Азшылық топ өкілдерінің құқықтары қалай жүзеге асуда?
18 бап
Әр адамның ой-пікір, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар; бұл құқық өз дінін немесе наным-сенімін өзгерту еркіндігін, өз дінін, наным-сенімін жеке өзі, немесе басқа адамдармен бірігіп тұтып, жария түрде, немесе жеке жолмен уағыздау, құдайға құлшылық ету, діни салт-жораларын орындау бостандығын да қамтиды.
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы
Құжаттың қабылданғанына 70 жылдан астам уақыт өтсе де құқықтардың бұзылуы – жиі кездесетін құбылыс. Сол себепті біз Қазақстандағы дін бостандығының сақталуы мен діни азшылық топ өкілдерінің кездестіретін стигмалары жайлы сөз қозғайық деп шештік.
Зейнеп* – осыдан жеті жыл бұрын протестант дінін қабылдаған қазақстандық. Ол қарапайым мұсылман отбасында өсіп, көп сұраққа жауап таппаған соң басқа дінді қабылдаған.
· Кейіпкер аты оның қауіпсіздігі үшін өзгертілген
Біздің қоғамда ата-анаң мұсылман болса, сен де сондайсың деп есептейді. Жасөспірім кезімде анам бір ұрыс барысында «мұсылман боп тусаң, солай өлесің» деген еді. Мен үшін бір адамның дінімді анықтауы ерсі боп көрінген. Себебі дін – өзің анықтап, таңдайтын жол емес пе? Бірнеше жыл бұрын құрбым крест сыйлаған еді. Өзі жыраққа көшкен соң көзім әрі естелігім болсын деп бергені ғой. Үйге келсем, анам шаң сүртіп жатып соны тауып алыпты. Маған қарап «сен не кәпірсің бе?» деп бетімнен бір соқты. Ата-анам ешқашан белсенді мұсылман болған емес. Ал кішкентайымнан көп сұраққа жауап ретінде тек «бізде осылай болуы керек» деген сөздер ғана еститінмін. Сол үшін бүкіл сұрақтарыма жауап берген дінді қабылдауым қалыпты жағдай сияқты.
Зейнептің ата-анасы сияқты діндар адамдар саны Қазақстанда аз емес. 2019 жылы Дін комитеті өткізген зерттеу нәтижесі бойынша, елдегі белгілі бір мейрамдар мен формал ережелерді ұстанатын діни сенімі бар адамдар саны - 82,8%. Бұл адамдар барлық діни шектеулерді ұстана бермейді, бірақ өздерін белгілі бір конфессиялық топқа жатқызады.
Кейіпкердің айтуынша, протестанттизмге келуге әсер еткен жақын құрбысы мен миссионер қызметін атқарған оқытушысы.
«Жасөспірім кезімде көптеген сұраққа жауап іздеп жүрдім. Сол шақта ағылшыннан сабақ беретін ұстазымның миссионер екенін білдім. Ол маған құдаймен байланыста болу үшін дәрет алу не белгілі бір жерге бару қажет емес екенін, шоқынбай-ақ өзімізге жақын – жайылған алақанмен бет сипауға болатынын айтты. Ең қызығы, дұға ету үшін түсініксіз, сакралды боп есептелетін өзге тілді жаттамай, өз сөзіммен ниет етуге боларын айтты. Осы кезде мен исламда таппаған сауалдарыма жауап тапқандай болдым» - дейді Зейнеп.
Кейіпкеріміздің айтуынша, көбінесе протестант деноминациялардың өкілдері ең жиі кезіктіретін стигма – олар сектант деген пікір. Дегенмен, бұл пікірді жөн деп атау қиын. Марк Ноланның «Протестантизм: өте қысқа анықтама» кітабында берілген ақпарат осы жайтты айқындай түседі. Онда «Тарих перспективасымен қарасақ, протестантизм — бұл Мартин Лютер Кинг пен Джон Келвиннің XVI ғасырда жасаған Реформациясының салдарларынан туған барлық діни қозғалыстардың атын қамтитын термин» делінген. Адамдарды осындай ойға протестант деноминацияларының сан алуандығы мен оларды ажырата алмауы итермелеуі мүмкін. Ондай ұйымдардың саны көп, тіпті Қазақстанда да аз емес. Елімізде тіркелген діни ұйымдардың саны 3808. Ал олардың үлесін төмендегі диаграммадан көре аласыздар.
Бірақ деноминация деген не?
Деноминация – христиан дініндегі өзіне ғана тән түрлі бағыттар. Олардың тізіміне англикандарды, пресвитериандар, конгрегационалистер, анабаптистер, баптистер, менноиттер, квакерлер, методистер, елуіншілер, адвентистер, мормондар, Ехоба куәгерлері жатады.
Протестант ұйымдардың бір жерлерде көптеп шоғырлануы мен белгілі бір қалаларда көбеюі де олардың қызметіндегі ерекшеліктерді көрсетеді: қалалар стереотипке бейім емес, әрі ірі қалаларда жұмыс істеу оңайырақ.
Дегенмен қазіргі Қазақстанда дін еркіндігінің де орын алу біршама қиын. Мысалы, 2019 жылдың 29 шілдесінде «Новая жизнь» атты елдегі ең бірінші протестант бірлестігінің үш мүшесі сот шешімімен бостандық еркінен айырылған. Ал Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының «2020 жылы әлем елдеріндегі діни сенім бостандығы» есебінде билік бес пастор мен екі шіркеу қызметкерін ұстап, сотқа бергені, түрмеге жауып, пандемияға байланысты шектеулерді бұзғаны үшін айыппұл салғаны жайлы айтылған.
Діни сенім еркіндігі адамдардың тек қана қандай да бір дінді таңдай алу құқығымен шектелмейді. Сонымен қоса ол дінді насихаттай алуы, оларға сай әрекет етуі мен діни көзқарасы ортақ адамдармен біріге алу құқығы туралы. Зейнеп бұл құқығын толық қолдана алмайды: оған қатысты стигма, діни ұйымының қызметіне кедергі келтіру мен оларды заңмен қудалау сияқты мәселелер бар. Ең қызығы, елімізде ондай азшылық топ өкілдері біршама.
Бұл жоба АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен "MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы" аясында дайындалды. Автор ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.