Адам құқықтарын қорғаудың аймақтық жүйелері

Сабақ 3.4.
Адам құқықтарын қорғаудың аймақтық жүйелері дегеніміз не?
Аймақтық деңгейдегі құқық қорғау тетіктері адам құқықтарын қорғау мен көтермелеуге елеулі үлес қосады. Адам құқықтарын қорғаудың аймақтық жүйелері аймақтық құжаттардан (мысалы, шарттар, конвенциялар, декларациялар) және комиссиялар, арнайы баяндамашылар және соттар сияқты оларды жүзеге асыру тетіктерінен тұрады. Аймақтық құқық қорғау тетіктері мен құралдары адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес келуі тиіс.

Адам құқықтарын қорғаудың аймақтық жүйелері осы аймақтың белгілі бір әлеуметтік, тарихи, саяси және географиялық контекстіне сүйене отырып, адам құқықтары жөніндегі халықаралық стандарттарды нығайтады және алға тартады.

Бүгінгі таңда адам құқықтарының бес аймақтық механизмі бар, олар бір-бірінен олардың қаншалықты қалыптасқандығымен, адам құқықтары жөніндегі халықаралық стандарттарға қаншалықты сәйкес келетіндігімен және қаншалықты тиімді екендігімен ерекшеленеді. Ең жақсы құрылған жүйелер ретінде Африка, америкааралық және еуропалық жүйелер ерекшеленеді. Сонымен бірге, біз араб әлемі мен Оңтүстік-Шығыс Азияда жаңа тетіктердің дамып келе жатқанын көре аламыз, бірақ олар жоғарыда айтылғандарға қарағанда құзіреті шектеулі болып келеді.

Аймақтық құқық қорғау тетіктері адам құқықтарының алға жылжуына келесідей ықпал етуі мүмкін:

•Үкіметтерге олардың адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауына жәрдемдесу;
•Тергеу жүргізу бойынша өкілеттіктер берілген адам құқықтары жөніндегі соттардың немесе комиссиялардың көмегімен олар аймақтық соттардың шешімдерінің орындалуын қадағалауға үлесін қосуы мүмкін. Кейбір аймақтық жүйелерде Жоғарғы комиссарлар мен арнайы өкілдер де бар;
•Әр түрлі науқандар мен адам құқықтары туралы білім беру арқылы адамдардың өз құқықтары туралы хабардарлығын арттыру;
•Адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды әзірлеуге үлес қосу. Олардың кейбіреулері адам құқықтарының нақты мәселелері бойынша арнайы шарттар әзірлеп, қабылдады. Бұл өз кезегінде адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықтың одан әрі дамуына әсер етеді;
•Ұлттық шеңберден тыс адам құқықтары саласындағы аймақтық мәселелерді шешуде ұлттық үкіметтерге көмек көрсету. Мысалы, олар көші-қон, трансұлттық қылмыс немесе экологиялық апаттармен байланысты адам құқықтары саласындағы мәселелерді шешу үшін аймақтық форумдар құра алады.
Адам құқықтарының аймақтық жүйелері адам құқықтарын алға жылжытуға және қорғауға қалай ықпал етеді?
Африка одағы (АО) – Африкада басқа субөңірлік ұйымдар болғанына қарамастан, жалғыз жалпыафрикалық үкіметаралық ұйым. Қаралатын мәселелер тізімі кең аймақтық үкіметаралық ұйым ретінде AО Африка адам құқықтары мен халықтарының хартиясына және адам құқықтары саласындағы басқа да халықаралық және африкалық құжаттарға сәйкес адам құқықтары мен халықтарын алға жылжыту және қорғау үшін жұмыс істейді.

Африка аймақтық адам құқықтарын қорғау жүйесі негізінен 1981 жылы қабылданған және 1986 жылы күшіне енген Адам құқықтары мен халықтары туралы Африка хартиясына негізделген. Хартияның қабылдануы адам құқықтары саласындағы маңызды тарихи қадамды белгіледі. Құжат АҚЖД-на енгізілген идеялардан шабыт алды, бірақ сонымен бірге ұжымдық құқықтарға көбірек назар аудара отырып, адам құқықтары туралы түсініктерді кеңейтті.

Сонымен қатар, Хартия адам құқықтарын алға жылжыту мен қорғаудың негізі болуы керек екі элементті атап көрсетеді: білім беру мен адам құқықтары туралы хабардарлықты арттыру және тәуелсіз сот жүйесі.

Африка
Хартияда көрсетілген ережелерді орындау үшін Африка адам құқықтары және халықтар комиссиясы құрылды. Комиссия жеке тәртіпте қызмет атқаратын он бір мүшеден тұрады.

Комиссия қос функцияны орындайды: біріншіден, ол адам мен халықтардың құқықтарын насихаттайды; екіншіден, осы құқықтарды қорғайды.

Жүйенің қазіргі сын-қатері – қағаздағы жүйенің өзі барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келетініне қарамастан, іс жүзінде комиссия жұмысының жеткілікті үйлесімділігі және Африка Хартиясына қатысушы елдердің адам құқықтарын ілгерілету мен қорғаудағы саяси еркі жеткіліксіз деңгейде.

