women бар.
Төрт жыл ішінде Human Rights Hub мыңдаған қатысушының, сарапшылар мен түрлі бастаманы біріктіре отырып, азаматтық қоғамды дамытатын тұрақты алаңға айналды.

Сайлауды бақылау

«Еркіндік Қанаты» қоғамдық қоры 2016 жылдан бері ұлттық сайлаулар мен референдумдарды бақылау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Өзінің 10 жылдық қызметінде біздің ұжым еліміздегі бірде-бір жалпыұлттық сайлауды немесе референдумды қалыс қалдырған емес. Тәуелсіз бақылау миссияларын ұйымдастырумен қатар, қор азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысу құқығын іске асыру мақсатында сайлау процесін бақылай отырып, мынадай жүйелі жұмыстарды атқарады:
2025 жылы қор жұмысындағы басты бағыттардың бірі – Қазақстандағы сайлау процестерін ұзақмерзімді бақылаудың кешенді әдіснамасын дайындау. Бұл жоба NED ұйымының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды.

Мұндай әдіснама біздің қоғамға бұрыннан керек. Тәжірибемізге сенсек, сайлауды бақылау мәселесінде біздің азаматтық қоғам көбіне «ілесуші» рөлінде қалып қояды: әсіресе кезектен тыс сайлау науқандары кезінде, бақылаушылар процеске тек сайлау туралы ресми жарлық шыққаннан кейін ғана белсенді түрде араласа бастайды.

Мұндай тәсіл сайлауалды кезеңді толыққанды талдауға, саяси және құқықтық ахуалды бағалауға айтарлықтай кедергі келтіреді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, үміткерлер мен медианың жұмысын, азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруына әсер ететін өзге де факторларды бақылау мүмкіндігін шектейді.

Осы орайда, ұзақмерзімді бақылау әдіснамасын әзірлеу сайлау мониторингіне неғұрлым жүйелі әрі алдын ала қамданатын тәсілді қалыптастыруға бағытталған. Бұл әдіснама азаматтық қоғамға бақылауды сайлау науқаны ресми басталған сәтте емес, одан әлдеқайда ерте – саяси жағдайдың қалыптасуы, шешімдер қабылдау, заңнамаға өзгерістер енгізу, қатысушыларды тіркеу және қоғамды ақпараттық тұрғыда дайындау кезеңінде-ақ бастауға мүмкіндік береді.
Аталмыш құралды әзірлеу – тәуелсіз бақылауды күшейту, сайлау процестерін талдау сапасын арттыру және азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысу құқығын қорғауда азаматтық қоғамның үлесін арттыру жолындағы маңызды қадам.
«Еркіндік Қанаты» қоғамдық қоры сайлауды ұзақмерзімді бақылауға арнап әзірленген әдіснама – сайлау процестерінде өз бақылау миссиясын ұйымдастырып, жүргізуге ниетті азаматтық қоғам өкілдері үшін таптырмас тәжірибелік құралға айналады деп сенеді.
Азаматтық қоғам өкілдері сайлауды бақылауға белсенді түрде ертерек араласса екен дейміз. Әдіснамада да басты назарды дауыс беру күніне ғана емес, бүкіл сайлау процесіне қою керек екені айтылады.

Ұзақмерзімді бақылау сайлау науқанының барлық кезеңін қамтиды: партия тізімдері мен жекелеген үміткерлерді ұсыну және тіркеу, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары, медиа қызметі, сайлауға қатысты сот процестері және заңнамаға талдау жасау.

Сайлауға тек дауыс беру күні қалай өткеніне қарап қана баға беру жеткіліксіз. Ең бастысы – бүкіл процесс қаншалықты ашық, әділ болғанына, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен еліміз ерікті түрде қабылдаған халықаралық міндеттемелеріне қаншалықты сай келгеніне мән беру маңызды.

«Guardians of Personal Data»

2025 жылы Қазақстанда алғаш рет үкіметтік емес сектордағы дербес деректер қауіпсіздігіне арналған зерттеу жүргізілді. Бұл жұмыстың басты мақсаты – ҮЕҰ-лардың қазіргі тәжірибесін сараптау, осы бағыттағы жүйелі қиындықтарды анықтау және жағдайды жақсартуға көмектесетін нақты ұсыныстар әзірлеу.

