Жеке деректер бойынша бастамалар
Цифрлық құқықтар жөніндегі коалиция
2024 жылы Қор жеке деректерді қорғау бағытында жүйелі жұмысын жалғастырды.
Білім беру және ағарту қызметінен бөлек, біздің ұжым ұйымдарға деректерді қорғау стандарттарын жақсы түсінуге және қолдануға көмектесетін «Қазақстан ҮЕҰ арналған дербес деректерді қорғау теориясы мен практикасы» жинағын дамыта түсті.
Қор Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексін әзірлеу аясында заң шығарушылық қызметпен айналысатын Цифрлық құқықтар жөніндегі коалицияның мүшесіне айналды.
Сонымен қатар, Қордың заңгері дербес деректерді қорғау саласындағы мемлекеттің қосарлы стандарттар мәселесін көрсеткен маңызды қоғамдық істер бойынша стратегиялық сот процестерінде заң кеңесшісі ретінде қатысты.
Алғашқы стратегиялық сот ісі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында «Жариялануға жататын шетел мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алатын адамдардың тізілімінің» жариялануына байланысты болды.
Қоғамда және медиада бұл құжат «Шетелдік агенттер тізілімі» деп аталып кетті.
Тізілімде заңды және жеке тұлғалар туралы мәліметтер бар.
Құжатта жеке тұлғалардың аты-жөні мен ЖСН-і жазылған, ал бұлар — қолжетімділігі шектеулі жеке деректер екенін айтып өткен жөн.
Тізілімнің жариялануы — қолжетімділігі шектеулі жеке деректерді үшінші тұлғаларға шектеусіз тарату десек қателеспейміз.
Екінші стратегиялық сот ісі 2024 жылдың 6 қазанында өткен республикалық референдум күні бақылаушылардың жеке деректерін заңсыз жинау, сақтау және өңдеумен байланысты.
Сайлау заңнамасына сәйкес, бақылаушыны тіркеу кезінде сайлау комиссияларының өкілдері бақылаушының тек тегі, аты, әкесінің аты және жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірін ғана сұрауы тиіс.
Іс жүзінде бірқатар жағдайларда сайлау учаскелерінің өкілдері бақылаушылардан жеке куәліктің көшірмесін талап еткен, ал ондай көшірмеде ЖСН сияқты өзге де жеке деректер бар.
Бұл Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамаға қайшы.
Осы есеп дайындалған күнге дейін жоғарыда аталған істердің ешқайсы әлі аяқталған жоқ, дегенмен Азаматтық кодекстің нормалары мен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларын қолдану бөлігінде бірнеше ондаған сот отырысы өткізілді.