Африка
Америка мемлекеттерінің ұйымы (АМҰ) құрамына Америка құрлығының 35 мемлекеті кіретін өңірлік ұйым болып табылады. Ол адам құқықтарын насихаттау және қорғау саласында елеулі мандатқа ие, және ол өз қызметін жүзеге асыратын тиімді құрылған органдар мен механизмдерге негізделген.

Америкалық жүйе 1969 жылғы Америкалық адам құқықтары туралы конвенцияға және 1988 және 1990 жылдардағы хаттамаларға негізделген.

Конвенция 1960 жылдан бастап «Америка мемлекеттері ұйымының автономды органы» ретінде жұмыс істеген адам құқықтары жөніндегі америкааралық комиссияның нығаюына ықпал етті. Ол америкааралық адам құқықтары сотымен бірге Конвенцияға қатысушы мемлекеттер қабылдаған міндеттемелерді орындауға қатысты мәселелерге қатысты құзыретке ие шарттық органға айналды.
Америка континентінің елдері
Конвенцияны іске асыру тетігі екі органнан тұрады. Олардың өкілеттіктерін келесідей сипаттауға болады:

•Адам құқықтары жөніндегі америкааралық комиссия адам құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдарды қабылдауға құқылы:
-кез келген тұлғадан немесе тұлғалар тобынан немесе кез келген заңды түрде танылған үкіметтік емес субъектіден. Бұл құзыреттілік міндетті болып табылады;
-егер мұндай құзырет танылған болса, бір қатысушы мемлекеттен басқа қатысушы мемлекетке қатысты шағымдарды қарастыра алады.
• Адам құқықтары жөніндегі америкааралық сот оған қатысушы мемлекеттер мен Комиссия ұсынған істерді қарауға құқылы. Бұл істерді алдымен комиссия қарауы тиіс.

Кейбіреулер америкалық аймақтық жүйені оның іс жүзінде тиімсіздігіне сілтеп, сынға алады. АМҰ-на идеологиялық және экономикалық жағынан бір-бірінен өте ерекшеленетін әртүрлі елдер кіретіндіктен, олардың арасындағы саяси келіспеушіліктер көбінесе аймақтағы адам құқықтарын алға жылжыту мен қорғауға кедергі болып, адам құқықтары тақырыбынан бұра тартуы мүмкін.
Америка континентінің елдері
Еуропа Кеңесінің тетіктері Еуропа аймағында адам құқықтарын көтермелеу мен қорғаудың негізгі жүйесін құрайды.
Еуропа Кеңесі (ЕК) – 1949 жылы Еуропадағы адам құқықтарын, демократия мен құқық үстемдігін қорғау және еуропалық мәдениетті ілгерілету мақсатында құрылған еуропалық үкіметаралық ұйым.
Еуропа Кеңесі адам құқықтарын ілгерілету және қорғау үшін құралдардың кең спектріне және берік негізге ие. Олардың қатарына әлемдегі адам құқықтары саласындағы ең танымал және ең беделді өңірлік шарттардың бірі болып табылатын Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы еуропалық конвенция (АҚЕК) кіреді. АҚЕК-ны ратификациялау Еуропа Кеңесіне кіру үшін міндетті шарт болып табылады.

Еуропа
ЕК-не қатысушы елдердің Конвенцияны сақтауын қамтамасыз ететін механизм – адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот. АҚЕС тұрақты орган болып табылады және 47 судьядан тұрады (әрбір қатысушы елден бір-бірден). Сотқа арызды жеке тұлғалар да, қатысушы елдер де бере алады.

Сот Еуропалық конвенцияның ережелерін түсіндіру және еуропалық құқықтық жүйеде іс жүргізу құқығын дамыту арқылы адам құқықтарын қорғауға айтарлықтай үлес қосты. Сот шағымдарды қабылдауға қатысты шешімдер, уақытша шаралар, консультациялық қорытындылар және қаулылар шығару арқылы әрекет ете алады.

Егер сот қандай да бір қатысушы мемлекет Конвенцияны бұзды деп шешім шығарса, тиісті мемлекет оның шешімін орындауға, оның ішінде сот өтініш берушілерге берген өтемақы сомасын төлеуге міндетті. Сот шешімдерінің орындалуын қадағалауға Министрлер комитеті жауап береді.

АҚЕС адам құқықтарының ең дамыған тетіктерінің бірі болғанына қарамастан, сотқа көптеген жеке шағымдарды келіп түсуі оның тиімділігіне айтарлықтай әсер етеді. АҚЕС-та кейбір мәселелерді қарауға уақыты болмай, шағымдар бірнеше жылдар бойы қарауда қалуы мүмкін. Дегенмен, Еуропа Кеңесі АҚЕС жұмысын жақсарту және оның процестерін оңтайландыру үшін бар күшін салуда.
Европа
Африка, америкааралық және еуропалық жүйелерден басқа әлемде жаңа аймақтық жүйелер пайда болып, дамып келеді.