Зерттеу барысында 111 үкіметтік емес ұйымнан сауалнама алынды. Оған қоса, дербес деректермен жұмыс істеу кезінде кездесетін кедергілерді тереңірек түсініп, егжей-тегжейлі талдау үшін арнайы фокус-топтар ұйымдастырылды.
Зерттеу барысында үкіметтік емес ұйымдардың дербес деректерді қорғауда неліктен осал екенінің негізгі себептері анықталды. Оған қызметкерлер біліктігінің төмендігі, ақпаратты қорғауға қажетті техникалық және қаржылық ресурстардың тапшылығы, заң талаптарының тым күрделі болуы жатады. Зерттеуде ерекше назар аударылған тағы бір мәселе – мүмкіндіктері мен ресурстарының әртүрлі екеніне қарамастан, ҮЕҰ-лар коммерциялық сектормен бірдей әкімшілік жауапкершілік (айыппұл) арқалайды.

Нәтижесі: Қор мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ секторына арналған нақты ұсыныстар топтамасын әзірледі. Зерттеу қорытындылары мемлекеттік орган өкілдеріне, үкіметтік емес ұйымдарға, дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдеріне арнайы таныстырылды.

Бұл жұмыс Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен іске асқан «Қазақстан үшін азаматтық қоғам» жобасы аясында орындалды. Жобаны Соғыс және бейбітшілікті жариялау институты (IWPR) мен «Ұлттық және халықаралық даму бастамалары институты» (ИНМИР) қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асырды.

Сот істері

2025 жылы біздің қор конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қорғауға қатысты бірқатар істі өздігінен қолға алды немесе оларға заң тұрғысынан қолдау көрсетті.

Бейбіт жиындар

Бейбіт жиындар өткізу құқығын қорғау бағытында қор 3 іс қозғады. Бұл істер Шымкент, Павлодар және Петропавл қалаларындағы бейбіт жиын өткізуге арналған арнайы орындардың бос болуы немесе бос болмауы туралы ақпаратты алу мәселесіне қатысты болды.

EQ Астана, Ақтөбе, Павлодар және Петропавл қалаларында бейбіт жиындар өткізуге заңсыз рұқсат бермей қоюға қатысты 7 іс бойынша заңгерлік қолдау көрсетті.

Астана қаласындағы істердің бірінде сот әкімдіктің әрекетін заңсыз деп танып, шешім шығарды. Бұл шешім заңды күшіне енді. Осы сот шешіміне сүйене отырып, бейбіт жиын өткізуге заңсыз тыйым салынғаны және соның кесірінен азаматтың жиындар еркіндігіне деген конституциялық құқығы (жеке мүліктік емес құқығы) бұзылғаны үшін, азаматтық тәртіппен моральдық шығын өндіріп алуға талап арыз берілді.

«Шетелдік агенттер тізілімі» 

2025 жылы Қазақстан азаматын «шетелдік агенттер тізілімі» деп аталатын тізімнен шығаруға қатысты істі сотта сүйемелдеу жұмысы одан әрі жалғасты. Осы іс аясында апелляциялық және кассациялық сатыларда сот отырыстары өтті.

Сайлауды бақылау арқылы мемлекет істерін басқаруға қатысу құқығы 

2025 жылы қор бақылаушылардың құқығын қорғау және сайлауды тәуелсіз бақылау арқылы азаматтардың мемлекетті басқару ісіне араласу құқығын жүзеге асыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына 2 рет өтініш түсірді.

Түйін


2025 жылы соттарда және конституциялық деңгейде құқық қорғау жұмысы:


ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бойынша:

  • бірінші сатыда — 10 іс;
  • апелляциялық сатыда — 2 іс;
  • кассациялық сатыда — 1 іс.

ҚР Азаматтық процестік кодексі бойынша:

  • бірінші сатыда — 1 іс.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына:

  • 2 өтініш жіберілді.
18 +
Сайт «Еркіндік Қанаты» ҚҚ-ның 2015 жылы басталған, адам құқықтары саласындағы білім беруге бағытталған құқық қорғау қызметі туралы ақпарат береді. ErkindikQanaty.kz сайтының материалдарын дереккөзге сілтеме қою арқылы ғана қолдануға болады.
Тренингтер өткізуге арналған HR Hub залы күнделікті 10:00-ден 19:00-ге дейін қолжетімді. Жексенбі – демалыс күні.
Астана қ. (Нұр-Сұлтан), Кеңесары к. 8, 17 кеңсе, 14 қабат.
+7 7172 76 00 00
Сөз сөйлеушілер пікірі мен HR Hub-та өтіп жатқан іс-шаралар тақырыптарының тұжырымдамасы Қордың негізгі позициясын көрсетпеуі мүмкін
Құпиялылық саясаты
Біздің жаңалықтарға жазылыңыз
Website design and development by ARTERIA