Мысалы, Араб мемлекеттерінің лигасы – Таяу Шығыс пен Солтүстік және Шығыс Африканың бір бөлігін қамтитын аймақтық үкіметаралық ұйым. Араб мемлекеттері лигасының Жарғысында (АМЛ құрылтай шарты) адам құқықтары туралы айтылмаған. Алайда, 2008 жылы Адам құқықтары жөніндегі Араб хартиясы оны ратификациялаған барлық мүше мемлекеттерде күшіне енді. Тиісінше, Адам құқықтары жөніндегі Араб комитеті атты сарапшылар комитеті құрылды.

Адам құқықтары саласындағы сарапшылар Адам құқықтары жөніндегі Араб хартиясы 2008 жылы күшіне енгеніне қарамастан, осы құжаттағы көптеген ережелер әлі күнге дейін адам құқықтары жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін атап өтті. Олардың пікірінше, Хартия адам құқықтары бойынша маңызды аймақтық құжатқа айналуы үшін құжатты қайта қарап, қажет болған жағдайда оған қосымша хаттамалармен толықтыру қажет. Дегенмен, осы сынға қарамастан, мұндай құжаттың болуы және Адам құқықтары жөніндегі Араб комитетінің негізі аймақтағы адам құқықтарын ілгерілетудегі оң қадам ретінде бағалануы керек.
Араб елдері
Қазіргі уақытта адам құқықтарын насихаттауға және қорғауға мандаты бар азиялық үкіметаралық ұйымдар болмаса да, Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің қауымдастығы (АСЕАН) атты субөңірлік геосаяси және экономикалық ұйым адам құқықтарының негізін, соның ішінде декларация мен комиссияны құрды.

2009 жылы АСЕАН-ға мүше мемлекеттер Адам құқықтары жөніндегі үкіметаралық комиссия құрды. Бұл Азиядағы жалғыз аймақтық құқық қорғау механизмі. Ол жылына екі рет тұрақты жиналыс өткізеді және АСЕАН аймағында адам құқықтарын көтермелеу және қорғау үшін жалпы жауапкершілік алады. Консультативтік орган ретінде ол адам құқықтарын дамыту және қорғау стратегияларын әзірлейді, ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар мен әлеуетті арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргізеді, адам құқықтарына қатысты АСЕАН құжаттарының толық жүзеге асырылуына жәрдемдеседі және мүше мемлекеттерді адам құқықтары жөніндегі халықаралық құжаттарға қосылу және оларды ратификациялау туралы мәселені қарауға шақырады.

Кейбір ескертулерге сәйкес, Үкіметаралық комиссия шағымдарды қабылдау мен қарауға өкілеттігі жоқ консультативтік орган болып табылатындықтан, өңірде адам құқықтарын қорғау жөніндегі сенімді және тиімді тетік жоқ.
Оңтүстік-шығыс Азия
Қазіргі уақытта Қазақстан адам құқықтарын қорғау жөніндегі бірде-бір өңірлік жүйеге мүшелік етпейді.

Өздерің білетіндей, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) қатысушы ел болып табылады.

ЕҚЫҰ қауіпсіздікке, соның ішінде қару-жарақты бақылауға, демократияландыруға және терроризмге қарсы күреске қатысты мәселелермен айналысады. ЕҚЫҰ қағидаттарына сәйкес, адам құқықтарын сақтау және демократиялық институттарды ілгерілету өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты элементтерінің бірі болып табылады. Сондықтан ЕҚЫҰ адам құқықтарын насихаттауға және қорғауға үлкен көңіл бөледі.

Қатысушы елдердегі адам құқықтары үшін жауап беретін ЕҚЫҰ-ның негізгі органы Варшавада орналасқан Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ) болып табылады.

ДИАҚБ қатысушы елдерге өз міндеттерін орындауға жәрдем көрсететін консультативтік орган болып табылады, алайда ДИАҚБ мандатына шағымдарды қарау және адам құқықтарының болжамды бұзылуына қатысты шешімдер шығару кірмейді.
Қазақстан ше?
Адам құқықтары саласындағы кейбір сарапшылар Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияны ратификациялағанын және Еуропа Кеңесінің мүшесі бола алатынын қолдайды. Бұл Қазақстан азаматтары заңды міндетті күші бар және шешімдерінің орындалуын Министрлер комитеті қадағалайтын АҚЕС-қа өз шағымдарын жібере алады дегенді білдіреді.

Сендер қалай ойлайсыңдар, біз Еуропа Кеңесіне қосылуымыз керек пе? Оған қандай дәлелдерді келтіре аласыңдар? Мүмкін сендер Еуропалық Кеңестің басқа баламалары ұсына аласыңдар? Бізбен өз ойларыңды бөлісіңдер.
Қазақстан ше?
Қолданылған әдебиет тізімі:
• Directorate-General for External Policies, European Parliament, The Role of Regional Human Rights Mechanisms, 2010.

• OHCHR, The Major Regional Human Rights Instruments and the Mechanisms for their Implementation.

• OHCHR, Europe Regional Office, Making a Difference: Introduction to Human Rights, 2018.